Атырауда жылдың үздіктері анықталды

Бүгін Атырау қаласында облыстық парадзюдо федерациясының ұйымдастыруымен «Жыл үздіктерін» марапаттау салтанаты өтті. Федерация президенті Асылбек Өмірзақов жетекшілік ететін облыстың парадзюдошылары үшін өткен жыл өте табысты болды. Атап айтар болсақ, еліміз бойынша тұңғыш рет Атырау қаласында халықаралық «Гран при Казахстан-2017» турнирі өтіп, оған АҚШ, Корея, Гүржістан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Қазақстан елдерінен палуандар қатысты.

Осы сында атыраулық Əнуар Сариев жеңімпаз атанса, күміс медальге  Теміржан Дәулет пен Ғалымжан Махмедов ие болды. Айтпақшы, мамыр айында өткен Азия чемпионатында Теміржан Дəулет қола жүлдені еншілесе, Германиядағы халықаралық турнирден Əнуар жеңіспен оралды. Қазан айында Ташкентте өткен Əлем кубогы үшін жарыста Әнуар Сариев қола жүлдегер атанды. Осыдан кейін Түркияда өткен халықаралық турнирде Әнуар мен Ғалымжан жеңімпаз атанса, Теміржан күміс медальді иеленіп, ел мерейін асырды. Желтоқсан айында Қытайда өткен əлемдік семинарда аталған спортшылардың жаттықтырушысы Жандос Қиянов «халықаралық дəрежедегі төреші» атанды. Бұл — Жандос ендігі жерде əлемдік сындар мен Олимпиада ойындарында төрешілік етеді деген сөз.

7 желтоқсан күні Алматыда Қазақ Спорт және Туризм академиясы мен «Спорт жұлдыздары» республикалық журналы бірлесіп өткізген «Жыл үздіктері-2017» жеңімпаздарын марапаттау салтанатында Атырау облыстық парадзюдо федерациясы «Жылдың үздік паралимпиада федерациясы» атанса, Жандос Қиянов пен Əнуар Сариев «Жылдың үздік паралимпиада жаттықтырушысы» жəне «Жылдың үздік паралимпиада спортшысы» атанып, арнайы марапатқа ие болды. Жетістік мұнымен бітпейді. Атыраулық парадзюдошылар елішілік жарыстарда, Қазақстан чемпионаты мен Спартакиадада бірнеше жүлдеге ие болды. Осындай мықты спортшыларды дайындаған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының шешімімен Жандос Қиянов облыс бойынша «Жылдың үздік жаттықтырушысы» атанды. Тағы бір жағымды жаңалық Жандос Қиянов парадзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. Мұның бəрі айтуға оңай, үлкен еңбек пен табандылықты қажет ететін іс. Тағдырдың қатал сынына мойымай, дені сау спортшылардан кем нəтиже көрсетпей, көк туымызды көкке көтеріп жүрген өмірге құштар жандарды жаттықтырып, оларды жарысқа дайындап жүрген Жандос Қиянов бастаған атыраулық бапкерлер мен олардың барлық жағдайын жасап, сауапты іс атқарып жүрген федерация президенті Асылбек Өмірзақовтың еңбегі ұшан-теңіз. Біз құрылғанына екі ғана жыл болған федерацияның алдағы уақытта бұдан да биік жетістіктерге жететініне сенімдіміз. Биыл Атырауда Азия чемпионаты жəне «Гран при Қазақстан» турнирі екінші рет өткелі отыр.

Бүгінгі басқосуда өткен жылдың табыстары қорытындыланып, үздік спортшылар мен бапкерлер, осы салада жүрген бір топ азамат федерация тарапынан арнайы марапатқа ие болды. Ақтөбе қаласынан арнайы келген «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиев пен орынбасары Еркін Бақтияровтар облыс спортының басшысы Азамат Бекетке «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» жəне толағай табыстарға жетіп жүрген Жандос Қияновқа «Тəуелсіздікке қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыс етті. Шынымен де еліміздің Тəуелсіздігіне өлшеусіз үлес қосып жүрген осы Жандостай бапкерлер, Асылбектей спорт жанашырлары екендігі даусыз. Марапаттарыңыз құтты болсын ардақты азаматтар! Жеңісті күндеріңіз көп болсын!

Алтын ҒАБИТҚЫЗЫ,

АТЫРАУ

Пікір жазу

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*