• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Бір атаның балалары доп тебеді». Жанұялық жарыстың «желкесін үзген» Сауранбаевтар!

    «Спорт» газеттерінің осы ғасырдың алғашқы жылдарынан бері өткізіп келе жатқан «БІР АТАНЫҢ БАЛАЛАРЫ ФУТБОЛ ОЙНАЙДЫ» атты шағын футболдан жанұялық командалар арасындағы жарысы бар болатын. Өзім ойлап тапқан, қақысы өзімде ғана болған осы жарыс 20 жылға таяу уақытта жанұялық командалардың қуанышы болды десем артық емес.

    Бір атаның ұрпақтары бір командаға біріккен кезде туыстық сезім, бауырласу күшейіп, отбасының бірлігі арта түсетініне дау жоқ. Әрі бұл жарыс футбол секілді миллиондар өнеріне балаларды бағыттаудың керемет үлгісі. Мысалы, Қазақстан құрама командасында ойнаған Жамбыл Көкеевтің 11-12 жасында осы турнирге қатысып, жігіт болып, үлкен футболдың шебері болғанша да, одан кейін де осы жарыстан қол үзбегендігін мақтанышпен айта аламын. Көкеевтер жанұялық командасын қалай мақтаса да артық емес. Олар осы жарыстың 6 дүркін чемпиондары! Және жыл сайын олар жаңа бір сәбилерін осы жарысқа қатыстырады. Бүгінде Жігер, Жамбыл, Мейіржан Көкеевтер турнирдің үздіктері атанып үлгерді. Өкініштісі, бүгінге дейін бұл бастаманың тұрақты демеушісі жоқ, жыл сайын әркімге жалынып-жалпайып өткізіп жүрміз. Әттең билік басындағы біреудің құрығанда құдасы болсам ғой, жан-жағымда көмек беріп, демеушілік жасап, жүгіретіндер болар еді-ау деп армандаймын бүгін…

    Ақыры сол жоқтықтың зардабынан жарысты құртып тындық. Биыл жарыс Алматыда өткен. Кәсіби төрешілер бір жарым күнгі жарысты өткізіп беруге әкесінің құнын сұрайды, сондықтан да жас, тәжрибелері аздау төрешілер шақырғанбыз жарысқа. Алматылық Сауранбаевтар командасы шығысқазақстандық Жақсылықовтармен ойын кезінде ойын тәртібін бұзады. Екі команда ұстасып қалады. Төреші тым шектен шыққан Сауранбаевқа сары қағаз көрсетсе, ол алаң үстінде төрешіні жағасынан ала кетеді. Төреші қызыл қағаз көрсетсе, сарт еткізіп ауыздан қойып жібереді. Ерні жарылып, аузы қанаған төрешіге өзге Сауранбаевтар да тап-тап береді. Команданы тәртіпке шақырған жарыс секретарын артынан келіп ұрып, еденге құлатып, шекесін жарады да жатқан жерінде теуіп, бетіне жара салады. Сөйтіп жарысқа көмекке келген студент төрешілер үйлеріне жарақат алып, қан жалап қайтты.

    Бұл айқай-шуды естіп келесі залда өтіп жатқан ойынды тастап жүгіріп келген мені Сауранбаевтардың ешқайсысы құйрығына да қыстырған жоқ. Істеген тәртіпсіздігі үшін кешірім сұрап, жас төрешілерге мейірім көрсетпек түгілі, менің немереммен жасты келіншектері: «Өзің кінәлісің, неге тәжірибелі төреші алмайсың!» деп маған шақ-шақ еткенде, мен бұл жанұядан күдер үздім! Жігіттерінің біреуі әйелдеріне «Қой, ұят болады!» демеді-ау демеді. Мен содан-ақ бұл тұқымдағы тәртіп пен тәрбиеден түңілдім. Сонда бұл жанұя жарысқа футбол ойнау үшін емес, төбелес, қан іздеп келген бе?.. Төреші балалар жараларын жазуға жарысты тастап кетті. Мен ұзақ ойланып, жарысты осы кезеңнен үздім де, ертеңіне қалған қаржыны жеңілмеген командаларға тең бөліп беріп, сонау 2001 жылдан бері өтіп жүрген жарыстың үш жыл бойы өткізілмейтінін хабарладым. Басқа амал жоқ еді. Сауранбаевтар отбасы секілді жанұялық команданың үлгісімен футбол алаңында не ойыншы, не төреші өліп кетуінен қорықтым. Сол қақтығыстың үстіне осы турнирдің бірінші күнінен бері қатысып келе жатқан Жауғашовтар командасы келіп қалып, тәртіп орнатпағанда, ол алаңда не болатыны белгісіз еді. Құдай сақтады қайта!

    Өзге командалар менің шешімімді үлкен өкінішпен қабылдады. Бірақ басқа жол көрмедім. Обалы Сауранбаевтарға! Әсіресе, аға-әкелеріне еріп келген 12-15 жасар жас Сауранбаевтар не ойлады екен? Әкелеріміз, ағаларымыз бізден 3-4-ақ жас үлкен балаларды қан қылып ұрғаны ерлік деп ойлады ма?! Мүмкін бұл тұқымда жаға жырту, жұдырық жұмсау атадан қалған мұра шығар?! Беті аулақ, енді бұл жарыс жалғасатын болса, Сауранбаевтарды жарыстың маңынан да жүргізбеу керек. Осындай бұқаралық жарыстың тамырына балта шапқан Сауранбаевтардың үлгісі қоғамымызда көбейіп кетпесе екен деп тілеп жүрмін бүгінде Алладан!

    Н.ЖҮНІСБАЙҰЛЫ,
    Жоба авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
    Астана қаласы

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *