• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Спорт салғырттықты көтермейді

    Алматы облысында командалық спорттан елімізде ғана емес құрлықта қара үзіп жүретін «Жетісу» әйелдер волейболы командасы мен биылға дейін премьер-лигада ойнаған «Жетісу» футбол клубы артта қалған спорттық маусымды өте нашар аяқтады. Соңғы жылдары тұрақты түрде чемпион атанып жүрген волейболшы қыздарымыздың өздеріне деген сенімі тым жоғары болды ма, әлде жауапкершілікті жоғалтты ма, Ұлттық лигадағы чемпионат қорытындысында үшінші орынға әрең тұрақтады. Кейінгі кездері премьер-лиганың көшінің соңында, қауіпті аймақта ілініп-салынып келген футболшыларымыз ақыры одан шығып қалды. Осылайша, қаржыдан кенделік көрмеген, барлық жағдайы толығымен жасалып, қолдау мен қамқорлықтың құшағында болған қос команда «Жетісу» деген атауға көлеңке түсіріп, жанкүйерлерін жерге қаратты.

    Шыдамның да, қолдаудың да шегі бар. Күні кеше қос клубтың басшылары мен қосшыларын арнайы шақырып, кездесу өткізген облыс басшысы Амандық Баталов жаңа спорттық маусым басталар алдында бұрынғыдай емен-жарқын әңгіме­леспеді, бата бермеді. Жаттықты­рушыларды да, басшыларды да сілкілеп, көрсетілген сенімнен шықпай отыр­ғандарын жайып салып, жауапкершілікті күшейту қажеттігін қатаң ескертті.
    Бірінші кезекте қыздар волейболының жаттықтырушылар штабы мен әкімші­лігінің қызметін сын садағына алды. Осыдан екі жыл бұрын команда басшысы Вячеслав Шапран клубпен қоштасып, еліміздің ұлттық құрамасының тізгінін ұстағаннан бергі кезеңде «Жетісу» командасының жігерлі ойынының жібі босап, қимылдарынан қауқар кеткен. Жаттығулардың жүйелілігі бұзылып, команда жетекшілері клубтағы жігерлі жас ойыншыларды жасы келіп қалған волейболшылармен ауыстырған. Соның кесірінен алаңдағы барлық шептегі ойын күрт әлсіреп, оның салдары чемпионат қорытындысында көрініс тапты. Осыған орай облыс әкімі нақты шешім қабылдап, Қазақстан Республикасы Волейбол федерациясы басшылығымен екі тарапқа да тиімді келісімге келіпті. Биылдан бастап, Шапран ұлттық құрамамен бірге, «Жетісу» клубының да бас жаттықты­рушысы міндетін атқаратын болды. Тал­дықорғандық команда ұлттық құраманың базалық клубы мәртебесін иеленгендіктен Шапранға екі бірдей лауазымды қоса алып жүру қиындыққа түспесі анық. Аман­дық Ғаббасұлы осылардың барлы­ғын ескерте келе, клубтың жаңа бас жат­тықтырушысының алдына бір ғана нақты міндет – келесі кезеңде талды­қорған­дықтардың чемпиондық атақты қайтарып алуын қамтамасыз етуді жүктеді.
    Өзінің тарихында бір рет қана пре­мьер-лигада күміс жүлдегер атанған, қалған кездері қалың топтың бірде ортасында, енді бірде соңында салпақтап жүрген «Жетісу» футбол командасы өткен спорттық маусымды мүлде сәтсіз аяқтап, премьер-лигамен қоштасып тынды. Сүреңсіз ойын, сылбыр қимылға басқа себептермен бірге, клубтың басынан соңғы жылдары айықпай қойған қар­жылық дау-дамайдың да кері әсер еткені анық. Команданың бұрынғы басшылары қаржылық қитұрқыларымен Талдықорған қаласы мен «Жетісу» клубының аманатын УЕФА-ға дейін шығарды. Салықтардың дер кезінде төленбегені, шетелдік жат­тықтырушылар мен ойыншылардың жалақы қарызына қатысты жүздеген миллион теңге айыппұл төлеуге, халық­аралық құқық пен қазақстандық заңна­маға қайшы келетін шешімдер қабылдаған басшылардың жауапсыздығының ке­сірінен сот процестеріне қатысуға тура келгенін жайып салған Баталов клубтың жаңа басшылығы мен жаттықтырулар штабына бірінші кезекте команданы бірінші лигадан премьер-лигаға қайтару қажет­тігін ескертті. Бірінші лигада да осал ко­манда жоқтығын ескерсек, «Жеті­су­дың» ел футболының серкелері сапына оралуы оңайға соқпасы анық. Ол үшін турнир кестесінде кем дегенде алғашқы бестіктен көріну керек. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бірінші кезекте клубтың қаржылық жағдайын тәртіпке келтіріп, футбол маңын айналшықтап оңай табыс тауып жүргендерден арылып, нағыз ма­мандарды ғана қалдырған жөн. Соны­мен бірге, селекциялық жұмысты сапалы жүргізіп, алдыға қойылған міндетті орындай ала­тын команда жасақтауға баса назар аудары­лады. Ең бастысы, жақсы ойын көрсетіп, жанкүйерлердің стадионға оралуына ықпал ету.
    Қос клубты жоғалтқан биіктерін қайта бағындыруға қатысты біраз қайрап, ретті жерінде қатты-қатты сынап алған облыс басшысы облыстық дене тәрбиесі және спорт басқармасы басшылығының жұмысына да көңілі толмайтынын жасырған жоқ. Басқаны айтпағанда, өз өңірімізде өткен қысқы Универсиадада бірде-бір жүлде алмауымыздың ұят екенін айта келе, алып жатқан аумағы мен хал­қының саны жөнінде кейбір еуропа­лық елдермен теңесетін облыстың соған сай спорттық жетістігі жоқтығына қынжылыс білдірді. Сондықтан жастар мен балалар спор­тына қолдауды күшейте отырып, бұған дейін біраз жетістікке жеткен спорт­шыларымыздың тоқмейілсуіне тоқтау салып, жауапкершілікті барына күшейтетін кездің келгенін қатаң ескертті.
    Болат АБАҒАН

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *