• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Универсиада: Керлинг жарысының жеңімпаздары анықталды

    Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған VIIІ Қысқы Қазақстан Универсиадасы  жалғасуда. Бұл туралы  Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

    Бүгін «Алматы аренада» керлинг жарысының жеңімпаздары марапатталды. Жарысқа 10 жоғары оқу орнының студенттері қатысты.

    Бұл сында ерлер арасында бірінші орынды Қазақ спорт және туризм академиясы жеңіп алды. Күміс жүлдені С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, ал қола медальді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің өкілдері иеленді.

    Қыздар арасында да жарыс тартысты өтті. Бұл бәсекеде де Қазақ спорт және туризм академиясының студенттеріне тең келер ешкім болмады. Олар бас жүлдені алып кетті. Екінші орынға М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жастары ие болса, ал үшінші орынды Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің құрамы қанағат тұтты.

    Аралас жұптар арасында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті үздік нәтиже көрсетті. Одан кейінгі орынға Шет тілдер және іскерлік карьера университеті жайғасса, үшінші орын С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне бұйырды.

    Аралас командалар арасындағы жарыстар да қызықты өтті. Бұл сында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің студенттері құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Екінші орынды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті місе тұтты. Ал үшінші орынды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті иеленді.

    Жалпыкомандалық есепте бірінші орынға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті шықты. Одан кейінгі орынды Қазақ спорт және туризм академиясы иеленсе, үшінші орынға С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті табан тіреді.

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *