• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ғылым мен спортты қатар алып жүрген азамат

    Белгілі педагог-ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Бауыржан Сәбитұлы Иманғалиев Педагогика ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланды. Бұл ғылыми атақ академияның жалпы жиналысында көпшілік дауысқа салу арқылы берілді. Айта кетерлігі, мұндай атақ ғылым кандидаты немесе докторы ғылыми дәрежесі бар білім, ғылым, мәдениет саласының көрнекті өкілдеріне ғана беріледі. Бауыржан Сәбитұлына мүшелік диплом мен куәлікті академия президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асқарбек Құсайынов табыс етті.

    Бауыржан Иманғалиев 1995 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін үздік дипломмен бітірген. Университет қабырғасында филология ғылымдарының докторы, академиктер — З.Қабдолов, З.Ахметов, профессорлар — Т.Кәкішев, М.Серғалиев, А.Қыраубаева, Ж.Дәдебаев секілді республикаға белгілі ғалымдардан тәлім алып,  жас та болса қызметтес болған. Бауыржан Сәбитұлының ғылыми-зерттеу обьектісі — Алаш ұранды әдебиет,  қазақтың біртуар ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің әдеби-шығармалық мұрасы. Б.Иманғалиев Халық ағарту комиссарының шығармашылығын ғылыми айналымға түсіріп, зерттеген алғашқы жүргеновтанушы-ғалым. Ол Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан республикалары мен Қызылорда, Алматы қалаларындағы сирек қолжазбалар мұрағаттарын ақтарып, Темірбек Жүргеновтің еңбектерін ғылыми мұраға қосты. Оның қайраткер туралы 4 кітабы жарыққа шықты, түрлі тақырыптарға жазған 100-ден аса ғылыми-публицистикалық мақалалары баспасөз беттерінде тұрақты жарияланып келеді. 1998 жылы ҚР ҰҒА-ның  академигі, Халық жазушысы Зейнолла Қабдоловтың жетекшілігімен «Темірбек Жүргеновтің әдеби-публицистикалық мұрасы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.

    Ол сондай-ақ, спортты да жанындай сүйетін жандардың бірі. Бос уақытында суда жүзуді, волейбол мен шахмат ойнауды жақсы көреді. Таэквондодан 1-ші разряды бар. «Еңбек пен спорт — егіз» деген ұстанымды өмір бойы ұстанып келеді. Өз кәсібіне адалдық танытып, көп жылдар бойы еліміздің тәуелсіздігіне, жас ұрпақты оқытуға бар күш-жігерін жұмсап келе жатқан елжанды Бауыржан ағамызды айтулы атағымен шын жүректен құттықтаймыз! Ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, отбасына бақыт, еңбекте толайым табыстар тілейміз!

     

    Төлен ТІЛЕУБАЙ,

    Астана қаласы

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *