• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Азия чемпионатына үш күн қалды

    Азия чемпионатының жүлдесін сарапқа салатын шетелдік аударыспақшылар қатарында кімдер бар? Теңге ілушілер сайысына кімдер қатысады? Дүбірлі дода басталар уақыт таяу қалған сайын жанкүйер көкейін осындай сауалдардың мазалайтыны анық. Әрине, бірер күн бұрын барлық спортшылардың тізімі жарияланды. Қазақ елінің намысын қорғайтын аударыспақшылар мен теңге ілу шеберлері жан-жақты таныстырылды. Біз бүгін қолымызда бар деректер бойынша шетелдік спортшылардың бірқатарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Әзірге, Моңғолия мемлекетінен Азия чемпионатына сайланып келетін спортшылармен таныс болыңыздар.

     Бағлан Ыдырыш – аса ауыр салмақта сынға түсетін моңғолиялық балуан. Аударыспақтан Монғолияның 2 дүркін чемпионы, Азия чемпионатында 4 орын иеленген. 36 жастағы Бағлан Ыдырыш соңғы 5-6 жылдан бері аударыспақтан ұйымдастырылған халықаралық жарыстардың барлығына қатысқан тәжірибелі балуан. Ол 2017 жылы Астанада өткен І халықаралық турнирдің алғашқы айналымында қырғызстандық Нұрлан Молдақұловқа есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалған болатын.

    Досжан Байысғалан  – 90 кг салмақта сынға түсетін моңғолиялық балуан. Аударыспақтан  Монғолияның бірнеше дүркін чемпионы. Осы жылы орда бұзар отыз жасқа толған  Досжан Астанада 2017 жылы  Аударыспақтан өткен халықаралық турнирдің қола жүлдегері. Былтыр аса ауыр салмақта бақ сынаған Досжанның қарқыны қатты болды. Аса ауыр салмақта халықаралық турнирдің алғашқы айналымдарында қарсылас шыдатпаған Досжан  тек біздің  Біржан Қосалиев пен Қытай Халық Республикасының балуаны Серік Үсеннен ғана ұтылып, турнирдің қола жүлдесін  қанжығасына байлап қайтқан.

    Жеңісбек Серікұлы  — 80 кило салмақта сынға түсетін монғолиялық балуан. Аударыспақтан Монғолияның екі дүркін чемпионы, Қытайда өткен ІІ Азия чемпионатында төртінші орын иеленген, 2017 жылы Астанада Аударыспақтан өткен халықаралық турнирдің күміс жүлдегері. Өткен жылы 80 келі салмақтағы біздің бас балуанымыз Рахматілла Есімханмен финалда сайысқан өте әдісқой балуан.

    Жанарбек Серікұлы – 70 кило салмақта сынға түсетін монғолиялық балуан. Ол 1993 жылы туған жас спортшы. Ұлттық спорт түрлерінен Моңғолиядағы жарыстарда топ жарған. 2018 жылы Моңғолияда өткен аударыспақтан іріктеу жарысының жеңімпазы.

    Жеңісбек Манахайұлы – монғолиялық үздік Теңге ілуші.  Монғолия чемпионатында Теңге ілу спортынан  екі дүркін чемпион атанған. 2018 жылғы республикалық Асау үйрету чемпионатында топ жарған.

     

    Төлеген ЖӘКІТАЙ

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *