• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ертең Қазақстан чемпионаты басталады

    19-26 мамыр аралығына белгіленген ұлттық спорттан ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты ертең Тараз қаласында ту көтереді. Биылғы елішілік чемпионат өткен жылғыдай тартысты бола ма?

    Ұлттық спорттың республикалық басты бәсекесін көзбе-көз тамашалау осы жылы  Жамбыл облысының жанкүйерлеріне бұйырды. Мәдениет және спорт министрлігі, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің 2019 жылға арналған бұқаралық-спорттық, сауықтыру іс-шаралары мен республикалық жарыстардың күнтізбелік жоспарына сәйкес ұйымдастырылған чемпионатта спортшыларымыз төрт спорттың  түрінен бақ сынайды. Атап айтқанда, ересектер арасында көкпардан – ХІХ, аударыспақтан – ХІХ, теңге ілуден – ХІІІ, жамбы атудан – V  рет өтетін бұл бәсекеге 16 өңірдің командалары қатысуда.

    Былтырғы  жылы елордадағы «Қазанат» ипподромында өткен елішілік чемпионаттың додасын ұлттық спорттың білікті мамандары жоғары бағалады. Жанкүйердің жадында жаңғырту үшін, сол чемпионаттың үздіктері туралы қысқаша айтып өтсек дейміз.

    Алдымен, теңге ілу жарысын айталық.  Тартысты бәсеке әлі көз алдымызда. Еліміздің барлық өңірінің үздіктері алғашқы айналымның өзінде бірінің жолын бірі кесті. Тіпті, 2015 жылы теңге ілуден өткен І ашық Азия чемпионатын жеңіп алған, 2017 жылғы «Ақ бидай» VІ республикалық ауыл спорты ойындарының чемпионы, 2018 жылғы ІІІ Азия чемпионатының жүлдегері Ғалымжан Ізжановтан да шеберлігін асырған жігіттер сол чемпионатта талайды таңдандырған-ды. Бастапқы кезеңдерде 14,22 секунд жылдамдықпен 5 теңгені қатар ілген Ғалымжан финалда 3 теңгеден өзгесін іле алмай, сан соғып қалды. Сөйтіп, 2018 жылғы теңге ілу бәскесінде ақтөбелік Тимур Иманғалиев Қазақстан чемпионы атанып еді. Екінші орынды   қарағандылық Төлеген Серғазиев, үшінші орынды Батыс Қазақстан облысының спортшысы Мағжан Жеңісов иеленген болатын.

    Суретте:  Теңге ілуден өткен І  Азия чемпионатын жеңіп алған,  2018 жылғы ІІІ Азия чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 жылғы жастар арасындағы І Азия чемпионатының чемпионы түркістандық спортшы Ғалымжан Ізжанов.

    Теңге ілуден бас жүлдені жұлып түскен Ақтөбе облысының командасы Аударыспақ жекпе-жегінде де қос алтын медальды қанжығасына байлаған-ды. 70 кг салмақтағы Шыңғысхан Ержанов, 60 кило салмақтағы  Азамат Серғазиндер қарсыластарын айқын басымдылықпен ұтты. Айта кетелік, бұл екі жігіт те аударыспақтан 2018 жылы өткен ІІІ Азия чемпиондары.

    Негізінде, өткен жылы аударыспақ спортында жаңа толқынның екпіні анық байқалды. Мысалы, алпысқа жуық аударыспақ балуандары арасынан 90 кг салмақта республикалық жарысқа алғаш қатысқанына қарамай қарсыластарын қидай сырыпырып ұтқан ақтөбелік жас балуан Алтай Сүйеубаев, аса ауыр салмақта ақмолалық Виктор Тимофеевтің әбжіл өнері жанкүйер ықыласын аудармай қоймады. Бірақ, жартылай финалдағы айқаста қапы кеткен Алтай Сүйеубаев қола жүлдені қанағат тұтты. Ал, тақымы тастай көрінген Виктор Тимофеевті қола жүлде үшін айқаста алматылық Мұратәлі Тезекбаев атынан аударып тастады.

    Суретте: Аударыспақ спортының даңқты балуандары (оңнан солға қарай) ІІІ Азия чемпионы Шыңғысхан Ержанов (Ақтөбе облысы),  Азияның бірнеше дүркін чемпионы Біржан Қосалиев (Түркістан облысы), Азияның бірнеше дүркін чемпионы Сырым Ізбасаров (Түркістан облысы), ІІІ Азия чемпионатының абсолютты салмақтағы чемпионы  Арман Сағынбаев (Ақтөбе облысы), 80 кг салмақта Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық турнир жеңімпазы  Есімхан Рахматілла (Түркістан облысы) және  ІІІ Азия чемпионы Азамат Серғазин (Ақтөбе облысы).

    Өткен жылғы елішілік бәсекеде Павлодар, Қызылорда, Маңғыстау, Қостанай облысының аударыспақшыларына жүлдесі бұйырмады. Бас жүлденің үшеуін Түркістан облысы олжалады. Атап айтсақ, Біржан Қосалиев, Сырым Ізбасаров және Есімхан Рахматілла. Екі бас жүлде есімдері жоғарыда аталған ақтөбелік балуандарға бұйырды.  Күміс, қола жүлделерге Алматы қаласының, Қарағанды, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облысы балуандарының ғана қолы жетті.

    2018 жылғы   сұрмергендер сайысында 15 спортшы бақ сынады. Жанкүйерлер болжамы бойынша жамбы атуда «Алтын жебе» халықаралық турнирінің жүлдегерлері Ералхан Айкөз, Айтбек Сарыбай, бірнеше шет ел жарыстарына қатысып, тәжірибе жинақтаған Елдос Бадашев, Абзал Тулыбеков қатарлы есімі танымал мергендердің бірі үздік шығуға тиіс еді. Расында да, «Қалқан ату» сайысында бір нысанаға қос жебеден дарытқан Абзал Тулыбековтен асқан мерген болған жоқ. Бірақ, жалғыз кезеңнен тұратын «Жамбы ату» сайысында суырылып алға шыққан қарағандылық хас мерген Талғат Омарбаев болды. Теңселе қозғалып тұрған «Алтын жамбыға» сегіз садақшының арасынан жебесін дәл қадаған да жалғыз Талғат мерген ғана еді. Сөйтіп, Талғат Омарбаев 2018 жылғы Қазақстан чемпионы атанып, Қарағанды облысының қоржынына тұңғыш алтын медальді салды. Екінші орын тараздық Абзал Тулыбековке, үшінші орын ақтөбелік Дәурен Кеңесбаевқа бұйырды.

    Суретте:   Жамбы атудан Қарағанды облысының бас мергені.  Бұған дейін бірнеше фестиваль мен турнирдің жүлдегері, 2017 жылғы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері,  жамбы атудан ұлттық құрама команданың  мүшесі, «Алтын жебе» халықаралық турниріне қатысушы,  2018 жылғы  Қазақстан чемпионы Талғат Омарбаев.

    Апта бойы жанкүйердің көңілін алаң қылған көкпар бәсекесіне 15 команда қатысқан-ды. Әдеттегідей, финалдық ойын түркістандық «Құлагер» мен тараздық «Әулие-ата» командалары арасында өтіп, 4:3 есебімен «Құлагер» командасы жеңімпаз атанып еді. Ал, үшінші орынға таласқан Қызылорда мен Маңғыстау облысы командаларының арасындағы ойында маңғыстаулық көкпаршылардың мерейі үстем болып, қола медальды қанжығаларына байлаған-ды.

    Міне, 2018 жылғы елішілік чемпионат осындай қызықтарымен есте қалып еді. Ал енді биылғы Қазақстан чемпионаты қандай деңгейде өтпек? Ұлттық спорттың есеп-шотын қаққан мамандардың айтуынша, алдағы чемпионатта да жаңа есімдер молынан танылуға тиіс. Себебі, биылғы сынға қатысуға тілек білдіргендер саны өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым көп көрінеді. Әсіресе, жамбы атушылар қатары қалыңдай түскен. Оның бір себебі, елордада жамбы атудан тұңғыш рет өтетін «Алтын жебе» әлем чемпионаты. І әлем чемпионатында бақ сынауға әркім-ақ құмар. Алдағы Қазақстан чемпионатында үздік шыққан бес мергеннің осы тұңғыш әлемдік додаға қатысу мүмкіндігі бар. Еске салып өтсек, жамбы атудан І әлем чемпионаты Нұр-Сұлтан қаласында 31 мамыр мен 2 маусым аралығында өтеді.

     

    Төлеген ЖӘКІТАЙ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *