• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    «Алтын тұғыр» – ұлттық спорт үздіктерін марапаттау салтанаты өтеді

    Ертең Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазмедиа» орталығының концерт залында Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен, «Nur-Otan» партиясының қолдауымен биыл жетінші мәрте «Алтын Тұғыр-2019» атты ұлттық спорт үздіктерін марапаттау салтанаты өтеді, деп хабарлады Ұлттық спорт қауымдастығы.

    Ұлттық спорт саласындағы үздіктердің мерейін көтеруді мақсат тұтқан бұл дәстүрлі марапаттаудың басталуына бір күн ғана қалды. Жетінші мәрте ұйымдастырылатын биылғы «Алтын тұғыр» сыйлығының иегерлері – 2019 жылғы ұлттық спорттың республикалық, халықаралық жарыстарда дара шыққан жеңімпаздар болмақ. Аударыспақ, теңге ілу, жамбы атудан, көкпардан Алматыда өткен жастар арасындағы І Азия чемпионатында, елорда төрінде өткен «Алтын жебе» І Әлем чемпионатында жеңімпаз атанған, бәйге мен құсбегілік бәсекелерінде топ жарған және тоғызқұмалақтан, асық атудан, қазақ күресінен халықаралық жарыстарда жүлделі орын иеленген көптеген спортшылар «Алтын тұғыр» сыйлығына лайық деп танылады.

    «Алтын тұғыр» салтанатына Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Ұлттық спорт қауымдастығының құрметті президенті Қайрат Сатыбалдыұлы, Мәжіліс депутаты, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан және басқа да есімдері елімізге кеңінен танымал лауазым иелері қатысады деп күтілуде.

    «Алтын тұғыр» – жастарымызды ерлікке, батылдыққа, ептілікке, өжеттікке, жүректілікке тәрбиелейтін, рухын шыңдайтын ұлттық спорттың дәстүрлі жиыны. «Алтын тұғыр» – Ұлттық спорт бәсекелерінде ел намысын асқақтатып жүрген азаматтарымыздың есімін ардақтайтын думанды кеш. «Алтын тұғырда» елімізге танымал әншілер сахна төрінде өнер көрсетеді.

    «Алтын Тұғыр-2019» ұлттық спорт үздіктерін марапаттау 5 желтоқсан күні елордадағы «Қазмедиа» ғимаратының концерт залында өткізіледі. Басталуы сағат 19-00-де. Кіру тегін.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *