• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Бородюк: Румынияда жеңіске жетуіміз керек

    Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Александр Бородюк 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Румыния мен Армения құрамаларына қарсы өтетін ойын алдында сұхбат берді.

    – Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде мықты топқа түсті. Қарсыластарымыз әлем және Еуропа чемпионаттарында өнер көрсетіп жүрген тәжірибелі құрамалар. Бір жағынан біздің футболшыларымызға үлкен тәжрибе болмақ. Еуропа футболының деңгейі жоғары екенін бүкіл әлем жақсы біледі. Мен қазақстандық футболшылардың кәсіби тұрғыда дамуына мүмкіндігі бар екенін ылғи да айтып келемін. Егер ұжымдағы жігіттер кәрі құрлықтың біріншіліктерінде доп тебетін болса, жергілікті футболға бой үйретіп, халықаралық турнирлерде жеңіске жетуіне оңай болатын еді.

    Румынияның осал команда емес екенін бәрі біледі. Өткен жылы Францияда өткен Еуропа чемпионатына қатысқанын айта кеткен жөн. Өз басым құрамамыздың румындардан жеңілмейтініне сенімдімін. Жанкүйерлер тартысты кездесуге куә болады. Біз енді алдағы екі матчы сәтті өткізіп, кез келген қарсыласқа лайықты қарсылық көрсете алатынымызды дәлелдеуіміз керек.

    – Өткен жылы Астанада Румынияға қарсы ойында ұлттық құрамамыз тең ойнап, бір ұпай алған еді. Сырт алаңда да ұпай алу үшін не істеу керек?

    – Бір нәрсені ескере кету керек, футболда қарсыластар бір болғанмен, әр ойын бір-біріне ешқашан ұқсамайды. Сәйкесінше әр матч өзіндік ерекшелігімен есте қалады. Мәселен, Польшаға қарсы ойында Роман Мұртазаев гол салып, 1:0 есебімен алға шыққан едік. Алайда, төреші бұл голды есепке алмай қойды. Бұл доп саналғанда ойын нәтижесін өзгертуі әбден мүмкін еді. Қазіргі уақытта біз қателіктерімізбен жұмыс істеп, жаттығуларымызды пысықтап жатырмыз. Біздің дәл қазіргі басты кемшілігіміз – стандартты жағдай.

    – Құрамамыз Арменияға қарсы ойынды қандай көңіл-күймен бастайды?

    – Мен өз командама толық сенемін. Алдағы Румыниядағы ойында жеңіске жетіп, Арменияға қарсы жақсы көңіл-күймен ойнаймыз деп үміттенемін.

    – Румынияда бірден үш ойыншы (Бауыржан Исламхан Юрий Логвиненко және Георгий Жуков) алаңға шыға алмайтыны белгілі. Бұл алдағы ойынға қаншалықты әсер етуі мүмкін?

    – Ойыншылардың жарақат алуы белгілі бір деңгейде матчқа да әсер етеді. Бұл кездесуде ұлттық құраманың өзге ойыншыларына мүмкіндік беріп көреміз.

    Егер 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі ойындарына талдау жасар болсақ, екі матчта ойыншыларымыздың бірі алаңнан қуылып, он адаммен ойнадық. Бұл кездесудің нәтижесіне тікелей әсер етті деп айта аламын. Сол бір тәртіп бұзушылық болған сәт ойыншының қызыл қағаз алуына тұрарлық па? Міне, осы жөнінде көбірек айтуға болар. Бірақ, бұл олқылықтарымызды да басты назарда ұстап, алдағы уақытта қайталамауға тырысуымыз керек. Мұндай жоғары деңгейлі матчтарда он ойыншымен ойнау оңай емес. Ал Черногория мен Польшаға қарсы стандартты жағдайларда көп қателіктерге бой алдырдық. Мұның бәрі ішкі біріншіліктің деңгейіне, яғни бәсекеге қаншалықты қабілетті екеніне, ойыншылардың қаншалықты жылдам ойнайтынына да байланысты. Егер чемпионатта екі команданың дәрежесі жоғары болса, кей қателіктерді кешіруге болар. Ал халықаралық деңгейдегі ойындарда болмашы сәттер өзіңді бірден қапы қалдырып жататынын есте сақтаған абзал.

    – Еревандағы матчта ұлттық құрамамыз лайықты өнер көрсетті. Егер ойыншымыз қызыл қағаз алмағанда Армениядан бір ұпай алатын мүмкіндігіміз болар еді. Ал матчта Генрих Мхитариянның жоғары деңгейде ойнағанын да атап өтпей кетуге болмас…

    – Бұл кездесуде біз нашар ойнадық деп айта алмаймын. Матчты өз қолымызға алып, бірнеше қауіпті сәттер ұйымдастырған кездеріміз болды. Белгілі бір тұста басымдығымыз да білініп жатты. Дегенмен ойыншылардың жекелеген шеберлігі үлкен рөл атқарады. Мхитариян нағыз шебер ойыншының өзі. Өзінің деңгейін бізге қарсы ойында тағы бір мәрте дәлелдей білді. Орайы келген тұстарда қақпамызды бірнеше рет қапы қалдырды. Егер Польшаға қарсы ойынды еске түсірер болсақ, Роберт Левандовскидің ерекше ойынын айта кеткен жөн. Ол тек шабуыл шебінде ғана басымдығын көрсетпей, қорғанысқа да жиі көмектесіп жүрді. Шабуылды алаңның орта тұсынан бастаған кездері де болды. Ал біз неғұрлым көбірек тәжірибе жинауымыз керек. Қателіктерімізден тиісті нәтиже шығаруымыз қажет. Командада жоғары деңгейлі жігіттер жиналған. Олар кез келген құрамаға  қарсы лайықты деңгейде өнер көрсете алады. Сондықтан командама соңына дейін сенім артатын боламын.

    – Армения құрамасының көшбасшы ойыншысы Генрих Мхитариян деп сеніммен айта аламыз. Оның мұндай деңгейге көтерілуіне не себеп болды?

    – Бұл жерде екі нәрсені атап өткен жөн. Ол – талант пен еңбекқорлық. Екеуінің бірі болмаса топ ойыншы болу мүмкін емес.

    – Арменияның көшбасшысын тоқтату үшін қандай амалдар қолдануды жоспарлап отырсыз?

    – Футбол – командалық спорт түрі. Сондықтан мұнда ұжымның қалай әрекет ететіні маңызды. Жігіттердің жөнді нұсқаулар алуы, алаңда дұрыс орналасуы, жылдам ойлай білуі қажет. Қарсыласыңды жеңгің келсе, физикалық деңгейің, шеберлігің жақсы болуы керек. Сондай-ақ, басымдығыңды көрсету үшін психологиялық тұрғыда дайын болғаның да абзал.

    — Сіз Генрих Мхитариянды Армения құрамасының сапындағы ең қауіпті ойыншы деп есептейсіз бе?

    — Негізі Арменияда мықты ойыншылар аз емес. Өздерін жақсы қырынан көрсете алатын футболшылар жетерлік деп сеніммен айта аламын. Бірақ Мхитариянның орны бөлек. Команданың ойыны негізінен осы футболшының төңірегінен өрбиді десем артық айтпаған болар едім. Осындай біліктілігінің арқасында әріптестерінің де сенімділігі арта түседі.

    — Жанкүйерлеріңіздің қолдауына қаншалықты сенім артатын боласыз?

    — Әрине, жанкүйерлеріміздің қолдауы бізге өте маңызды. Оларға тек сенім артыңыздар, қолдау білдіріңіздер дегім келеді. Жасыл алаңға біздің құрамамыз шығады. Өкінішке қарай, соңғы ойындарда жеңіске жетіп, жанкүйерімізді қуанта алмай жүрміз. Дегенмен, қандай қиын жағдай болмасын, ел намысын қорғайтын командаға жанкүйерлерінің қолдауы маңызды. Командамыздың қиын кезеңіне қарамай сенім артып, қолдау көрсеткен әрбір жанға алғысым шексіз. Ұжымдағы жігіттердің бәрі ел намысын қорғайтынын, артында жағдайын ойлап, алаңдап отырған қалың халықтың барын біледі. Біз алаңға жеңіс үшін шығатынымызды дәлелдейтін боламыз. Соңына дейін күресеміз. Жеңіске жету үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *