• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Бокс кешіне билеттер сатылымға түсті

    24 наурыз күні Almaty Arena спорт кешенінде үлкен бокс кеші болады. Осы күні кешкісін алматылықтар мен қала қонақтары кәсіпқой боксшылардың  жекпе-жектерін тамашалайды.

    Қазір осы сынға билеттерді бокс десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер Ticketon.kz, Zakazbiletov.kz, Kassir.kz сайттарынан және Almaty Arena спорт кешенінің кассасынан сатып алып жатыр.  Ал 24 наурызда шаршы алаңға Айдос Ербосынұлы, Садриддин Ахметов, Нұрсұлтан Жаңабаев, Дастан Садуұлы, Искандер Харсан, Асқат Жантұрсынов пен Диас Тастеміров шығады.

    Осы күні бокстың тісқаққан мамандары мен кәнігі шеберлері жекпе-жектердің ең тартысы және ең қызықтысы Айдос Ербосынұлы мен Лукас Ндафолумның арасында болады деп отыр. Айдос әлі ешкімге тізе бүгіп көрмеген. Ол 10 кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жеткен. Оның қарсыласы да оңай адам емес. 16 рет рингке көтеріліп, соның 15-ін ұтқан. Бұл айқаста Айдос WBO Global, WBC Asia мен WBA International титулдары үшін қолғап түйістіреді.

    Тағы бір айтатын нәрсе, бокс кешін Suleimen Promotions промоутерлік компания мен  Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырып отыр.

    Мұның алдында, 22 наурыз күні «Достық Плаза» сауда ойын-сауық орталығында боксшылар жаттығуларын көрсетеді. Ол сағат 13.00-де басталады. Келесі күні осы жерде сағат 17.00-де баспасөз мәслихаты мен салмақ өлшеу рәсімі өтеді.

    Бокс кешінін өзі жоғарыда атап өткеніміздей, 24 наурыз күні Almaty Arena спорт кешенінде сағат 19.00-де басталады. Қызықты және тартысты жекпе-жектерден қалыс қалмаңыздар.

     

    Рүстем ЖҰМАН,

    АЛМАТЫ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *