• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Алматыда дзюдодан Азия кубогы додасы аяқталды

    20 – 21 сәуір күндері Алматы қаласында Қазақстан дзюдо федерациясының құрметті президенті Бекет Сапабекұлы Махмұтовтың құрметіне дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасында Азия кубогы өтті, деп хабарлады Семей спорт академиясының баспасөз қызметі.     

    Осымен үшінші рет ұйымдастырылған додаға елімізден бөлек Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түркіменстан және Ресейден келген татами шеберлері қатысты. Қазақстан дзюдо федерациясының мәліметі бойынша, жарыстың бірінші күнінде 6 елден 224 жасөспірім белдессе, екінші күні 7 елден 186 жас спортшы өзара мықтыны анықтады. Айта кетсек, бұған дейін, яғни 2017, 2018 жылдары жастар арасында өткізілген доданың биыл ауқымы кеңейіп, жасөспірімдердің де бағын сынауға мүмкіндік берілді. Азия кубогы отандастарымыз үшін әлем чемпионаты алдындағы дайындық деуге болады. Нақтырақ айтсақ, 25 – 29 қыркүйек күндері Алматы қаласында дзюдодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтеді деп жоспарлануда.

    Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне сәйкес өткізіліп отырған Азия кубогы тәжірибе алмасып, жас спортшыларымыздың шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік жасаса, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге әлемдік рейтингте ұпайлар беріледі. Жарыс жеңімпаздарына 100 ұпайдан берілсе, күміс жүлдегерге 60, қола жүлдегерге 40 ұпайдан қосылады. Жасөспірімдер арасында өткен жарыста Қазақстан құрамасы 11 алтын, 10 күміс және 20 қола жүлдемен медаль кестесінде көш бастады.

    Белдесудің екінші күнінде татамиге жастар шығып, 14 салмақ дәрежесінде жүлдені сарапқа салды. 8 алтын, 8 күміс, 16 қола жүлдемен Қазақстан бірінші орынға шықты. Аталған додада Семей спорт академиясының шәкірттері де бақ сынаған болатын. Жастар арасында 66 килода Дастан Шаяхметов қарсылас шақ келтірмей алтыннан медаль тақты. Ал қыздар арасында 63 килода Зарина Сарипова бірінші орын алса, осы салмақта Кристина Сотникова үшінші орыннан көрінді. Жасөспірімдер арасында 73 кг-де Серікбол Естай топ жарса, қыздардан 57 кг салмақта татамиге шыққан Мөлдір Бейсенова үшінші орын алды.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *