• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Қазақстан барысы» турнирінің жүлде қоры – 50 млн теңге

    2 шілде күні «Барыс Арена» спорт кешенінде қазақ күресінен жетінші рет жалпы республикалық турнирдің финалдық белдесулері өтеді.

    Ұлттық күресімізден жалпыұлттық жоба биыл да жалғасын тапты. VІІ «Қазақстан барысы» турнирі жылдағыдай төрт кезеңге бөлініп өткізіліп отыр. Ауылдық, аудандық және облыстық белдесулері толықтай аяқталды. Енді республикалық финалы өтеді.

    Финалға әр аймақтан іріктеліп шыққан үздіктер қатысады. Атап айтқанда, 14 облыстың, Астана және Алматы қалаларының, сондай-ақ «Әскер барысы» турнирінің жеңімпаздары мен финалына шыққандары бақ сынайды. Балуандар саны – 34. Әрі финалда белдесетін балуандардың бәрі де допинг-тексерістен өтеді.

    Айта кетейік, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры былтырдан бері әскери қызметкерлер мен құқық қорғау органдары арасында да іріктеу турнирлерін өткізіп жүр. Биыл осы жобаның үздіктері де республикалық турнирдің финалында бақ сынайды.

    Биылғы финалдық белдесулер 12 мың көрермен сыятын «Барыс Арена» спорт кешенінде өтеді. Бұған дейін «Дәулет» спорт кешенінде және «Сарыарқа» велотрегінде (10 мыңға жуық) ұйымдастырылып келген. Негізінен хоккейшілерге арналған «Барыс Арена» спорт кешенінде балуандар белдесетін кілем трибуналарға жақын орналасады. Көрермендер үшін ыңғайлы.

    «Сарыарқа» велотрегіне ешқандай өкпеміз жоқ. Қай кезді алып қарасақ та турнир жоғары деңгейде өтті. Ал «Барыс Аренаға» биылдан бастап ауысуымыздың басты себебі – бұл спорт сарайы күрес спорты үшін өте тиімді. Нақтырақ айтқанда, жанкүйерлер үшін өте ыңғайлы», дейді Қазақ күресі федерациясының президенті, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Арман Шораев.

    Биыл да «Қазақстан барысы» турнирінің жүлде қоры қомақты болады (50 миллион теңге). Мәселен, әр белдесуде жеңіске жеткен балуанға 100 мың теңге табыс етіледі. Ал жүлделі орындарға ие болған балуандар мен олардың бапкерлеріне берілетін ақшалай сыйлықтар сомасы төмендегідей:

    ІІІ орын: Балуанға – 1 800 000 теңге, бапкеріне – 900 000 теңге
    ІІ орын: Балуанға – 5 500 000 теңге, бапкеріне – 1 800 000 теңге
    І орын: Балуанға – 25 000 000 теңге, бапкеріне – 3 500 000 теңге

    Сонымен қатар, көрермендер арасында, яғни сатып алған билеттердің нөмірлері бойынша «Renault Logan» автокөлігі ойнатылады. Балуандар белдесуінен жаяу қайтпау үшін «Қазақстан барысы» турнирінің финалына билет сатып алуыңыз керек. Билеттер 500 теңгеден 5 мың теңгеге дейінгі аралықта.

    Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Бейбіт Ыстыбаев үш рет топ жарып, Ұлан Рысқұл, Айбек Нұғымаров және Мұхит Тұрсынов жеңімпаз атанған болатын.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *