• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Біртуар Біржан

    «Елімізде ұлттық спорттың өрісі кеңейді» деп кеуде кере айтып жүрміз. Расында да солай ғой. Мемлекеттік тұрғыдан көңіл бөлінді. Әсіресе, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, бәйге, жамбы атудың бәсекелері тіпті көбейді. Бірнеше мәрте халықаралық жарыс ұйымдастырылды. Ілгеріде той-томалақта ғана тамашаланатын ұлттық спортымыз енді елішілік чемпионат деңгейінде, күнтізбелік жоспармен тұрақты түрде өте бастады. Оның өзі кешелі-бүгін емес. Мысалы, 2017 жылы көкпар мен аударыспақтан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты он жетінші мәрте ұйымдастырылды. Әрине, айтқанға оңай, көргенге қызық. Бірақ, қайсысы есте қалды? Қазақстан чемпионаты былай тұрсын, Азия чемпионатында топ жарып, ұлттың абыройын асқақтатқан намысты спортшыларымыз аз емес. Солардың арасынан кімдерді білеміз? Бұл сауалға да көбіміздің күмілжитініміз анық.

    Біз алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтыруды өзімізге міндет тұттық. Әрине, ұлттық спорттың отымен кіріп, күлімен шығуға бүтін өмірін бағыттаған азаматтарымыздың қатары қалың. Бапкер де, спортшы да көп-ақ. Барлығын бір мезетте таныстырудың қисыны тағы жоқ. Сондықтан, ендігі жерде істің ретіне, сәтіне қарай ұлттық спортымыздың үздіктері туралы жиірек қалам тербеп көрмекпіз. Бүгінгі кейіпкеріміз, соңғы алты жыл бойы еш жекпе-жекте жеңіліп көрмеген аударыспақ балуаны – Біржан Қосалиев.

    Алдымен Біржанның спорттағы жетістіктерінің сүбелі тұстарына бір тоқталып өтейік. Біржан Қосалиев – елішілік чемпионатта алты дүркін жеңімпаз, бірнеше мәрте жүлдегер атанды. І Ашық Азия чемпионатының аса ауыр және абсолютті салмақтағы чемпионы (2014). Қырғызстанда өткен ІІ дүниежүзілік көшпелілер ойындарында бас жүлдені иеленді (2016). Қытай елінде өткен ІІ Ашық Азия чемпионатының жеңімпазы (2016). Астанада өткен І Халықаралық турнирдің аса ауыр және абсолютті салмақтағы чемпионы (2017).

    Біржан 2011 жылдан бері Қазақстанның аударыспақ құрама командасында аса ауыр салмақтағы нөмірі бірінші спортшы. Оның үлкенді-кішілі фестиваль, турнирлерден иеленген басқа атақтары өз алдына бір төбе. Ендеше Азия құрылығында қарсылас шақ келтірмей, алты жыл бойы кілең жеңіс тұғырына табан тіреумен келген осы аударыспақ алыбымен жақынырақ танысып көріңіздер. Атақты Қосалиев туралы Біржанның өзінен асырып ешкімнің айта алмасы анық. Аударыспақтың қыр-сырын да одан артық білер кім бар? Сондықтан сыртынан жазып, сыпыра мақтауға ұрынбай Біржанның өзімен тікелей тілдескенді жөн көрдік. Назарларыңызға ұсынғанымыз біздің сауалымызға орай айтқан Біржанның өз әңгімелері.

    – Біржан, сенің аударыспақ жекпе-жегіндегі жеңісті жолыңды жолыңды жақсы білеміз. Ал, осы аударыспаққа дейін қандай спорт түрімен айналыстың? Алған атақтарың бар ма?

    – Мен туып-өскен Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданына қарайтын Майбұлақ ауылында нақты бір спорт түрімен шұғылданатын мүмкіндік болған жоқ. Соған өзім де аса қызыға қойған жоқпын. Біздің құмарымыз көкпар еді. Қорамыздан жылқы үзілмеді. Бала шағымыздан атқа мініп, жаппай көкпарды жағалап өстік. Аударыспаққа дейін, тіпті қазірдің өзінде де біздің өңірдің жаппай көкпарына шауып тұрамыз.

    Төлеби ауданы – қазағы қалың қоныстанған өлкенің бірі. Сүндет тойға да ат шаптырып, көкпар беру, бәйгесіне қомақты сыйлық тігу дәстүрі үзілмеген. Сол той-мерекелерде ұйымдастырылатын аударыспақтан шет қалмауға тырысамыз. Кезінде аудан көлеміндегі командалық көкпарды да жаман ойнаған жоқпын. Сондықтан алғашқы жүлделерді де осы көкпар мен аударыспақтан иелендім.

    – Аударыспақпен шұғылдануды қай жылдан бастадың? Кімдердің ықпалы болды?

    – Жаңа айтып өттім, аударыспақ, көкпар ойындары біздің өңірде өте жиі өтеді. Содан шығар, аударыспаққа бірталай бейімім бар. Соны байқаған болса керек, қазіргі бапкерім Манкеев Ақылбай мені аударыспақпен шындап айналысуға үгіттеп, ат үстіндегі күрес тәсілдеріне жаттықтыра бастады. Ақылбайдың өзі де бірнеше чемпионатта жеңімпаз атанған мықты аударыспақшы, көкпаршы жігіт. Сөйтіп, 2011 жылы аудандық, облыстық сайыстарды ұтып, сол жылы алғаш рет республикалық чемпионатта бірінші орын алдым. Ол кезде 26 жаста едім. Бірақ, келер жылғы чемпионат финалында жамбылдық Данияр Смайыловтан ұтылып қалғаным бар. Сол жеңілісім маған естен кетпес сабақ болды. Жарыстың алдында ғана жасаған апыл-ғұпыл дайындықтың кесірі ғой. Жаттығу-шынығумен тұрақты айналысып, өзіңді үнемі бабыңда ұстамасаң жеңістің ауылы алыс екен. Соны жақсы түсіндім. Содан бері жыл онекі ай жаттығудан қол үзген емеспін. Бұл жағынан үш бірдей Азия чемпионының ұстазы, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Жанбатыр Бекмұсаевтың ақыл-кеңесін, көмегін көп көрдім. Негізгі бапкерім сол кісі ғой. Дәл қазіргі кезде бұрыңғы бапкерім Манкеев Ақылбайдың қол астында жаттығамын. Мен үшін екеуінің де орны ерекше. Жаттығудың жүйелі болуы бапкерге байланысты ғой.

    – Сонда аударыспақшының жаттығулары қалай жүйеленеді? Ізбасар інілерің үлгі ала жүрсін, өзіңнің үнемі айналысатын шынығу әдістеріңді айтып өтсеңші.

    – Жүйелі жаттығу дегенім, мысалы, үлкен жарысқа екі-үш ай уақыт қалды делік. Осы аралықтағы дайындықты бапкермен кеңесе отырып реттеуің қажет. Қандай жаттығулар тиімді? Жарысқа бір ай қалғанда, жарты ай қалғанда немен айналысасың, қалай шынығу керек? Бәрі есептеулі болуға тиіс. Тіпті, тамақтанудың өзіне де қатты мән берген жөн.

    Ал енді, аударыспақшыға дәл мынадай жаттығулар ғана керек дейтін оқу-әдістемелік құрал әлі шыққан жоқ. Біз өзіміз қажет деп тапқан денешынықтырулармен айналысамыз. Мәселен, спортзалға барғанда қолдың, аяқтың бұлшық еттерін ширататын жаттығуларды жасаймын. Күш жинау үшін 90-100 келі зілтемірді жатып көтеремін. Ат үстіндегі күреске қажетті әдістерді қайталау үшін атпен де дайындық жасаймын. Әрине, күн сайын түске дейін үш сағат, түстен кейін төрт сағат спортзалдан шықпай жүрміз дей алмаймын. Тоқтаусыз дайындықтың өзі адамды қажытады. Біркелкі тірліктен жалығу да болады. Күтімің, көңіл-күйің болмаса қайдағы дайындық. Отбасыңда тыныштық, татулық болмаса жарысқа тиянақты даярлық қайда? Қажи бастағанымды сезінсем кейде қаладағы достарға тартып кетемін. Аңсарым ауып тұрса балыққа аулауға кетіп қалуды, аңға шығуды әдет қылғанмын. Ондайда кәдімгідей сергіп, тынығып қаламын. Ең бастысы, спорттық бабыңды өзің үнемі сезініп жүруге міндеттісің.

    Біз сияқты ауыр салмақтыларға бір қалыпты салмақ ұстап тұрудың өзі оңай шаруа емес. Аударыспаққа кіріскелі кілең бір салмақта жүрмін. Бес-алты жыл болды салмағым сол 107-110 келі арасында. Бұдан артық салмақ қоспауға тырысамын. Күніне кемінде он шақырым жүгіріп тұрамын. Қажетіне қарай 20-25 шақырымға жүгіретін кезім де болады. Жүгірудің пайдасы өте көп. Өкпең ашылып, тынысың кеңіп қалады. Күні бойы сергек жүруге, артық салмақ қоспауға жақсы.

    – Жекпе-жекке шыққанда өзің жиі қолданатын әдісің қандай? Жалпы, осы ат үстіндегі күрестің белгілі бір әдіс-тәсілдері бар ма?

    – Әрине, аударыспақ та бекітілген ережеге сай жүргізілетін спорт түрі. Аударыспақ ережесінде қолдануға болмайтын, тыйым салынған әдістердің бірталайы жазылған. Бірақ, осы уақытқа дейін сайыста қалыптасқан мынадай-мынадай бір белгілі күрес әдісі бар деп айта алмаймын. Себебі, сен сайысқа шықтың ба, бәріне дайын болуға тиіссің. Келген ыңғайыңа қарай күресесің. Осы уақытқа дейін осал қарсылас көргенім жоқ. Аударыспақ дегеніңіз, тек қара күштің ғана емес, айла-амалдың күресі. Қайтсем де жеңемін деп шыққан қарсыласың қараулық та жасап жіберуі мүмкін. Көрдік қой талай сойқанды. Ондай әдіс өте көп. Ұмтыла шабуылдаған болып аттың басымен соғады. Ұстаса қалғанда саусағыңды қайырады. Күресе кеткенде қапысын тауып, еңкейе келіп бетіңнен баспен соғады. Мұндай қатты соққы алған адам бір мезет есеңгіреп қалады. Оған керегі де сол. Сол сәтте өзі әдіс жасап кетеді.

    Мысалы, Қырғызстанда өткен фестиваль финалындағы қарсыласым Қанатбек Алпанов болды. Қанатбек белбеуін тас қып байлап тастаған. Ұстайын десем мүлде қол сияр емес. Ондайда төрешіге шағымдануға құқың жоқ. Амал жоқ, белбеуден ұстамай-ақ күрестім. Ал, аударыспақтағы ең қиыны – белбеусіз күресу. Осының бәріне сақ болуға, бәріне шыдамды болуға міндеттісің.

    Сондықтан, менде қатып қалған бір әдіс жоқ. Қарсылас та сен сияқты айла-тәсілдің сан түрін білетін адам. Егер күшіңе сеніп сүйретіп әкетем десең, тастай қатып жатып қалады. Қапыда аты сүрініп, я, тартпасы үзіліп кетпесе құр сүйрей тартқаныңнан нәтиже жоқ. Сол себепті, ұстаса кеткеніңнен бастап, қарсыласыңның осал тұсын бірден байқай білуге дағдылан. Отырысын, қимыл-қозғалысын шамала. Атының дағдысы қандай? Әлсіз жағын бірден аңғар. Соған қарай жасайтын әдісіңді сол мезетте ойла және шапшаң жасап үлгер. Оған бірнеше секунд қана қажет. Үлгерсең ұтасың. Мысалы, өзіңе қарай қатты жұлқа тартып қалсаң, ол міндетті түрде шалқалай қисаяды. Сол сәтінде сен оны ары итеріп, аударып түсіруге тиіссің. Шапшаң болсаң жеңіс сенікі.

    – Аударыспақта жеңіске жету көбіне атқа да байланысты деп естиміз. Өзің сайысқа тек бір атпен ғана шығып жүрсің бе?

    – Дұрыс айтасыз, сайысқа мініп шыққаның аударыспаққа әбден үйренген ат болмаса, ұтылып қалуың оп-оңай. Атқа да, оған қоса ертоқымға да көп нәрсе байланысты. Өзіме сонау жылдары арнайы жасатқан, тақымым әбден үйренген бір ерім бар. Қай жаққа барсам да соны арқалап жүремін. Өзге ертоқым мен үшін өте қолайсыз, өз ерімдей орнығып, мығым отыра алмаймын. Мінетін атым көңілімдегідей болмаса тағы қиын. Ешқашан сырын білмейтін атпен сайысқа шығып көргенім жоқ.

    Қазақстанда өткен барлық жарысқа көп жылдан бері тек бір атпен ғана қатысқаным рас. Өзіміз «Астана» деп атап кеткен жирен төбел ат. Оңтүстік өңірдегі ұлттық спорттың дамуына ұйытқы болып жүрген Ахметбаев Ғани ағамыз басқаратын ұлттық спорт мектебінің аты. Кезінде Астана жақта өткен бір жарыс үстінде сатып алынып, содан «Астана» аталып кетті. Бұл жирен төбелді бір көрген адам онша ұната қоймайды. Түр-тұрқы сондай ірі емес. Тұлғасы да «балуан атқа» жатпайды. Оның үстіне бір аяғының аздаған сылтымасы бар. Атағын естіп, арнайы келіп көргендерден «Мақтаған аттарың осы ма?» дегенді талай естігенбіз. Бірақ, осы жирен төбелдің естілігі керемет. Сайысқа шыққанда тура адам сияқты, әр адымының өзін ойланып басатынын қайтерсің. Ыңғайыңды тақымыңнан сезіп, өзіңмен бірге алысқандай, саған болысқандай болып жүреді. Сондықтан, сайысқа осы «Астананы» мініп шығуға мен ғана емес, командадағы барлық жігіттер құлшынып тұрады. Көбінесе соны мінеміз.
    Әрине, ара-арасында басқа да аттарды мінуге тура келеді. Мысалы, Қырғызстанда өткен ІІ дүниежүзілік көшпелілер ойынында, Қытайда өткен ІІ Азия чемпионатында басқа атпен шықтық. Бірақ, аударыспақта «Астана» сияқты әбден төселе үйренген есті аттар аз.

    – Өзіңмен үзеңгілес жүрген еліміздегі аударыспақшылар туралы пікірің қандай? Жаттықтырып жүрген шәкірттерің бар ма?

    – Шынымды айтсам, біздің елде мықты аударыспақшылар өте көп-ақ. Мысалы, 90 келі салмақта топ жарып жүрген Сырым Ізбасаровтың атағы менен кем емес. Сырым да Азияның екі дүркін чемпионы, Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ, Данияр Смайылов, Рүстем Байназаров, Ермек Жәпішев, Мансұр Тәнекенов, Түймебек Жұмалиев, Хамит Мерей, Ақылбек Аманжолов, Мейірбек Құсайынов, Ерназар Байғоновтар еліміздің чемпионаттарында кілең жүлделі орында жүрген балуандар. Әр өңірден жыл сайын талапты жастар шығып, қатарымызды толықтырып келеді. Мысалы, 2017 жылғы елішілік чемпионатта ересектер бәсекесіне алғаш қатысқан Рахматілла Есімханның болашағынан қатты үміттеніп қалдым. 1994 жылы туған Рахматілла тәжірибелі, сақа жігіттермен тайсалмай сайысып, 80 келі салмақта Қазақстан чемпионы атанды. І халықаралық турнирде жеңімпаз болды. Сондай-ақ, Ақтөбе, Қызылорда жағының жастары жақсы шығып келеді. Осыған қарағанда, әлем бойынша аударыспақ бәсекесінің бас жүлдесі әлі талай жыл қазақ жігіттерінің қанжығасында болуы тиіс.

    Біздің де жасымыз отыздан асты. Сондықтан, алдағы уақытта өз бапкерлік мектебімді қалыптастыруды ойлаймын. Баулып жүрген бірнеше шәкірттерім де бар. Жүрген жерімізде «Ана баланың бітімі ірі екен. Түбінде осыдан ауыр салмақты аударыспақшы шығып қалады-ау» деп, денесі келісті бала көрсек, көздей жүруге, өзіме тарта жүруге әдеттене бастадым. Себебі, ауыр салмақтыларға керекті жаттығуды, оларды сайысқа қалай үйретуді жақсы білемін ғой. Бапкерлігімнің нәтижесі де жаман емес сияқты. Жасөспірімдер чемпионатында Сапархан, Айбек есімді шәкірттерім жеңімпаз атанды.

    – Өткен жылғы жазда Астанада Аударыспақтан І халықаралық турнир өтті. Бұл бәсекеге әлемнің оннан астам елінің командасы келді. Ауыр салмақтағы шет ел аударыспақшыларын қалай бағалайсың?

    – Бұған дейін мен бір рет халықаралық турнирде, екі мәрте Азия чемпионатында бақ сынадым. Сол кезде көргенбіз. Моңғолияның, Өзбекстанның, Қытайдың балуандары осал болған жоқ. Әсіресе, осы аударыспақтан Қырғызстанның 10 дүркін чемпионы Нұрлан Молдақұлов, былтырғы көшпелілер ойындарында күміс жүлде алған Қанатбек Алпановтардың қарым-қабілеті өте күшті. Өзбектің Захид Бухабоев, ауғанстанның Ташқұрғани Гүлбодин деген мықтылары бар. Қытай елінің атынан шығатын Нұрболат Ережеп, моңғолиялық Ыдырыш Бағлан өз елдерінің үздік балуандары ғой. Бірақ, бірнеше жылдан бері Алланың қалауымен елдің намысы үшін жеңісті қолдан бермеуге күш салып келеміз.

    Жекпе-жекте жеңіс жалауын желбірете беруіңе біз де тілектеспіз, Біржан!

    Сұхбаттасқан Төлеген ЖӘКІТАЙ

    Суретте: Біржан балуан мен халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Жанбатыр Бекмұсаев.

    Бір пікір

    1. Ақтөбе, Қызылорда жағының жастары жақсы шығып келеді.

    Жауап жазу amal Қайтып алу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *