• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Сауд Арабиясына сапар

    Барлық мадақ Аллаға ғана тән!

    Жаңа жыл мен үшін шетелге шығудан басталды. Маған шыны керек, Меккеге барып, Умра қажылық парызын өтеймін деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді. Бәрі Құдайдың қолында екен. Бәрі сол Алла тағаланың қалауымен болып отыр.
    Бұл сапарға мені Қазақстанның атынан Азия спорт баспасөзі ассоциациясы шақырды. Олар барлық жол ақысын, жатын орынды өз мойындарына алды.
    Енді міне, Меккеге барып келгеннен кейін Жидда қаласында бүгін кешке футболдан Испанияның Суперкубогы үшін «Реал» ( Мадрид) мен «Атлетико» ( Мадрид) клубтарының арасында болатын финалды күтіп отырмыз.

    Сауд Арабиясына 10 қаңтар күні кешке ұшып келгенмін. Келген бетте әуежайдан Қазақстанның Жидда қаласындағы Бас консулы Талғат Шалданбайдың көмекшісі Дияр Асқаров күтіп алды. Осы жерде бізге Азия спорт баспасөзі қауымдастығының адамдары көлік беріп, қонақ үйге жеткізді. Отельде көп кешіккен жоқпыз. Өйткені, Араб түбегіне табаным тиген кезде бірден Меккеге бару ниетім болған. Соған ниеттеніп, Дияр екеуміз жүргізуші Аюбтың автокөлігімен қасиетті жерге жетіп алдық.

    Енді Умра қажылықтан алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Маған кешеден бері достарым жекеге шығып «Сенің осы жерге келіп, жақсы әсер алып, керемет сезімде болуың Алланың пендесіне берген бір сыйы шығар», деп жатыр. Оны енді, бір Алла біледі. Мен ештеңе айта алмаймын. Меккеде Қазақстаннан қажылыққа барушылар көп екен. Оларды Ыстамбұлдың аэропортында да көргенмін. Қастарына барып, сәлемдескенмін. Сонда көбісі мұсылманның бес парызының бірін өтеуге турфирма арқылы бара жатқандарын айтқан. Меккеде сол жігіттермен бірге намазға жығылдық. Одан кейін Қағбаны жеті рет айналып, Жаратушы иемізге мадақ айттық. Осы жерде бізден басқа да мыңдаған адамдар қасиетті тасты айналып жүріп, өз тілдерінде «Алладан басқа Құдай жоқ. Мұхаммед оның елшісі», деп айтып жатты. Қағбаны жеті рет айналып болған соң екі ракат намаз оқып, Алладан елімізге, жұртымызға, Отанымызға, отбасымызға, ағайын-туыс, бауырларға, дос-жарандарға барлық ең-ең жақсы тілектерді тілеп, қайтқан адамдарға дұға жасадым. Одан кейінгі рәсім – Сафа мен Мәруа төбелерінің арасын жеті рет айналып шықтым. Бұл төбелер Құранда көрсетілген. Екеуінің арасында жасыл шаммен жарықталған 55 метр сағи жасайтын жер бар. Сол жерден жүгіріп өттім. Ал Сафа мен Мәруа төбелерінің арасы шамамен 400 метр. Екеуінің арасында зәм зәм су да ағып жатыр. Содан ауыз тиіп, рәсімді әрі қарай жалғастыра беруге болады.

    Бұдан кейін Дияр екеуміз Меккеден шығып, Аюбтің көлігімен Жиддаға бет алдық. Бұрын XIX ғасырда осы қалада Құнанбай қажы мешіт салғанын білеміз. Енді еліміз қасиетті жерде сондай мешіт салса жақсы болар еді. Қазір өзбектердің өзі Мәдина қаласынан жер алып, соның жемісін көріп жатыр екен. Негізі бар ғой, біздің өзбек ағайындардан үйренетініміз көп. Оны жасырып, намыстанудың қажеті жоқ. XXI ғасыр өзбек ғасыры болса таңқалмаймын. Осы сөзім — өз сөзім.

    Осылай әңгімелесіп, Жиддаға да келдік. Келесі күні Дияр екеуміз қаланың біраз жерін аралап көрдік. Жидда — Қызыл теңіздің жағасында салынған қала. Сол теңізге барып, ауасын жұтып қайттық. Келе жатқанда жолда Хауа ананың жерленген жеріне бардық. Одан әрі ескі қаланы көріп, жүздеген жылдардан бері келе жатқан көне кірпіштерден салынған үйлерге кіріп, аурасын сезіндік. Бұл жерден де жақсы әсер алдық. Ескі қаланың үйлері әлі сол қалпында бұзылмай тұр екен. Соған риза болдым. Егер тіптен құлауға шақ қалған үйлер болса оларды қайта жөндеп қойыпты. Үйлердің көбісінің астында дүкендер бар. Онда туристерге сувенирлер мен басқа да заттар сатылады. Тағы бір байқағаным, ескі қалаға шетелдіктер көп барады екен. Мұнда адамдар ашық алаңда отырып, ескі үйлердің пейзажын салып жатқанын көрдік. Суретті әйелдер де салады. Осы жерде бетін тұмшалап алған араб әйелдерін көрмедім. Жалпы, көшеде нәзік жандар қалай киінсе де өз еркі сияқты. Осы туралы Диярдан сұрасам, ол қазір араб әйелдеріне бетін жаумай жүрсе ештеңе істемейді дегенді айтты.

    –Көшеде бетін жауып жүрген әйелдер сән үшін солай киінеді. Бұрын бет-аузын тұмшалап жүретін. Қазір сол әдет әлі қалмай келеді, – деді ол.

    Расында да көшеде шашын жіберіп жүрген әйелдерді де көрдік. Бір қызығы, біз ойлағандай оларға ешкім ештеңе деп жатқан жоқ. Ал бірақ тұрмыста әйелдердің ер адамға қарағанда құқы шектеулі екен. Мысалы, неке бұзылса әйелге ештеңе қалмайды. Ал ер адам бәрін алады. Арабтардың бұрыннан бері бірнеше әйелге үйленіп келе жатқаны да сондықтан шығар.

    Енді осы жерден тоқтап, кешкі футболды тамашалауға дайындалайын.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    МЕККЕ – ЖИДДА (Cауд Арабиясы Корольдігі)

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *