• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақстан допингпен күресті қатаңдатады

    Польшаның Катовице қаласында Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов бастаған делегация WADA ұйымының бас директоры  Оливьер Нигглемен және осы мекеменің Азия өңіріндегі кеңсесінің басшысы  Казухиро Хайашимен кездесті. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің бапасөз қызметі хабарлады.

    Кездесу спорттағы допинг мәселесіне арналған V Бүкіләлемдік Допингке қарсы конференция аясында өтті. Қазақстандық тарап допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін арттыру секілді мәселелерді қамтитын заң жобасы туралы кеңінен айтып берді. Өз кезегінде, Ниггле мырза Қазақстан Үкіметінің реформаларын бас бармақпен бағалап, болашақта допингпен күрес мәселесінде ынтымақтастықтың нығаятынына сенім білдірді.

    Естеріңізге салайық, дене шынықтыру және спортқа қатысты заң жобасы Мәжілістің екінші оқылымында мақұлданып, Парламент Сенатының қарауына жіберілген болатын.

    Өз кезегінде, Казухиро Хайаши допинг-сынамалардың сақталуы жүйесінің реформаланып жатқанын айта кетті.

    «Олимпиада ойындарына дейін алынған допинг сынамалар болашақта 10 жыл сақталатын болады. Бұл допинг-сынамаларды сақтау мен оларды қайтадан сараптамадан өткізудің әлемдік бағдарламасы болады»,-деді Хайаши.

    Сонымен қатар қос тарап допингке қарсы кодекс пен халықаралық допингке қарсы талаптардың қайта қаралу мәселесін талқылады. Жаңа халықаралық стандартқа сүйенсек, қандай да бір елдің допингке қарсы агенттігі халықаралық кодекске сай келмейтін болса, сол елдің спортшысы жарыстан шеттетіледі, оның қатарында Олимпиада ойындары да бар.

    Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылғы желтоқсан айында  WADA ұйымы допингке қарсы кодекс пен халықаралық допингке қарсы стандарттарды қайта қарау процесін бастаған болатын.  Содан бері 2000 түзетулер енгізіліп, біршама өзгерген құжатты заңгерлер сараптаудан өткізген еді. 2017 жылдан бері қаралып келе жатқан өзгерістер Польшадаға конференцияның да басты тақырыптарының бірі болады.

    Польшаның Катовице қаласында спорттағы допинг мәселелеріне арналған V Бүкіләлемдік Допингке қарсы конференция 5 қарашадан бері өтіп келеді . Оған әлемнен 1000-нан астам делегат қатысып жатыр. Күн тәртібінде – допингпен күрес мәселесі. Сондай-ақ, конференция барысында Польшаның спорт және туризм министрі  Витольд Банька Бүкіләлемдік Допингке қарсы Агенттік  ұйымының (WADA) басшысына тағайындалады.

     

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *