• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Азия чемпионатында ел намысын қорғайды

    Таразда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан Ұлттық спорт түрлері жаттықтырушыларынан сүйінші хабар келіп жетті. Аударыспақ пен Теңге ілу бойынша іріктеу аяқталып, 1-2 маусымда Астана төрінде өтетін қос Азия чемпионатына қатысатын спортшылардың аты-жөні анықталыпты.

    Сонымен, 1 маусым күні басталатын Теңге ілуден ІІ Азия чемпионатына кімдер қатысады?

    Таразда өткен іріктеу сынына ілгері жылдары Теңге ілуден ел чемпионатында жүлдегер атанған бірнеше спортшы шақырылған. Сол үздіктер арасынан суырылып шыққан екі теңге ілуші спортшымен таныс болыңыздар.

     Мағжан САПАРБЕК – 2001 жылы туған. Туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы  Қазығұрт ауданы, Қазығұрт елдімекені. Теңге ілу спортымен 2014 жылдан бастап шұғылданған. Республикалық жарыстарда көптеген жүлделі орындарды иеленді. 2016 жылы  қазан айында Ақтөбе қаласында өткен жастар арасындағы ел чемпионатында – 1 орынды,  2017 жылы Алматы қаласында өткен ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанды.

    Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының мүшесі, Қазақстан Республикасының спорт шебері. ІІ Азия чемпионатына іріктеу жарысында үздік танылған спортшы.

     Ғалымжан ІЗЖАНОВ  – 1999 жылы туған. Туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы  Шымкент қаласы. Теңге ілу спортымен 2010 жылдан бастап шұғылданған. Көптеген республикалық жарыстардың жеңімпазы атанды.  Теңге ілуден 2015 жылы Шымкент қаласында өткен Ә.Дауылбаев атындағы республикалық турнирдің  жеңімпазы. 2016 жылы жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері. 2017 жылғы «Ақ бидай» VІ республикалық ауыл спорты ойындарының чемпионы. 2015 жылы Астана қаласында Теңге ілуден өткен І ашық Азия чемпионы.

     Ал,  Аударыспақтан ІІІ Ашық Азия чемпионатында ел намысын кімдер қорғайды?

     Дүбірлі додаларда Қазақстанның көк байрағын сан мәрте көтерген даңқты балуандарымыздың есімін де оқырмандарымыз алдын-ала біле жүрсін.

     Біржан Қосалиев – 90 килодан жоғары салмақтағы бас балуан.  Ол 1985 жылы туған. Туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы, Майбұлақ ауылы. Аударыспақ спортына 2011 жылдан бастап қатысқан. Аударыспақ жекпе-жегінде алған атақтары – Қазақстанның 6 дүркін чемпионы. Аса ауыр салмақта екі рет Азия чемпионатын жеңіп алған (2014, 2016 ж.ж). 2014 жылы Астанада  өткен І Ашық Азия чемпионатының абсолютті салмақтағы чемпионы. 2017 жылы халықаралық турнирдің абсолютті салмақтағы чемпионы атанды. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы.

     Сырым Ізбасаров — 90 кило салмақтағы даңқты балуанымыз. Ол 1989 жылы туған. Туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы, Қаратөбе ауылы. Аударыспақ спортына 2008 жылдан бастап қатысқан. Аударыспақ жекпе-жегінде алған атақтары – Қазақстанның 9 дүркін чемпионы. Ауыр салмақта екі дүркін Азия чемпионы атанған (2014, 2016 ж.ж). 2016 жылы Қытай елінде өткен ІІ Ашық Азия чемпионатының абсолютті салмақтағы жеңімпазы. 2017 жылы 90 килода халықаралық турнирдің бас жүлдесін иеленді. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы.

     Есімхан РАХМАТІЛЛА — 80 кило салмақта қарсылас шыдатпайтын жас балуан.  Есімхан 1994 жылы туған. Туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысы Сарағаш ауданы, Ғ.Мұратбаев ауылы. Аударыспақ спортына 2012 жылдан бастап қатысқан. Аударыспақ жекпе-жегінде алған атақтары – жастар арасындағы Қазақстанның екі дүркін чемпионы, 2016 жылы ересектер арасында өткен «Ұлы дала ойындары» фестивалінің абсолютті салмақтағы жеңімпазы, 2017 жылы 80 кило салмақта ересектер арасындағы ел чемпионы. 2017 жылы 90 килода халықаралық турнирдің бас жүлдесін иеленді. Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы.

     Шыңғысхан Ержанов  –  70 кило салмақта сынға түседі. Шыңғыс 1995 жылы туған. Туған жері – Ақтөбе қаласы, Қарғалы ауылы. 2011 жылы 16 жасынан бастап Аударыспақ спортымен айналысты. Республикалық жарыстарда Аударыспақ жегінде алған атақтары – 2013 жылы жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында 60 кило салмақ дәрежесінде І орынды жеңіп алды. 2015 жылы Қазақстан Республикасының жастар арасындағы чемпионатында 70 кило салмақ дәрежесінде І орынға ие болды. 2016 жылы жастар арасындағы ел чемпионатында 70 кило салмақта чемпион атанды. 2017 жылы «Ақбидай» республикалық VI ауыл спорты ойындарында ересектер арасында 70 кило салмақта ІІ орынды иеленді. ІІІ Азия чемпионатына іріктеу жарысында жеңімпаз атанды. Аударыспақтан  Қазақстан Республикасының спорт шебері.

     Азамат Серғазин – 60 кило салмақта сынға түседі. Азамат 1996 жылы туған. Туған жері – Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылы.  15 жасынан бастап Аударыспақ спортымен айналысты. Республикалық жарыстарда Аударыспақ жегінде алған атақтары – 2012 жылы аударыспақтан жастар  арасындағы Қазақстан  чемпионатында  50 кило салмақта, 2013 жылы жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында  50 кило салмақта ІІ орынды иеленді.  2017 жылы жастар арасындағы  Қазақстан чемпионатында  60 кило салмақта ІІ орын алды. 2017 жылы «Ақбидай» республикалық VI ауыл спорттық ойындарында ересектер арасында 60 кило салмақта І орынды жеңіп алды.   ІІІ Азия чемпионатына іріктеу жарысында жеңімпаз атанды. Аударыспақтан  Қазақстан Республикасының спорт шебері.

     Төлеген ЖӘКІТАЙ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *