• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ер аға

    Ер ағаның есімін бала кезден бері білемін. Ал ол кісімен жүзбе-жүз көрісіп, жақын танысқан кезім – 2004 жылдың сәуір айы болатын. Сол жылы «Астана ақшамы» газетінен «Егемен Қазақстан» басылымына ауысып, жұмысымды 100 жылдық тарихы бар қазақ баспасөзінің қара шаңырағында жалғастырған едім.

    «Егеменге» барғанда әкем Жұмабек Омарұлы Кенжалин: «Жақсы жерге бардың. «Егемен» – ел газеті. Ал Ержұман Смайыл – қазақ журналистикасының қара нары. Ол – өте еңбекқор, адамгершілігі мол, нағыз азамат ағамыз», – дегені есімде қалыпты.  Содан бері міне, талай уақыт өтсе де Ер ағаның бір өзгергенін көрмеппін.

    Мен ол кісінің қарамағында 6 жыл жұмыс істедім. Яғни, 2004 жылдан бастап, ағамыз 2010 жылы зейнетке шыққанға дейін бірге қызмет еттік. Одан кейін де хабарласып, амандық-саулығымызды біліп жүрдік. Сол кезде әкем: «Ер ағаң зейнетке шығып, өте дұрыс істеді. Бәріне үлгі көрсетіп кетті. «Егемен» сияқты үлкен газеттің басшыларының бірі болу оңай емес. Ауыр жұмыс. Газет деген конвейер ғой. Азаматтығына ризамыз. Адам сондай болу керек», – деген еді.

    Ер аға әкемнің курсына С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде сабақ берген. Оқытушысы болған. Әкемнің Ержұман аға туралы көзқарасы сол студенттік кезден бері қалыптасқан сияқты. Екеуі де студент шағында Лениндік стипендиат атанған. Екеуі де оқу орнын бітірісімен газеттің жұмысына араласып, өмірлерін қазақ баспасөзімен байланыстырған. Ал мен әкемнің Ер ағаға деген көңілі сол баяғы көңіл екенін 2004 жылы ата газеттің табалдырығын аттағанда білдім. Газет басшысының азаматтығын, өз ісінің нағыз майталманы, маманы екенін көрдім. Бірақ ол кісінің жаны нәзік болса да жұмысқа деген талабы күшті болатын. Ержұман Өтешұлы «Егеменге» келгенде маған бірден «Жанартау» жастар бетін шығаруды тапсырды. Бұған дейін басылымда жастар беті болмаған екен. Соны әр жұма сайын жарты жыл шығарып, басшының үмітін ақтауға тырыстық. Сонда мені әкемнің ұсынысымен ( Мен мұны 2018 жылдың 14 шілде күні әкемнің жылдық асында Жанболат аға естелік айтқанда ғана естідім. Сонда әкем маған 2004 – 2017 жылдары мені «Егеменге» жұмысқа тұрғызғанын ешкімге айтпаған ғой) газетке шақырған Жанболат аға Аупбаевтың: «Дастан, сен шыда. Бастық мұның бәрін сені жақсы болсын деп тапсырып жатыр. Екі жылдан кейін ысылып, шыңдалып, әлі Ер ағаңа рахмет айтасың», – дегені есімде. Ержұман аға адамды осылай сөзбен ғана емес, тапсырма беріп еңбекке тәрбиелейтін.

    Қазір мен «Егеменнің» бұрынғы басшыларының бәріне журналистикадағы орнымды тауып бергеніне шын көңілден алғысымды айтамын. Осы газеттің арқасында ел-елді, жер-жерді көріп, ата-бабамыз аяқ баспаған шет елдерге шығып, аралас-құралас таныстарымды, достарымды таптым. Ең бастысы, Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдрахманов, Жанболат Аупбаев, Еркін Қыдыр сияқты журналистиканың жампоздарының қарамағында жұмыс істеу пешенемізге бұйырды. Ал Ер ағаның бір өзі қазақ баспасөзінің шын мәніндегі қара нары болды. Ол «Егеменнің» ежелден келе жатқан туын ешқашан төмен түсірген емес, керісінше, жалауын желбіретіп, ауыр жүгін арқалап жұмыс істеді.

    Маған Ержұман Өтешұлының кезінде газетте жұмыс істеу қиын болған жоқ. Оның ешқашан дауыс көтеріп, қатты сөйлегенін естімеппін. Ол бәрін ақылмен шешетін. Әлде бір жағдай болса: «Мен білетін Жұмабектің баласы болсаң сен былай істейсің», – деп ақыл-кеңесін айтатын. Ер ағамен алты жыл жұмыс істеген кезде біреуге түсініктеме жаздыртып, сөгіс жариялағанын, ескерту жасағанын да көрмеппін. Егер сондай жағдай болса ол бәрін ұмытып кететін. Ержұман аға сондай адам еді. Ол жұмыста адамды алаламайтын. Бәріне бірдей қарайтын. Әсіресе, редакцияда жастар жағының жүріс-тұрысына мән беріп, қамқорлығын аямай жасап отыратын. Ер ағаның кезінде қызметкерлердің бәрі үйлі болды. Ол кісі жастар үйленіп жатса, өз үйіндегі тойдай қуанатын. Солардың бәріне қатысатын. Ал жұмысқа келгенде талапшыл болды. Осы талаптың арқасында «Егеменге» жаңа келген жастардың ешқайсысы жаман болған жоқ. Ер ағаның өзі адамды жұмысқа қабылдар алдында «Бізге алдымен адам керек. Журналисті өзіміз тәрбиелеп шығарамыз», дейтін. Ержұман Өтешұлының осындай адамды алыстан танитын қасиеті бар еді. Ол жаңа тілшілерге ақыл-кеңесін айтып,  жол көрсетіп, жұмысына көмектесіп отыратын.

    Жалпы, біздің кезде редакцияның барлық қызметкерлері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай қызмет етті. Бәріміз қаланың сыртына шығып, уақытты көңілді өткізіп жүрдік. Қазір де «Егеменде» 1990-шы жылдардың ортасынан  бастап,  2016 жылға дейін жұмыс істеген әріптестер бір-бірімізбен ағалы-інілі болып араласып тұрамыз. Сый-құрметіміз ешқашан үзілген емес. Бұл да Ер ағаның қолдап жүрген аруағы шығар.

    Ержұман ағаның алдында газетте қырық жылдан астам уақыт қызмет еткен Марат аға Аққұл да арамыздан мәңгілік сапарға аттанды. Одан кейін Ер ағаның туған бауыры Байжұман аға Смайыл, Әлисұлтан Құланбай мен редакцияның бас есепшісі болған Махамбет Қазымов ағамыз да жалған дүниеден жүріп кетті. Осындайда көзкөрген адамдар өмірден өтсе Жаратқанның жазуына қолдан келер ештеңе болмайды екен. Осы кісілердің қазасы бәрімізге ауыр тиді. Ал былтыр қыста Ержұман аға бақилық болғанда Фейсбук әлеуметтік желісінде мына жазбаны қалдырған едім. Енді соны назарларыңызға ұсынайын.

    «Бүгін түс ауа төбеме жай түскендей болды. Ер аға, «Егеменде» бірге жұмыс істеп жүргенде бəріміз де сізді құрметтеп, сыйлайтын едік. Сіз нағыз басшы болатынсыз. 2004 жылы сəуір айында Александр Тасболатов пен Жақсыбай Самрат үшеумізді қызметке алған да сіз едіңіз. Содан бері сіздің азаматтығыңызды білеміз. Ал мана қаралы хабарды естігенім болмаса əлі де сенбей отырмын. 

    5 қаңтар күні Ер ағамен хабарласып, туған күнімен құттықтағанымда: «Қазір қайда жүрсің? Немен айналысып жатсың? Бəрі жақсы болсын!», – деп қал-жағдайды сұраған еді. Ержұман аға да білетін адамдарды туған күнімен құттықтап отыратын. Сондай кезде үлкен кісілерден туған күнімде ата-анаммен ғана сөйлесетінмін. Ал Ер аға хабарласқанда не деген ағалық мейірім деп ойлайтынмын. Ол кісі сондай мейірімді, үлкен жүректі адам еді. Сол себептен онымен қызметтес болған адамдардың барлығы Ер ағаны бір төбе көреді. Өйткені, ол қазақ журналистикасының желбіреген жалауы, қара нары. Ер аға біздің жүрегімізде бар да ешқашан естен кетпейді. Қазір күнде құран оқыған сайын адам бір тылсым күшті сезініп жүреді екен. Былтырдан бері əкем де бір секунд есімнен кеткен емес. Күн сайын жан əкем ойымда жүреді. Сондықтан мен үйдегі жеңгеміздің, Ер ағаның балаларының жан-дүниесін жақсы түсінемін. 

    Бүгін қайғылы хабарды естіген бойда белгілі журналист Талғат Ешен екеуміз «егемендіктердің» де ағамыздың үйіне барып, туған-туыстарына көңіл айтып жатқанын көрдік. «Егемен» Ер ағаның екінші үйі еді. Ол кісі жұмысын беріліп істейтін. Мамандығына, қызметіне адал болатын. Күн сайын редакциядан сағат түнгі 3-те, 4-те, кейде таңғы 5-те соңғы болып шығып, таңертең 8-ден кете жұмыстың алдында шылымын тартып отырып бізді қарсы алатын.

    Осы жолдарды Ержұман ағаны қимай жазып отырмын. Осылай болатынын кім ойлаған?! Ер ағаның иманы салауат болсын! Туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз», – деп жазғаным бар еді.

    Содан бері міне, бір жыл да өте шықты. Ер аға зайыбы Жақан Сүлейменқызымен бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Ұлдары Ержан мен қыздары Айжаннан 6 немере көрді. Ержұман аға бақиға аттанған соң Ержан бауырымыз ұлды болды. Келіншегі Айнаш былтыр 19 қарашада шекесі торсықтай  Әлиақбар деген сәбиді дүниеге әкелді. Қазір Ержан Ержұманұлы 4 баланы, қызы Айжан 3 баланы өсіріп отыр.

    Ер аға, Марат аға, Әлисұлтан аға мен Махамбет ағалар жүрегімізде мәңгі сақталады. Енді ағалардың үйлеріндегі жеңгелеріміз, балалары мен немерелері аман болсын, көрмеген қызықтарын ұрпақтары көрсін деп қана тілеуден басқа амал жоқ.

    Жандарыңыз жәннатта болсын, ағалар!

     

    Дастан КЕНЖАЛИН

    АСТАНА

    Ержұман аға зайыбы Жақан Сүлейменқызымен бірге «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясында

    Сәт

    Ер аға немересі Айбармен

    Бір топ қаламгердің ортасында

     

    3 пікір

    1. 2010 жылы Ер аға зейнетке шыққанында үйге мамам жылап келіп еді. Сол кезде бізге басшысынан емес бейне бір туған әкесінен айырылып қалғандай әсер қалдырды…

    2. Дастан

      Ер аға сондай жақсы адам еді

    3. Марқұм Ераға алтын адам еді. Мейірімділігі мен адамгершілігі шексіз еді. Жатқан жері жарық болсын…

    Жауап жазу Аян Қайтып алу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *