• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Алматыда қазақ күресі клубы ашылды

    Алматыда жастар мен жасөспірімдерге арналған қазақ күресі клубы ашылды.

    Қамқорлық пен қолдау болған жерде сол істің берекесі болары хақ. Қазіргі кезде Алматы қаласында қазақ күресіне деген көзқарас ерекше. Соңғы жылдары қала бойынша ұлттық күресімізге арналған спорт клубтары біртіндеп көбейіп  келеді. Соның барлығы қазақ күресіне көсқарастың жақсара түскенінің айғағы.

    Бүгінгі таңда төл спортымыздың даму қарқынын көре отырып, көңілді қуаныш кернейді. Төл күресіміздің төбелі жетістіктерге жете түсуіне әр өңірде ашылып жатқан спорт мектептерімен қоса спорт үйірмелерінің қосып келе жатқан үлесі зор.

    Жуырда «Алматы арена» спорт сарайының жанында орын тепкен Олимпиадалық қалашықта қазақ күресінен жастар мен жасөспірімдерге  арналған спорт клубының тұсауы кесілді. Бұл спорт клубын ашуға мұрындық болған ұлттық спорттың жанашыры Шалқар Алдабергенов: «Мен қазақ балаларының өзіміздің ұлттық спортымызды ұмытпай айналысып, шымыр да шынығып жүргенін қалаймын. Ертең осы жасөспірімдеріміз ел іргесін қорғайтын батыр да батыл, денсаулығы мықты азамат болып өсуіне осы спорт үйрімесінен берері көп », — деді.

    Расымен де спорт  – десаулықтың кепілі десек, ата-бабаларымыз салып кеткен сара жолдан таймай, ел қорғайтын батыр ұрпақты тәрбилеп, шыңдау осындай ат тоқымындай кішігірм спорт залдардан басталады.

    Сонымен спорт клубтың ашылу салтанатына Қазақ күресі федерациясының тұңғыш президенті, профессор, Қазақ Спорт және туризм академиясының Ұлттық спорт түрлері кафедрасының меңгерушсі Ерғали Мұхитдинов, Алатау ауданы ардагерлер кеңсінің  төрағасы Құдайберген Қабдолдин, «Нұр Отан»   партиясы  Алатау аудандық филиалының қызметкерлері мен ауданның зиялы қауым өкілдері қатысты. Рәсімде  олар спорт клубтардың қазақ күресінің дамуына зор үлесін қосатынын айта келіп, жас балуандарға ақ тілектерін  білдіреді.

    Енді ғана тұсау кесілген жас клубтың табалдырығын аттаған жасөспірім балуандар қазақ күресінің айла-әдістерін білгендерінше көрсетіп,  қошеметке ие болды. Көршілес жатқан Қытай елінде тұратын қандастарымыз қазақ күресін мектеп бағдарламасына кіргізген екен. Біз де қазақ күресін пән ретінде мектеп бағдарламасына енігізіп жатсақ ол бір ұлттық құндылығымызды жаңғырту болатыны сөзсіз. Үміт алда. Ол күннің де ауылы алыс емес шығар деген ойдамыз. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілесің» –демекші, бекзат өнерімізбен белсене айналысуға келген жас түлектердің ұлттық күресімізге деген сүйіспеншілігі ерекше екендігін байқадық. Қазақта «Ұстазы мықтының — ұстамы мықты» деген сөз бар. Жас балуандарға өзі білген түйгенін үйртететін бапкерлердің де біліктілігі жоғары болуының маңызы зор екендігі мәлім. Жастар мен жасөспірімдер арасындағы қазақ күресі спорт клубының аға жаттықтырушы Болат Ибрагимовтен төл шәкірттері туралы пікірін сұрағанымызда : «Осы жастардың арасынан қазақ күресінен Азия, Еуропа, әлем чемпионаттарында топ жарып, еліміздің көк туын жоғарыдан желбірететін дарынды балуандарды көру мен үшін үлкен бақыт болар еді», — деп ағынан жарылды. Иә, Болаттың арманы асқақ. Болашаққа биік мақсат, меже қоймай өсу, даму болмайтынын жас бапкер жақсы түсінеді. Сондықтан да Алла берген осы бір мүмкіндікті бос жібермеуге тырысатыны көзінен көрініп тұр. Қазір елімізде бота балуандар арасындағы аламан жекпе-жектер өте бастады. Ертеңгі күні осы қаракөз өрендердің арасынан ел чемпионатында жүлдегерлер шығып  жатса, айтулы клубтың басшылары мен бапкерлерінің төккен тер мен еңбектерінің зая кетпегені деп білеміз. Сондықтан да бұл спорт клубы болашаққа берекелі баспалдақ іспеттес.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Бір пікір

    1. Танжарық

      Асалаумағаликым қазақ куресыне қатысам адрес жыбересызба

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *