• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақ мергендерінің қатары көбейіп келеді

    Ат үстінен садақ атудан тұңғыш ұйымдастырылған «Алтын жебе» әлем чемпионатының басталуына санаулы күндер ғана қалды. Қазіргі кезде жарысқа оннан астам мемлекеттің мергендерінен тапсырыс түсті. Ал, сонда осы дүниежүзілік мергендер сайысына қатысатын қазақ мергендері қатарында кімдер болуы мүмкін?

    «Алтын жебе» атауы әлем мергендеріне халықаралық турнир ретінде жақсы таныс. Себебі, 2017 жылы және 2018 жылы елорда төрінде «Алтын жебе» жарысы  халықаралық турнир деңгейінде ұйымдастырылды. Алғашқы жылғы бәсекеде 11 мемлекеттің 19 мергені, ал,  2018 жылғы «Алтын жебеде» 11 елдің 25 өкілі бақ сынады. Қос турнирдің де бас жүлдесін румыниялық сұрмерген Михай Козмей жеңіп алды. Бірінші турнирдің күміс медалін Айтбек Сарыбай иеленген-ді. Екінші турнирдің қола жүлдесіне Ералхан Айкөз, қола медаліне Абзал Тулыбеков қол жеткізген болатын.

    Бұған дейін «Алтын жебе» турниріне Түркия, Венгрия, Малайзия, Польша, Финляндия, Румыния, Ресей, Монғолия, Оңтүстік Африка, Оңтүстік Корея, Жапония мергендері қатысқан еді.  Атағы осылайша кең жайылған «Алтын жебені» дүниежүзілік жарыс деңгейіне көтеру мақсатында Ұлттық спорт қауымдастығы биыл жамбы атудан І әлем чемпионатын ұйымдастыруды жөн көрді. Жамбы атудан І әлем чемпионаты  Мәдениет және спорт министрлігінің жылдық күнтізбелік жоспарына сәйкес өткізілуде. Тұңғыш әлем чемпионатына шет мемлекеттерден екі спортшыдан, ұйымдастырушы ел тарапынан бес спортшыдан қатысады.

    Сонда І әлем чемпионатына Қазақ елі атынан қатысу бақыты кімдерге бұйыруы мүмкін? Әлі есімізде, жамбы атудан 2015 жылы алғаш ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатына саусақпен санарлықтай ғана спортшы қатысқан. Арада өткен төрт жылда қазақ сұрмергендерінің  қатары кәдімгідей қалыңдап қалды. Мергендеріміздің алды Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы атанып үлгерді. Түркия, Венгрия, Иорданиядағы халықаралық жарыстарға қатысып, тәжірибе жинақтады.  Биылғы елішілік чемпионатта республиканың әр өңірінен отызға жуық мерген бақ сынауда.

    Жамбы атудан V мәрте өткізілген Қазақстан чемпионаты 26 мамырда аяқталады. І әлем чемпионатына біздің елден кімдердің қатысатыны елішілік чемпионат қорытындысына қарай нақты айтылады. Алайда, біз бүгін осы уақытқа дейін жамбы атуда суырылып көзге түскен үздік мергендеріміздің бірнешеуін жанкүйер назарына ұсынуды жөн көрдік.

    І әлем чемпионатына қатысуы мүмкін қазақ мергендері

    Суретте: Жамбы атудың атақты мергендері (оңнан солға қарай) : Ат үстінен садақ атудан әлем чемпионы Абзал Тулыбеков, жамбы атудан 2017 жылғы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері және 2018 жылғы Қазақстан чемпионы Талғат Омарбеков, «Алтын жебе» халықаралық турнирінің күміс, қола жүлдегері, жастар арасындағы І Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ералхан Айкөз, «Алтын жебе» турнирінің күміс жүлдегері Айтбек Сарыбай.

    Абзал ТУЛЫБЕКОВ  –  Жамбыл облысы, Мерке ауданында 1996 жылы туған. 2017 жылғы жамбы атудан жастар арасындағы Қазақстан чемпионы. Спорт шебері. ҚР құрама командасының мүшесі. ІІ «Алтын жебе» халықаралық турнирінің қола жүлдегері (2018), Венгрияда өткен халықаралық фестивальге қатысушы. 2018 жылғы  Қазақстан  чемпионатының күміс жүлдегері, Оңтүстік Кореяда ат үстінен садақ атудан өткен әлем чемпионатының жеңімпазы (2018).

    Ералхан АЙКӨЗ (Түркістан облысы) – І «Алтын жебе» халықаралық турнирінің қола жүлдегері (2017), ІІ «Алтын жебе» халықаралық турнирінің күміс жүлдегері (2018), Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, 2019 жылы өткен жастар арасындағы І Азия чемпионатының күміс жүлдегері.

    Әлия КАМАЛОВА – 1997 жылы туған. Алматы облысы Қарасай ауданында тұрады. Жамбы атудан Қазақстан құрама командасының  мүшесі. Әлия ең алғаш жамбы атуды 2016 жылдан бастады.  Алматы қаласында 2016 жылы «Алтын мерген»,   2017 жылы «Nurmaganbet expedition» турнирін жеңіп алған. Ересектер арасындағы 2018 жылғы Алматы қалалық ашық  турнирінің жеңімпазы. Ұлы отан соғысы ардагерлеріне арналған Алматы облысының ашық турнирінің жүлдегері. Алматы қаласында өткен «Ұлы дала көшпенділер әлемі ойындарының» чемпионы. 2018 жылы Қырғызстанда өткен «Салбуурун» халықаралық жарысының күміс жүлдегері.

    Айтбек САРЫБАЙ –  Түркістан облысындағы Төлеби ауданының тумасы. Жамбы атудан жастар мен ересектер арасындағы елішілік чемпионаттарда бас жүлдені иеленіп, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы болды. Спорт шебері. Жамбы атудан Қазақстан құрама командасының мүшесі. Тұңғыш рет ұйымдастырылған «Алтын жебе» халықаралық турнирінің күміс жүлдегері (2017). Төрт жылда бір өткізілетін «Ақбидай» ауыл спорты ойындары спартакиадасының чемпионы (2017 жыл, Ақтөбе). Венгрияда өткен халықаралық ұлттық садақ ату фестиваліне қатысушы (2017 жыл).

    Талғат ОМАРБЕКОВ (Қарағанды облысы) – 2017 жылғы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, 2018 жылғы ел чемпионы, ІІ «Алтын жебе» турниріне қатысушы.

    Бақдәулет БАБАЖАН (Жамбыл облысы) – жастар арасындағы 2019 жылғы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, жастар арасындағы І Азия чемпионатының жеңімпазы (2019).

     

    Төлеген ЖӘКІТАЙ

     

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *