• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Дүниені дүр сілкіндірген үш секунд

    Баскетболдан 1972 жылғы Мюнхень Олимпиадасының чемпионы, 1976 жылы Монреаль қаласында өткен Олимпиаданың қола жүлдегері, Еуропаның үш дүркін чемпионы, әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, КСРО-ның 10 дүркін жеңімпазы, КСРО еңбегі сіңген спорт шебері Әлжан Мүсірбекұлы Жармұхамедов туралы ой-толғам.

    Қазақ спорты тарихы мен әлем спортында аттары алтын әріппен аталып қалған жұлдызды спортшылар жетерлік. Солардың біртумасы Әлжан Жармұхамедов екенін  жақсы білеміз. Әлжан атамыздың баскетбол спортындағы жетістіктері қазақ халқы үшін үлкен мақтаныш. Өйткені, Олимпиадада чемпиондық атақ пен қола жүлдені жеңіп алған әйгілі атамыздың тегі қазақ, руы Жаппас. Иә, шетте жүріп жатса да жүрегі қазақ деп соғатын спорт әлеміне аты мәшһүр жанның туған елге деген сүйіспеншілігі ерекше. Елін, жерін аңсап жиі келіп кетіп тұрады.

    Жақында Әлжан Мүсірбекұлының қазақ жеріне тағы да табаны тиіп, ел ішін аралап, қаншама кездесулер өткізіп қуантып кетті. Салтанатты кездесулердің бірін Әлжан атамыз Алматыдағы К.Ахметов атындағы Олимпиада ізбасарларының республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің шаңырағында өткізген еді. Бұл кездесуге айтулы мектеп ұжымы көптен бері жақсы дайындықпен келген болатын. Оның қабырғасында Олимпиада чемпиондарымен кездесулер өткізу дəстүрге айналған. Ал бұл жолы, Кеңес Одағының атақты баскетболшылары, 1972 жылы Мюнхеньде өткен Олимпиаданың чемпиондары Иван Иванович Едешко мен тұңғыш ұлты қазақ Олимпиада чемпионы Əлжан Мүсірбекұлы Жармұхамедовпен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның өтуіне зор ықпал еткен К.Ахметов атындағы Олимпиада ізбасарларының республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры, «Құрмет» орденінің иегері, педагогика ғылымдарының магистрі, профессор Сейілхан Бақтығалиұлы Қарақов еді. Негізі осындай ат жіберіп алдыра алмайтын аттары аңызға айналған ардагер спортшыларды мектеп қабырғасына шақыртып алып келу оңай емес екені мәлім. Өйткені, ол кісілердің Қазақстанға келген сапарларының әрбір қадамы сағатпен, минутпен өлшеніп белгіленіп қояды емес пе. Дегенмен де  мектеп оқушылардың аттары аңыз аталарының жүзін көріп, ғибрат алуы үлкен өнеге деп білген білгір басшы Сейілхан Бақтығалиұлы Қарақов мырза жолын тауып осындай керемет тарихи  кездесуді ұйымдастыруға ұйытқы болған екен. Мектеп-интернаттың оқушылары үшін өмірлерінде  бұл кездесу ұмытылмастай әсер қалдырып қалғындығына сөз жоқ.

    Кездесудегі негізі қозғалған әңгіме сол бір 1972 жылы өткен Олимпиада ойындарындағы АҚШ пен КСРО құрамасы арасындағы финалдық кездесу болды. «Əлемді дүр сілкіндірген үш секунд» деп аталған матч осыдан 45 жыл бұрын Мюнхеньде өткен Олимпидада баскетболдан КСРО құрамасы АҚШ құрамасын 51:50 есебімен жеңгендігімен есте қалды. Матч соңына бар-жоғы үш секунд қалғанда Америка құрамасы 49:50 есебімен жеңіп келді. Дəл осы үш секунд баскетбол əлемін мəңгіге күрт өзгертті.  Мюнхень қаласының «Руди-Зедльмайер Холл» аренасында өткен драмаға толы сол кездесуде баскетбол тарихында өшпестей із қалдырғаны мәлім. Соңғы үш секундта ойын тағдырын шешіп кеткен КСРО құрамасы Олимпиада чемпионы атанады. Америкалықтар төрешінің қателігі деп жеңісті мойындамай тіпті марапатқа да шықпай қойған екен. Баскетбол спорты 1936 жылдан бері Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгелі бері АҚШ құрамасы бір де бір рет финалда жеңілмей келген әлемдегі ең үздік команда болған. Дегенмен де 1972 жылы КСРО құрамасы олардың бұл жеңісті жолын тоқтатып баскетболда тарихи өзгеріс жасайды. Әлемдегі екі алып мемлекеттің әскери-саяси теке-тірестері сол жылдары нағыз күшіне енген кезі болатын. КСРО Мюнхень Олимпиадасындағы тарихы жеңісі америкалықтардың кезенген қаруын сәл түсіруіне әкеліп соқты десе болады.

    Сонымен хош, өткен  тарихтан бүгінгі күнге оралсақ, атақты спортшыларды мектептің оқушылары аяғынан тік тұра қошеметпен қарсы алды. Кездесу жылы достық ырғақта өткізілді. Сұхбат барысында оқушылар қонақтардың спорттық өмірінен құлағдар болды, оларға сұрақтар қойды, ал қонақтар оқушыларға жауап беріп, оларға кəсіпқой спортшы ретінде: «Ешқашан жеңілмеңдер, сонда басқалардың жеңілгенін көресіңдер», «Табысқа жетудің жолы – ниет ету, зейін қою, ерік-жігер жəне еңбек» деп бағалы өсиеттерін айтты. Иван Ивановичтің айтуынша, жоғары нəтижеге жету үшін ең алдымен дарындылық пен еңбек сүйгіштік қажет. Сондай-ақ, психологиялық беталыс, ойын алаңына кім жəне не үшін шығатыныңды терең түсіну қажет.

    Қонақтардың сөздерінде қуатты ынталандыру, жеңіске ұрандау, өзі айналысатын спорт түріне деген адалдық жəне Отанына деген шексіз махаббат сезілді. Іс-шара соңында меймандарға мектеп басшылығы атынан естелік сыйлықтары тапсырылды, оқушылар атақты спортшыларды жан-жағынан қоршап, естелікке суретке түсті жəне олардың қолтаңбаларын алды.

    Әлжан атамыз 1976 жылы өткен Олимпиаданың қола медалін де мойынына таққан қазақтан шыққан ұлы баскетбол шебері. Оның өмірбаянын сөз еткенде алдымен туған жері өскен ортасын еске алатынымыз заңды. Дарынды спортшы Өзбекстан мен іргелес жатқан  Оңтүстік Қазақстан облысы,Табақсай ауылында дүниеге келген. Әкесі Мүсірбек пен анасы Украинадан аштық жылдары ауып келген Прасковья Жеронкина баласы Әлжанды замандастарынан қалдырмай тәрбие беріп өсіреді. Орта мектепті аяқтағаннан кейін жалын атқан жас Әлжан зауытқа Шершекке келіп жұмысқа тұрып, еңбек етеді. Зауытта жүріп екі саусағын станок жұлып алып кетеді. Дегенмен де талантты тани білген сол кездегі  әуесқой команданың жаттықтырушысы Роман Салетдинов соңынан қалмай жүріп жаттығуға алады. Иә, бойы екі метрдей дара тұлғаны өз командасынан көруге асық баскетбол мамандары ол кезде жетерлік еді.

    Негізі алғашқы бапкері Әлжан атамыздың бағын ашқан жан болып тарихта қалған екен. Дарынды баскетболшы өсе келе білім қуып, Өзбекстандағы мемлекеттік денешынықтыру және спорт иниститутын тәмамдап бітіреді. Содан соң, өзі жаны қалаған спортына біржола бағын сынауды дұрыс деп санап, алдымен Ташкенттегі СКА командасында өнер көрсете бастайды. Міне, осы команда арқылы көптің көзіне түсіп, КСРО құрама командасында ойнау бағына ие болады. «Биік адамды аласа жерге отырғызсаң  да биік, аласа адамды биікке отырғызсаң да аласа», демекші бойынан бағы бұлқынып шыға алмай жүрген дарынды спортшы Кеңес Одағы құрамасында тамаша өнер көрсетіп, тартысты  ойыны арқылы миллиондаған жанкүйерлердің жүрегін жаулап, 1967 жылы Еуропа чемпионы атанады. КСРО құрамасында 18 жыл бас жаттықтырушысы болған аты әйгілі Александр Гомельский ЦСКА командасы мен Одақтың бас құрамасына Әлжан атамызды лайық көрмеген екен. Мүмкін, сол шовинистік солақай саясаттың дәуірі дүркіріп тұрған кезі емес пе еді кім білсін. Осылайша, 1968 жылы Мехико Олимпиадасы мен 1969 жылы өткен әлем чемпионатынан ұлы баскетболшы құрамаға алынбай шеттеліп қалады. Дегенмен де КСРО құрамасының сол кезде тізгінін жаңадан ұстаған өте айлакер, білікті маман Владимир Кондрашин өз командасының құрамынан Әлжан Мүсірбекұлын көруді жөн көріп, командасына алады. Ол қадамы дұрыс екенін білікті бапкер кейін барып білсе керек. Сол кездегі КСРО баскетбол федерациясы мен шен-шекпенді билік басындағылар Әлжан атамызды ілгеріде өзбек деп келген екен. Қаны қазақ дарынды спортшы Алматыдағы «Буревестник» командасына екі мәрте келгісі келеді. Өзбекстан мен Қазақстан елінің екі ортасында қалған спортшының тағдырын Мәскеу шешіп беріп отырған екен. Оны ЦСКА командасына алғанда өзбек деп есептейді. Қуанышымызға орай, 1972 жылғы Олимпиада ойындарында чемпион болған соң, Кеңес Одағындағы спорт тақырыбында қалам тартатын белді ақпарат құраладары оны қазақ деп жаза бастаған. Үлкен спорттағы даңғыл жолы аяқталғаннан кейін, Әлжан Мүсірбекұлы Германияда совет армиясының қатарында бапкер болып 5 жылдай жұмыс жасап келеді. Кейінірек, Мәскеудегі гуманитарлық университетте  ерлер мен әйелдер командасын жаттықтырады. Ресей сол бір АҚШ құрамысын жеңген тарихи кездесу туралы «Движение вверх» деген көркем фильм түсіріп шығарды. Әлжан атамыздың бұл фильмдегі ролін Александр Ряполов сомдайды. Екі ұлы Владислав пен Сергей әкесінің жолын қуып баскетбол спортымен кәсіби түрде айналысып, Ресейдің  көптеген белді клубтарда өнер көрсетеді. Десек те ұлы спортшыдай биікке жете алмаған. «Өзіңдей болып жан тумас», деген мүмкін осы шығар.

    Аты әйгілі атамыз жуырда өміріндегі 76 күзін қарсы алды. Қазір ол Мәскеуде тұрып жатыр. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», демекші, кіндік қаны тамған алтын бесік туған жерін сағынары белгілі. Әркімнің тамыр жайған топырағы ол туған жері деп білеміз. Алла өлшеп берген бескүндік өмірде жақсы мен жайсаңдарымыздың жанымызда жүріп, қазыналы қарттарымыздың ғибаратын алып өскеннен артық не бар.  Иә, аты әйгілі баскетболшы туралы қысқаша осылай қозғадық. Тегі қазақ, жаны қазақ әйгілі спортшы қазақ еліне жиі келіп тұрады. Туған елге, жерге деген махаббатының айырықша екенін жоғарыда айтқанымыздай К.Ахметов атындағы мектеп-интернатқа келген кезде естіп білдік.

    Қазіргі таңда біздің баскетбол спортының  қандай деңгейде екенін жақсы білеміз. Еліміздегі ірі клубтар шетелдік легионер ойыншылармен орындары толып тұр. «Астана» клубы Біріккен Ұлттар лигасында өнер көрсетеді. «Самұрық-Қазына» ұлттық қайырымдылық қоры 11 спорт түрін қаржылайды. Сол қаржының бір ағыны «Астана» БК құйылып жатыр. Бұл ауладағы жайқала өскен көп ағаштың ішінен таңдап алып біреуін үзбей суғарып, қалғаны қуарып тұрған секілді маған әсер қалдырады. Қомақты ақша сұраусыз бір клубқа құйылып жатқан секілді. Иә, «Астана» БК нәтжерлері жаман емес. ВТБ лигасында плей-оффқа дейін жеткен кездері болды. Дегенмен де бұл уақыт көлеміндегі жұмыстар. Ал, ертеңгі болашақ отандық талантты қазақ баскетболшылары үшін не жасалмақ. Өңірлердегі баскетбол спорты мен жасөпірімдердің спорт мектептеріндегі өмір жолы сол баяғы жүдеу де жабырқау күйінде  қала бермек пе қалай? Міне, осы мәселе өзектілігін әлі жоғалтқан жоқ деп ойлаймын. Әрине, баскетбол мен волейбол спортына бойы биік жастарды таңдап алынады. Бізде Әлжан атамыз секілді еліміздің шалғай жақтағы мекендерден талантар неге шықпай жатыр? Ғасырдың үздік ойыншысы 30 000 ұпай иеленген Шакил О Нил секілді тарихи тұлғалы ойыншылар шығу үшін жағдайды өңірлерге жасаудан бастау керек. Қазақ жастарының бұл спорт түрінде көп кездестіре алмаймыз. Волейбол спортында да осындай ушықты мәселе орын алып тұрғаны жақсы мәлім. Әлжан Жармұхамедов секілді әлем таныған ұлы спортшы елге оралып, ұлттық құраманың тізгінін ұстаса не болмасы данагөй тәжірбиелі кеңесші ретінде қызметке келіп жатса, баскетболымызға қан жүгіріп, әлем аренасына шығар нәтижелер көрінетін болар. Мүмкін біздің билік басындағылар шет жаққа тарап кеткен Әлжан атамыз секілді ұлы тұлғаларды елге алып келудің жолын табытын кез келген шығар. Біз енді қызыл империяның кезіндегідей Мәскеуге ат шаптырып, сұрау салып өтініш білдеретіндей жағдайда емеспіз. Біз егеменде елміз. Тәуелсіз ұлы мемлекет ретінде талантты тұлғаларды елге алып келіп жатсақ жоғымыз табылып, өшкеніміз жанар ма еді деген бір үміт көңілдің түбінен қылаң береді.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Әлжан Мүсірбекұлы Жармұхамедов пен Иван Иванович Едешконың чемпиондар ұстаханасындағы кездесуі

    Олимпиада чемпиондары ізбасарлардың ортасында

    Жас жалын Жармұхамедов

    Үш секундта алтын жүлде алған жампоздар

    К.Ахметов атындағы Олимпиада әзбасарларының республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры,  «Құрмет» орденінің иегері, педагогика ғылымдарының магистрі, профессор Сейілхан Бақтығалиұлы Қарақов.

     

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *