• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    ЮНЕСКО өкілдері Ұлттық музейде семинар-кеңес өткізді

    Бүгін ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитетінің өкілдері ресми іс-сапармен Елордаға келді.

    Бұл мәртебелі меймандардың Қазақстанға арнайы ат басын бұруының басты себебі – 1-2 маусым  күндері Астанадағы «Қазанат» атшабарында өтетін Теңге ілуден ІІ Азия чемпионаты мен Аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатын тамашалау. Себебі, 2021 жылы алғаш рет әлемдік этноспорт ойындарын ұйымдастыру жоспарға енгізілуде. ЮНЕСКО аясында ту көтеруі  мүмкін осы әлемдік бәсекені өткізуге лайық төрт мемлекеттің қатарында Қазақстан Республикасы да  бар. Сондықтан, ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитеті  өкілдері Астанада өтетін Азия чемпионаттарын жай ғана тамашалаумен шектелмей, біздің елдегі ұлттық спорт жарыстарының ұйымдастырылуын, насихатталуы деңгейін, жалпы хал-ахуалын, тіпті, жанкүйердің қызығушылықтарын өз көздерімен көрмекші.

    Астанадағы Ұлттық музейде бүгін ЮНЕСКО өкілдерімен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Мәртебелі меймандар   Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті Қайрат Сатыбалдыұлымен және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, Мәжіліс депутаты  Бекболат Тілеуханмен жүздесіп,  әлемдік этноспорт тақырыбында келіссөздер жүргізді.

    Шара аясында ЮНЕСКО, Мәдениет және спорт министрлігі және Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы арасындағы өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ, ЮНЕСКО өкілдерінің Азия чемпионатына қатысатын 9 мемлекет командаларының жетекшілерімен,  еліміздегі ұлттық спорт және спорттың жетекші  мамандарымен «Этноспортты дамыту және насихаттау» тақырыбындағы семинар-кеңесі тыңдалды.

    Кездесу соңында ЮНЕСКО-ның  Дәстүрлі спорттар мен ойындар комитетінің төрағасы Халил Ахмед Хан, комитеттің үйлестірушісі – Марселлин Дэлли және комитеттің хатшысы Шамми Рана мырзалар Қазақстандағы ұлттық спорттың өркендеуіне тілектестік білдіріп, ресми қабылдауға өз ризалықтарын жеткізді. Өз кезегінде қазақстандық ресми делегация  Азия чемпионаттарына ЮНЕСКО-ның осылайша назар аударғанына алғыс айтып,  келешекте этноспортты әлемдік деңгейде бірге насихаттай бастайтынына сенімдерін білдірді.

     

    Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *