• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Формула-1 тарихындағы үздік пилот кім?

    Формулаға қызығушылық танытқан кез-келген адамның ойына кем дегенде бір рет келетін сұрақ осы. Алайда, бұл сұраққа анық жауап беру мүмкін емес. Себебі, Формула-1 – технологиялар жарысы. Бұл жарыстағы жағдай жыл санап емес, апта санап өзгеріп жатады. Жыл өткен сайын болидтер де, технологиялар да қарыштап дамуда.

    Сол себепті де, өткен ғасырдың жұлдыздарын қазіргі пилоттармен салыстыру дұрыс емес. Заман басқа, заң басқа. Дегенмен де, сұраныс барда, ұсыныс бар. Сұрақ болса, оған жауап іздеушілер де табылады.

    Осы аптада Amazon Web Services жасанды интеллектті пайдалана отырып, әр замандағы пилоттардың көрсеткен нәтижелерін салыстыратын алгоритм жасап шығарыпты. Ол алгоритм әр замандағы болидтердің жылдамдығын барынша теңестіріп, математикалық есеп арқылы Ф1 тарихындағы барлық пилотты бірдей болидке отырғызса, кім жылдам болар еді деген сұрақтың жауабын іздепті.

    Сонымен, жасанды интеллекттің ойынша, Формула тарихындағы ең жылдам пилот – бразилиялық «сиқыршы» Айртон Сенна. Формулалық карьерасында екі дүркін әлем чемпионы болған атақты пилот – автоспорттың символына айнала білген ерекше тұлға. 1994 жылы А.Сенна өз карьерасының шыңына жетіп, талайдың арманы болған Williams командасына қосылған болатын. Алайда, көптен күткен жеңістерге қол созым сәт қалғанда, Имоладағы апаттан қаза тапқан пилот әлі күнге дейін Ф1 тарихындағы ең биік орынды әлі ешкімге берер емес.

    Бұл есеп бойынша, аты аңызға айналған «қызыл барон» Михаэль Шумахер Сеннадан 0,1 секундқа артта қалатын көрінеді. Өзінің ең нәтижелі жылдарын Ferrari мен Benetton-ның сапында өткізген неміс пилоты әлемдегі ең танымал және ең сәтті өнер көрсеткен пилот болып қалуда. Шумахердің тегі қазақ қоғамында адамның аты емес, жылдамдық сөзінің синониміне айналған. 7 дүркін әлем чемпионы атағы да Шумахерден кейін әлі ешкімге бұйырған жоқ.

    Михаэльдің артынан 0,15 секундтан соң қазіргі Mercedes-тің жұлдызы Л. Хэмильтон келеді екен. Михаэльдің соңынан еру Льюис үшін қалыпты нәрсе. «Қызыл баронның» мәңгілік болып көрінген көптеген рекордтарын бұзып келе жатқан Хэмильтон жақын уақытта өзінің 7-ші чемпиондығына қол жеткізіп, М.Шумахермен бір сатыға көтеріледі деп күтілуде.

    Аталған үштіктен бөлек, рейтингте Йос Ферстаппеннің ұлы Макс, Renault-ның бағы мен бас ауруына қатар айнала білген Фернандо Алонсо, Л. Хэмильтон мен М. Шумахердің екеуімен де командалас болып, екі аңызды артта қалдыра білген жалғыз адам – Нико Росберг те бар.

    Әрине, бұның барлығы математикалық есептің, модельдеудің нәтижесі. Бұл хабарды шынайы ақпарат деп айту қиын. Алайда, аты аталған үш пилоттың Формула тарихындағы алатын орны ерекше екендігі анық. Олардың таланты мен ұлылығы ешкімде күмән тудырмауы тиіс.

     

    Ернұр МОЛДАШЕВ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *