• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Университеттің істері бәріне үлгі

    Қамқорлық болған жерде табыс та болады. Бұл аксиома. Талантты спортшыларды тани біліп, оларға жағдай туғызған орта, белгілі бір жетістіктерге жетері хақ. Алматыда көптеген көне спорт орындары бар. Солардың бірі – М. Горький атындағы Орталық саябақтағы стадион бүгінгі күні жаңа заман ағымына сай жасанды төсініштермен жаңарып, халық игілігі үшін қызмет етуге дайын.

    Көп жылдық тарихы бар бұл стадионда кезінде қаншама дүбірлі жарыстар өтті десеңізші. Бұл стадион Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеттің қарамағында болғандықтан, айтулы оқу ордасының студенттері осы спорт алаңында денешынықтыру және спорт сабақтарын өткізіп келеді.

    Қазір «Спартак» стадионының соңғы құрылыс жұмыстары аяқталып келеді. Стадионының директоры Асқарбек Байсовтың айтуынша, жуық арада ол түгелдей  пайдалануға беріледі. Әзірге жасанды су жаңа төсеніштер төселіп болып, құрылыстың соңғы жұмыстары жасалынып жатыр. «Жақсы келді дегенше, жарық келді», – демекші, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, Алматы аймағы ЖОО Ректорлар кеңесінің төрағасы Такир Оспанұлы Балықбаев  мырза стадионның толықтай құрылысын қайта жасау бағытында белсене іске арласқан екен. Міне, енді ауқымды атқарылған жұмыстардың жемісі  де көріне бастаған секілді. Қолдау барда табыс та көп күттірмесі белгілі. Айтулы білім ордасының студенттері қалалық спартакиада жарыстарында спорттың  волейбол мен шағын футбол секілді түрлерінен үздік ойын өрнегін көрсетіп, бірінші орынды жеңіп алған. Сондай-ақ, 25-28 наурыз күндері Талдықорған қаласында армрестлингтен өткен «Дені сау ұрпақ – ел болашағы» атты Қазақстан чемпионатына қатысқан  Абай атындағы ҚазҰПУ Тарих және құқық институтының 1-курс студенті Көбей Дәулетұлы алтын жүлдені жеңіп алыпты. Енді талантты жас маусым айында көршілес Қырғызстанда өтетін Азияның олимпиадасында еліміздің намысын қорғайтын болады. Сонымен қатар университеттің дарынды жастары каратэ, қазақ күресі деген сияқты спорт түрлерінен елімізде ғана емес халықаралық, әлемдік жарыстарда жүлде алып, ел намысын абыроймен қорғап келеді.

    Жуырда осы білім шаңырағының талантты студенттері Зере Каримова, Алина Қабаева, Дана Қазтай мен Талғат Қайырмағанбетовтер кекушинкай каратэ-до жекпе-жегінен Астанада өткен әлем чемпионатының қола жүлделерін жеңіп алды. Сонымен бірге осы оқу ордасының дайындық бөлімінде дәріс алып жүрген жас спортшы Еуропаның қола жүлдегері, ел чемпионы, Қазақстан Республикасының спорт шебері Райымбек Майданбай болашақта әлем чемпионатын жеңіп алып, еліміздің көк байрағын көктен желбіретуді арман етеді.

    Иә, «Арман деген, бір белес біріне шықсаң бірі бар» – дегендей, талантты каратэ шеберінің мақсаты асқақ, арманы биік. Дегеніне  жетсін деп тілеу тіледік. Әрине, жеңістің  бәрі жаттығуда аянбай төккен тердің арқасында келеді. Соны жақсы білетін Райымбек сабақтан босай қалса болды, спорт залға келіп, шүмектеп тер төгеді екен. Бақ  еңбектенген жанға қонары анық. Әсіресе, «Ұстазсыз шәкірт тұл» – демекші, үлкен спорт әлеміне қанатын қамдам, шыңдап жатқан Қазақстан Республикасының спорт шебері, жоғары деңгейдегі жаттықтырушы, екінші дан қара белбеу иегері Ақмырза Кенжебаевқа шәкірттерінің айтар алғысы шексіз.

    Жалпы, айтулы унивеситетте оқи жүріп спортпен шұғылданып, жақсы көрсеткішке жетіп жатқан студенттердің барлығы осы білім шаңырағында  спортқа деген оңды көзқарастың нәтижесінде екендігін көруге болады. Қамқорлық болған жерде осындай толымды табыстарда көп күттірмей жататыны заңдылық. Қазақ күресінен де ауыз толытырып айтарлықтай табыстарды байқау қиын емес.

    Жуырда төл күресімізден өткен ел біріншілігінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Жорабек Ерсұлтан  ауыр салмақтағы бәсекеде алдына жан салмай  жүлде олжалапты. Қазақ күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері,  Абай атындағы ҚазҰПУ Дене мәдениеті және спорт кафедарасының ұстазы Еркін Сайдоқовтың қарамағында жаттығатын балуандар осылайша толымды табыстарға жетіп келеді. Өйткені, қарға сойса да қасапшы сойсын-демекші, білікті маман, танымал спортшыдан сабақ алған шәкірт қалайда белгілі нәтижеге жететіні белгілі. Тек бойында спортқа, ұлттық күреске деген сүйспеншілігі болса болғаны. Ал негізі спортқа жанашырлық, қамқорлық болған жағдайда жетістікте болары сөзсіз. Сондықтан да университет тарпынан жасалынып жатқан барлық жағдайлар студент жастар үшін екені белгілі. Ал, егеменді еліміздің ертеңі жастардың қолында.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ

     АЛМАТЫ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *