• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақ күресі – Ұлы даланың үлкен өнері

    Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті, қазақ күресінен Азия федерациясының президенті Серік КЕНЕНБАЙМЕН әңгіме

    Қазіргі кезде елімізде есте жоқ ескі заманнан бері ата-бабамыздан тарам-тарам ұрпақ арқылы келе жатқан ұлттық күресімізді ел-елге, жер-жерге таратып, насихаттап, дамытуға қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасап, төл күресіміздің туын тігіп, төрге шығарып жүрген азаматтар баршылық. Құдайға шүкір, еліміз 1991 жылы тәуелсіздігін жариялап, азаттықтың ақ таңы арайлап атқан кезден бері қазақ күресін дамытуда қыруар шаруалар жасалып жатыр. Осы игі жұмыстардың басы-қасында жүрген азаматтар қазір де төл спортымызды құрмет тұғырының ең биік сатысына шығару үшін аянбай еңбек етуде. Солардың бірі – Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының вице-президенті, ұлттық спортымыздың Азия құрлығы бойынша төрағасы Серік Кененбай.

    Жақында біз Астанада Серік Кененбаймен кездесіп, төрткүл дүниенің төрт бұрышында талай жұртты ережесімен, әдіс-тәсілдерімен, тазалығымен тамсандырып, таңдайын қақтырған төл күресіміздің бүгінгі жағдайы мен болашағы туралы әңгімелесудің сәті түскен еді. Енді оқырман назарына сол сұхбатты ұсынамыз.

    – Секе, қазір сіз қазақ күресін жазғы Азия ойындарына, одан кейін Олимпиада ойындарына қосу үшін қыруар шаруаны атқарып жүрген азаматтың бірісіз. Қазақ күресіне қалай келдіңіз? Күрес сізді несімен қызықтырды? Әңгімені осыдан бастасақ.

    – Енді бала кезімізде бәріміз күресіп өстік. Күреске қызығушылығым сол бал дәурен балалық шағымнан басталған. Кейін ер жетіп, отағасы атанып, азамат болып қалыптасқан соң, ұлттық күресімізді дамытуға атсалысуды өзіме парыз, керек десеңіз, міндет санадым. Содан 2009 жылы қазақ күресін насихаттауға, оны әрі қарай дамытуға белсене кірістім. Осы жерде мен Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті, өзі 2005 жылы ұйымды құруға атсалысып, соның негізін қалаған Серік Адамболсынұлы Түкиевтің есімін ерекше атап өткім келеді. Серік Адамболсынұлы – бұл тұлға! Мен соңғы 10 жылдан бері осы бір қазақтың аяулы, аптал азаматының жанында жүргеніме мақтанамын. Ал қазір федерацияның жаңа басшысы Ислам Әлмақанұлы Әбішевті бәріңіз де жақсы білесіздер. Бұл кісі де елге елеулі, бүкіл қазақтың мақтаныныша айналған азамат. Мен осы екі арда ағаларыммен 10 жылдан бері тізе қосып жүргеніме ризамын. Олардың сөзін екі етпей, әрқашан да інілік ілтипат көрсетіп, берілген тапсырманы орындап, жұмыс істеп келемін.

    2009 жылы қазақ күресіне келгенде Серік Түкиев менің жан-тәніммен беріліп, жұмыс істеуге түрткі болды. Сол жылы Қызылордада VII Азия чемпионаты өтіп, соны ұйымдастыруға атсалыстым. Жарыс біткен соң, төл күресіміз мені өзіне баурап алды. Қазір біздің Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы 7 әлем, 12 Азия, Америка, Африка мен Еуропа чемпионаттарын төрт реттен өткізіп, 52 мемлекетті бір шаңырақтың астына біріктіріп, үлкен ұйымға айналып отыр. Егер болашақта Үкіметте қолдау тауып жатсақ, көп ұзамай ол Азия ойындарының бағдарламасына кіреді деп кәміл сенемін.

    Сіз өзіңіз Қытайда туып, өстіңіз. Балалық шағыңыз, есейіп ер жеткен кезіңіз, азамат болып қалыптасқан жылдарыңыздың бәрі Қытай Халық Республикасында өтті. Қазір осы елде қазақ күресін қалай насихаттап, дамытып жатсыздар?

    – 2013 жылы қыркүйек айында Қытайдың Ақсай Қазақ автономиялы ауданында ІХ Азия чемпионатын өткіздік. Бұл жарыс алып елде алғаш рет өтті. Оған қатысқан елдердің санында сан болмады. Өте көп палуандар қатысты. Қытайдың өзінен қаншама атаң жілік, апайтөс палуандар жиналды.

    Ақсай қазақ ауданы – ішкі Қытайдың Гансу провинциясында орналасқан. Онда өткен ғасырдың орта кезінде Алтайдан шығысқа көшкен қандастарымыздың ұрпағы қалған. Жалпы жан саны – 10 000 адам. Қазақтардың өзі 3 500 адам болады. Соған қарамастан олар салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді, көшпенділердің өнер сайыстарын сақтаған. Біз Азия чемпионатында соның бәрін көрдік. Осы жарыста атыңнан айналайын ағайынның Алтай мен Атыраудың арасындағы қазақтың салт-дәстүрлерінде, өнері мен мәдениетінде айырмашылықтың болмайтынын дәлелдеді. Ақсайдағы ағайынның Қазақстандағы қандастарымен тілдік диалектикада да айырмашылығы жоқ екен. Содан кейін біз Алтай қаласында ХІ Азия чемпионатын өткізіп, 15 аудан мен 5 қалада ұлттық күресімізден қоғамдар аштық. Ал 2014 жылы Қытайда Әлем чемпионатын ұйымдастыруды қолға алдық. Оған екі жылға жуық уақыт кетті. Сізге айтайын, Қытайда қазақ күресінен Әлем чемпионатын өткізу сырт көзге оңай болуы мүмкін. Ал шындап келгенде аз ұлттардың жарысын өткізу оңай емес. Осы жарыстың өткізілуіне сол кездегі Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті болған Серік Түкиев мырзаның көп еңбегі сіңді. Негізі, бұл белдесулер бұдан бұрын өтуі керек еді. Бірақ екі жылда алдымыздан шыққан кейбір қиындықтармен айналысамыз деп жүріп уақыт өтіп кетті. Сөйтіп, Қытайда 2016 жылдың қыркүйек айында алғаш рет әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Осының бәріне Қытай билігіндегі қазақ азаматтары көп еңбек сіңірді. Себебі, жарысты ұйымдастырудан бөлек, әлемдік доданы өткізуге рұқсат алудың өзіне үлкен бедел керек. Әлемдік бәсекені өткізу идеясын 2014 жылы Іле Қазақ автономиялы облысының әкімі болған, Қытай Сенатының депутаты, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданы Мәжілісінің төрағасы Асхат Керімбай ағамыз қолдады. Біз Әлем чемпионаты өткеннен кейін Асхат Керімбай ағаға, Іле Қазақ автономиялы облысының бұрынғы әкімі Қызайжан Сейілқожаұлына, Мұңғылкүре аудандық халық үкіметіне, аудандық партия комитетіне, қазақтың ұлттық спортына жанашыр барлық азаматтарға алғысымызды айттық. Қазір де алғыс айтамыз. Бұл азаматтар үлкен іс тындырды.

    Рас айтасыз, Секе. Осы жарысқа сіздің де маңдай теріңізбен көп еңбек еткеніңізді Серік Адамұлы да айтқан. Ол бізбен бір әңгімеде: «Алтайдың ар жағындағы ағайынның арасында төл күресіміздің дамуына барынша үлес қосып жүрген бауырымыз Серік Кененбайдың еңбегі ерен. Ол соңғы екі жылда біраз жұмыс істеді. Соның нәтижесінде қамалы биік Қытай елінде ұлттық күресіміздің жалауы желбіреді», — деген еді. Бұл – менің қосқан сөзім емес. Бұл – Серік Түкиевтің сөзі.

    – Рахмет! Серік ағама мың да бір рахмет! Шынында да Қытайдағы ағайын Африка мен Азиядан келген палуандар мен спорт делегацияларының барлық шығындарын өздері көтерді. Бұл, әрине, Іле Қазақ автономиялы облысы Мұңғылкүре ауданы басшыларының қазақ күресіне деген қамқорлығы.

    – Қытайда Әлем чемпионатынан бұрын Азия жарысының да өтуі оңай болмайтын сияқты. Мысалы, Серік Түкиевпен әңгімелескенімде, ол: «Бұл жарыстың өтуіне Серік Кененбай мен Айдархан Қабдолла деген азаматтардың көмегі көп тиді. Олар 2012 жылы Гансу провинциясына барып, сол жердегі атқамінер азаматтармен кездесіп, Азия чемпионатын өткізуге келісімін алып келді», — деген болатын…

    – Иә, айтса айтқандай, сол кезде Алтайдың ар жағында ұлттық күресімізді насихаттауда біраз қиыншылықтар болды. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданы – Қытайдағы аумағы жағынан ең үлкен өңір. Онда 20 млн-нан астам халық тұрады. Ал қазақтардың саны шамамен 2 млн. ғана. Осында Үрімжіден 1 500 шақырым жерде Гансу деген провинция бар. Жаңа әңгіменің басында айтқанымдай, бұл жерде кезінде Гималай тауынан асып, Түркияға бет алған көштен қалып қойған қандастарымыз тұрады. Оларға өткен ғасырдың 50-ші жылдары автономия берілген.

    Сол кездегі Азия чемпионаты өте жақсы өтті. Оның ашылу салтанатының өзі керемет әсер қалдырды. Онда 100-дей киіз үй тігіліп, ені 6 метр болатын тайқазанға 50 қойдың еті асылып, 3000-дай қонақтарға қуырдақ таратылды. 700-ден астам қыз бен жігіт қазақтың халық билерін билеп, өнер көрсетті. Меніңше, сол жердегі ағайын Азия додасын осылай жақсы өткізуге үлес қосу арқылы елге деген сағынышын көрсеткісі келген сияқты. Содан кейін Қытайда қазақ күресіне деген көзқарас өзгерді. Спорт министрлігінің рұқсатымен ел-елде, жер-жерде ұлттық спорттан жарыстар өткізіле бастады. Бейжіңде қазақ күресінен Азия федерациясының кеңсесі ашылды.

    – Мұның бәрі дұрыс екен. Халқымызда «Бітер іске сыншы көп» дейді ғой. Сіздердің жұмыстарыңызды сынаған адамдар болды ма? Жалпы, федерацияның қызметіне сыни көзқарастар болып тұра ма?

    – Рас айтайын, сыни пікірлерді естімедім. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді атам қазақ. Әрине, сынаған дұрыс. Бірақ сынды да жөнімен айтқан дұрыс. Мені алаңдататыны басқа нәрсе.

    Не нәрсе?

    – Мені кейбір азаматтардың мемлекеттік үлкен қызметте жүргенін ұмытып, аяқ астынан қазақ күресіне жанашыр бола қалатыны, «жау жағадан алғанда бөрі етектен» дегендей тағы бір халықаралық қоғамдастық құрып алғаны қынжылтады. Бұл сұмдық па? Сұмдық? Бұл күлкілі ме? Әбден күлкілі. Басқа емес, бізге Жапония, Қытай, Корея елдері: «Осы сіздерде неше федерация бар? Кіммен жұмыс істейміз?», деп сұрағанда кірер жерге тесік таппай қаламын. Бұл не сонда? Соңғы 15 жылда Серік Түкиевтің еңбегінің еш кеткені ме? Осы кезге дейін қазақ күресінің ережесін жасап, оны заңдастырып, бекітіп, әлемдік деңгейге алып шыққан Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының жұмысына атүсті қарап, менсінбегені ме? Біз бір-бірімізге қол ұшымызды беріп, жақсылығымызды асырып, жаман жерімізді жамап, жасырып, жұмыс істеудің орнына бір-бірімізді көре алмай, қатын-өсек айтатын деңгейге жеткеніміз бе? Бұл бүкіл дүниеге қазақ күресін масқара етіп көрсету ғой. Біз Еуропа, Азия, Африка, Америка додадарын өткізсек, маған ұлттық федерациялардың басшылары келіп: «Секе, кімнің сөзін тыңдаймыз? Білмей қалдық қой», дейді. Ол аз десеңіз Азия федерациясының басшысы ретіндегі менің келісімімсіз, рұқсатымсыз Астанада 5-6 елдің өкілдері жиналып, Азия чемпионаты өтіпті. Ал ұйымның мөрі, барлық құжаттары менің қолымда емес пе?! Сонда кім оларға жарыс өткізуге рұқсат берді? Біз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеуіміз керек. Қазақ тарихта талай қиындық көрген халық. Біздің ата-бабаларымыздың басынан небір қиын-қыстау кездер өткен. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама – қазақ халқының тарихындағы ащы қасірет, Отан басына күн туған аса қайғылы кезеңді өткізген. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары 3 млн қазақ қырылған. Бұған дейін кәрі тарихта еш жерде, ешқашан саусақпен санарлық уақытта 3 млн халық қырылмаған. Қайда қырылған? Қазақстанда. Кім қырылған? Қазақтар. Ал 1991 жылы еліміз егемендік алып, азаттықтың арайлы ақ таңы атқанда бағымызға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұйырды. Сол кісі келіп, маңдайымыз жарқырады. Қазақта «Бірлік бар жерде тірлік бар», дейді. Қазақ бәрін тауып айтқан. Ешқашан қате айтпаған. Қазақты алып шығатын – халықтың бірлігі. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында тарихымызға, мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге мән беріп, тегімізді ұмытпауымыз керек деп ашық айтты. Қазақ – текті халық, таза халық. Еліміз 2030 жылға дейін әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кірсек деп мақсат қойып отыр. Сондықтан қазаққа ауызбіршілік, ынтымақ пен береке керек. Осы үшеуі болмайынша алға жылжуымыз қиын.

    – Секе, сөзіңіздің жаны бар. Осыны сіз түсініп отырсыз. Енді басқалар түсінсе жақсы. Айтуын айтып жатсыз. Жанашырлықпен, намысқа тиген соң айтасыз. Бірақ уақыт бір орында тұрмайды. Алға басу керек. Алдағы жылға қандай жоспарларыңыз бар? Соны айтсаңыз.

    – Мен жастайымнан тауда өскенмін. Мектепті бітірген соң, Қытайдың десант әскері болдым. Одан кейін филолог аудармашы мамандығына оқыдым. ҚХР-дің Іле Қазақ автономиялы облысы әкімінің көмекші-хатшысы болып қызмет еттім. 1995 жылы жас зиялының бірі болып екі қызымды алып, елге оралдым. Мен елімнен бірдеңе сұрайын деп, бірдеңе алайын деп келген жоқпын. Елге берейін, білгенімді көрсетейін, айтайын деп келдім. Қазір ел қатарлы қызмет етіп жүрмін. Менің елге деген сүйіспеншілігім артпаса, азайған жоқ. Бүгінгі таңда қазақ күресіне 10 жылдай бір кісідей қызмет етіп келемін. Маңдайыма Серік Түкиев сияқты арда азаматпен кездесуге жазды. Ол менің әрі ағам, әрі досым. Біз алдағы кезде де бірге жұмыс істей береміз. Ал жоспарға келсек, 2019 жылы Қытайдың Хэбэй провинциясында тұңғыш рет төл күресімізден фестиваль мен ХІІІ Азия чемпионатын өткізу ойымда бар. Қазір соның бәріне келісім-шарт жасадық. Бұл жарыстарға шамамен 30 елдің өкілдерін шақырамыз.

    2019 жыл – еліміз үшін де, қазақ спорты мен күресі үшін де табысты жыл болғалы тұр. Біз бәріміз ортақ іске бір жұдырықтай жұмылып, салт-дәстүріміз, мәдениетіміз бен спортымызды насихаттап, жер-жүзіне таратуымыз керек. Тағы бір жаңалықты айтсам, жақын арада «Қазақтың салт-дәстүрі» деген үш тілде басылған кітабымды қытай тіліне аударып, шығарғалы жатырмын. Ол Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан Қазақ еліне ресми сый ретінде шығады. Сонымен бірге Гуанчжоу қаласынан «Аспан асты елінің әлемі» деген кітабым жарық көрді. Бұл кітапты шығару үшін бес жылдай еңбектендім. Ал жинақ баспаханаға берілер алдында Гуанчжоу қаласында бір ай жүріп жұмыс істедім.

    Кітап 3 D пішінінде шықты. Осы еңбекті шығаруға Қытайдың Қазақстандағы елшілігінің Мәдениет бөлімі көп көмектесті. Сол үшін ҚХР-дың еліміздегі төтенше және өкілетті елшісіне ризашылығымды білдіріп, алғыс айтамын.

    Жақында кітаптың 20 данасын Астанадағы Ұлттық Академиялық кітапханаға ресми түрде табыс еттім. Енді оны еліміздегі басқа да кітапханаларға, сыртқы саудамен айналысатын ордаларға, жоғары және орта оқу орындарына тегін таратамыз.

    Кітап көпшілікке арналған. Қытайды танығысы келген адам осы 3 D пішінінде шыққан еңбекті оқыса бәрін біледі деп ойлаймын. Өйткені, онда мыңдаған жылдан бері жасап келе жатқан көрші елдің тарихы мен мәдениеті қамтылған. Бұл жинақ әсіресе, Қытайды зерттеп жүрген адамдарға, орындарға таптырмас құрал деп білемін. Кітап 1000 данамен шыққан.

    – Әңгімеңізге рахмет! Жақсы жаңалықтарыңыз көп болсын! Жұмысыңызға сәттілік тілеймін!

    Әңгімелескен

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА