• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Тұңғыш әлем чемпионатына қатысатын мергендер

    Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Алтын жебе» І әлем чемпионатының басталуына санаулы ғана күндер қалды. Қазіргі кезде мергендер сайысына 12 мемлекеттің жиырмадан астам спортшысының қатысатыны анық болды. Олардың ішінде өткен жылдары «Алтын жебе» халықаралық турнирінде бақ сынаған бірнеше мерген бар. Жанкүйерге таныстыру мақсатында бүгін осы спортшылар туралы жариялауды жөн көрдік.

    Елордадағы «Хан-шатыр» кешені маңында, «Nur-Sultan Ethno Fest»  мерекесі аясында 31 мамыр мен 2 маусым күндері өтетін «Алтын жебе» І әлем чемпионаты ат үстінен садақ ататын шетелдік мергендер үшін жақсы таныс. Себебі, бұған дейін жамбы атудан «Алтын жебе» бәсекесі елорда төрінде екі мәрте халықаралық турнир ретінде өткізілген еді. Оған Венгрия, Оңтүстік Корея, Финляндия, Малайзия, Түркия, Монғолия, Ресей, Румыния, Польша сияқты елдердің құралайды көзге атқан әйгілі мергендері қатысқан болатын. «Алтын жебе» турнирінің  бас жүлдесі екі жыл қатарынан румыниялық сұрмерген Михай Козмейге бұйырды. Ал, турнирдің күміс, қола жүлделерін біздің Айтбек Сарыбай (2017 жылы ІІ орын), Ералхан Айкөз (2017 жылы ІІІ орын, 2018 жылы ІІ орын), Абзал Тулыбеков (2018 жылы ІІІ орын) сынды жас мергендеріміз иеленді.

    Енді міне, сол «Алтын жебе»  турнирі тұңғыш рет әлем чемпионаты  деңгейіне көтерілді. Мәдениет министрлігінің жылдық күнтізбелік жоспарына сәйкес өткізілетін бұл әлемдік сайысқа  төмендегі елдердің өкілдері   бақ сынайды. Жарысқа шет елдерден екі спортшы, ұйымдастырушы ретінде біздің елден бес спортшы қатысады. Осы жолы тұңғыш әлем чемпионатының бас жүлдесін қазақ мергендері  иеленуге тиіс  деген сенімдеміз.

    «Алтын жебе» І әлем чемпионатына қатысатын шетел мергендері 

    1. Альперен Алкан – Түркия
    2. Явуз Аяз – Түркия
    3. Уалид Хауажки – Сирия
    4. Али Гурмани – Иран
    5. Димитар Труканов – Болгария
    6. Ходлей Халсон – АҚШ
    7. Франк Сихлер – АҚШ
    8. Парк Беом Нам – Оңтүстік Корея
    9. Эрденесувд Эрдене – Моңғолия
    10. Гантумур Иденбаатар – Моңғолия
    11. Хонгр Уладаев  – Ресей
    12. Любовь Мороко — Ресей
    13. Виталий Гудын  – Украина
    14. Владимир Янченко– Украина
    15. Михай Козмей – Румыния
    16. Алмазбек Акунов  – Қырғызстан
    17. Аяна Қадырбекова  – Қырғызстан

    Суретте: 2018 жылғы «Алтын жебе» халықаралық турниріне қатысып, «Түрік стилі» бойынша өткен бәсекеде үшінші орынды, ал, турнир қорытындысы бойынша жүлделі бесінші орынды иеленген  Түркия сұрмергені – Алкан Ибрахим Альперен.

    Суретте: ІІ «Алтын жебе» халықаралық турнирінде төртінші орынды иеленген Моңғолия сұрмергені Эрдэнэсуфт Эрдэне

    Суретте: ІІ «Алтын жебе» халықаралық турнирінде «Азиялық стиль» бойынша екінші орынды иеленген Болгария сұрмергені  Димитар Труканов

    Суретте: ІІ «Алтын жебе» халықаралық турниріне қатысушы кореялық мерген Парк Беом Нам.

    Суретте: 2019 жылы Алматыда өткен Жастар арасындағы І Азия чемпионатында өнер көрсеткен ресейлік  мерген қыз Любовь Мороко.

    Суретте: 2017 жылғы және 2018 жылғы «Алтын жебе» халықаралық турнирінде бас жүлдені иеленген румыниялық сұрмерген Михай Козмей.

     

     Төлеген ЖӘКІТАЙ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *