• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Семей спорт академиясына «Еңбек Ерінің» есімі берілді

    Шығыс өңірінің спорт ұстаханасы Семей спорт академиясына грек-рим күресінен қазақтан шыққан Олимпиада және әлем чемпионы, «Қазақстанның Еңбек Ері» Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді. Даңқты балуан спорт академиясында өткен салтанатты жиынға қатысып, шаһар жастарымен оқушылары, жас спортшылар құрметпен қарсы алды.

    Жақсылық ағаның есімін ұлықтап жатқан жақсы жаңалықты естіп, еліміздің мақтаныштары, байрақты бәсекелерде қазақтың Көк Туын желбіретіп, Әнұранын асқақтатқан спорт саңлақтары да көптеп жиналды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов салтанатты шараға қатысып, Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілген Семей спорт академиясынан болашақта Олимпиада чемпиондарының шығатынына сенім білдірді.  «Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала» деп, спорттың маңызын айрықша бағалайды. Біздің аймақта, Елбасы тапсырмасы лайықты іске асуда», — деп атап өтті Даниал Кенжетайұлы салтанатты жиында.

    Расында, облыс әкімінің тікелей басшылығымен қаламызда, Семей спорт академиясы жанынан спортта дарынды балаларға арналған 200 орындық жатақхана бой көтеріп, грек-рим және еркін күресіне арналған зәулім спорт залы ашылды. Заманауи, баламасы жоқ «Абай Арена» мәдени-спорт кешені де өз есігін айқара ашуға жақын.

    Балуанды ортаға шақырғанда, Жақсылық ағаның бойында толқыныстың басым екенін анық аңғардық. «Семейдің топырағы киелі. Осы жердің қасиеті болар, Олимпиаданың алтын жүлдесі бұйырды. Бұл маған көрсетілген құрметтің ең биігі. Мен сіздермен бақыттымын. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов бастаған ел азаматтарына алғыс айтамын. Менің есімім берілген спорт академиясынан Олимп шыңын бағындырар спортшылар шықсын», – деп тілек білдірді Жақсылық аға.
    Жақсылық Үшкемпіров – КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «FILA күміс», «FILA алтын» орденінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетінің «Құрмет» орденінің, I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, Біріккен күрес әлемі (UWW) халықаралық федерациясының Даңқ залына есімі енгізілген, Алматы, Семей, Тараз қалаларының, Алматы және Жамбыл облыстарының Құрметті азаматы.

     

    Ерзат ЖАНАТҰЛЫ,

    СЕМЕЙ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *