• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Астанада ат үстінен садақ атудан әлем чемпионаты өтеді

    30 мамыр мен 2 маусым аралығында «Хан-шатыр» кешені маңында өтетін  «Nur-Sultan Ethno Fest» мерекесі аясында ат үстінен садақ атудан тұңғыш әлем чемпионаты ту көтереді, деп хабарлады Ұлттық спорт қауымдастығы.

    Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет  ұйымдастырылатын «Nur-Sultan Ethno Fest»  мерекесінде елордалықтар мен қала қонақтары тамашалайтын қызықтар мол. Аталмыш мерекені тамашалауға қолайлы болу үшін «Хан-шатыр» кешенінің маңында, Тұран даңғылының бойында ауқымды этно-қалашық бой көтереді. Бұл этно-қалашық – үлкен сахнадан, ұлттық қолөнер бұйымдарының сауда орны мен бірнеше көрмелерден, балалар мен ересектерге арналған ұлттық ойындар өтетін спорттық алаңдардан, төрт түлік пен асыл тұқымды  жануарларды қызықтайтын шағын сарайлардан, ұлттық жиһаздармен жабдықталған бірнеше киіз үйлерден тұрады. Төрт күн бойы тамашаланатын бұл мерекеде өткізілетін аударыспақ, садақ ату, арқан тарту, асық ату сияқты көптеген ұлттық ойындардың қатысушыларына марапаттау мен жүлделі сыйлықтар табыс етіледі. Сондай-ақ, осы күндері этно-қалашыққа келген бүлдіршіндерге   алтыбақанда тербелу, пони аттарға мініп серуендеу сияқты қызықтар тегін көрсетіледі.

    Міне, осы «Nur-Sultan Ethno Fest»  мерекесі аясында  жамбы атудан «Алтын жебе» атты тұңғыш  әлем чемпионаты ту көтереді. Мәдениет және спорт министрлігінің жылдық күнтізбелік жоспарына сәйкес өткізілетін бұл дүниежүзілік мергендер сайысының алаңы  этно-қалашық аумағында орналасқан.

    Еске салып өтсек, бұған дейін жамбы атудан «Алтын жебе» бәсекесі елорда төрінде екі мәрте халықаралық турнир ретінде өткізілді. Аталмыш  жарысты дүниежүзілік деңгейге көтеру мақсатында биылғы жылы ат үстінен садақ атудан І әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Әлемдік деңгейдегі бұл мергендік сайысына  Азия мемлекеттерімен қатар Оңтүстік Африка, Малайзия, Оңтүстік Корея, Иордания, Румыния, Финляндия, Польша, Венгрия сынды елдердің атақты мергендері қатысады. І әлем чемпионатының мергендік бәсекелері «Азия стилі», «Түрік стилі» және жамбы ату ережелері бойынша өткізіледі. Айта кетсек, «Nur-Sultan Ethno Fest»  мерекесі аясындағы «Алтын жебе» І әлем чемпионатын Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен Ұлттық спорт қауымдастығы бірлесе ұйымдастыруда.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *