• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ағылшындар қазақ баласына құрмет көрсетті

    Белгілі қаламгер, қазақ спорт журналистикасының ардагері Несіп Жүнісбаевтың ұлы Айдын Жүнісбаев «Манчестер юнайтед» (Англия) жəне «Қайрат» (Алматы) клубтарының жанкүйері. Сонымен бірге ол ағылшын командасының фан-клубының мүшесі.

    Жақында Несағаңның Алматыдағы үйіне Тұманды Альбионнан қуанышты хабар келіп жетті. Оның ұлы Айдын УЕФА Суперкубогы үшін өтетін матчқа билетті жеңіп алыпты. Ал бұл ойын Македонияда «Реал» (Мадрид) мен «Манчестер юнайтед» клубтарының арасында өтетіні белгілі.

    — Бұл біз үшін керемет оқиға. Ағылшындардың атақты командасы Айдынға билет жіберіпті. Ғажап емес пе? Біздің клубтар осындайды істей алар ма екен?!, — дейді жазушы.

    Одан əрі Н.Жүнісбаев whatsapp желісімен бізге жазған хатында былай деді:

    — Бұл билетті əркім ақшаға сатып ала алады. Əуелі Айдын да солай істегісі келген. Ол билеттің бағасын сұрағанда Англиядағы ағайындар 800 еуро депті. Ал Қазақстандағы алыпсатарлар 700 еуро деген екен. Бірақ ағылшындар Айдынның «Манчестер юнайтед» командасының атына билет сұраған хатын жəне оның фан-клубтың мүшесі екенін ескеріп, өздерінің жанкүйерлері арасында 6 000 билеттің лотореясы ойнатылатынын айтыпты. Сөйтіп, Айдын сайт арқылы лотореяға қатысып, соның жеңімпазы атанады. Үш күннен кейін Англиядан Айдынға 6000 билеттің біреуі бұйырғаны туралы хат келді.

    Несағаңның айтуынша, бұл оқиғаны баласын насихаттау үшін айтып жатқан жоқ.

    — Мұны мен «Манчестер юнайтед» сияқты атақты команданың жанкүйерлеріне деген құрметін көрсетіп, содан қазақстандық клубтардың үлгі алса деген оймен айтып отырмын, — дейді.

    Біз де Н.Жүнісбаевтың осы ойына толық қосыламыз. Қазір қазақ спортына халықтың командаға немесе жекелеген адамдарға жанкүйерлігі ғана емес, спортшылардың да өздерінің фанаттарына жанашырлығы керек.

    Дастан КЕНЖАЛИН

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *