• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   
    Хамит Ысқақұлы

    Сегіз қырлы бір сырлы

    «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, орыстың әлемге әйгілі балуаны Федор Шаляпин, тамаша  әнші ретінде де жер-жүзіне танылған жан.

    Атақты Балуан Шолақ, Алла берген балуандық қасиетімен қатар, әншілік, саяткерлік, атбегілік, шабандоздық өнерлерін төрт аяғын тең басқан жорғадай бірге алып жүрген біртуар талант иесі болғаны тарихтан белгілі.  Оның «Ғалия» әні күні бүгінге дейін әрбір ортада шырқалып келе жатқан өміршең әннің бірі.

    Қазақ күресі күресіндегі сегіз қырлы жандарды сөз еткенде семейлік ардагер балуан Хамит Ысқақұлын өнеріне тәнті боламыз. Орта Азияның 3 дүркін бас балуаны, самбо, еркін күрес, дзюдо және қазақ күресінен Қазақстанның спорт шебері, КСРО спорт шебері атанған Хамит ағамыз сегіз қырлы бір сырлы жан. Қолына домбырасын алып ән салғанда жаныңды тебірентеді. Бір мысал, 1976 жылы Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Фурмановка селосында екі дүркін Социалистік Еңбек ері, атақты шопан Жазылбек Қуанышбаев атындағы халықаралық жарысқа домбырасын арқалап барып, жарысқа түседі. Алғашқы жекпе-жегінде атойлатып жеңіп шығады. Сосын, жеңімпаз ағамыз бозкілемнің бұрышына қойған қалақтай қоңыр домбырасын алып, бір күйде шерте жөнеледі. Келесі жекпе-жегінде де дәл солай жағдайды қайталайды. Сөйтіп, ол өз салмағымен қоса түйе балуандық белдесуде КСРО-ның барлық республикасы және еліміздің әр өңірінен келген 300-ден астам балуандардың арасынан топжарып, чемпион атанған екен. Сол дүрмекті бәсекеде таусоғарларға қарсы шығайын деп тұрған жеңіл салмақтағы жас балуанды Абай Тоқтағанов деген бас төреші тоқтатып, «Шығармаймын, мына алыптардың астында қалып мерт болып кетсең мен жауап бермеймін», деп қарсы тұрған екен. Сонда ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Марат Жаһитов тұрып, «Мен өзім жауап беремін, баланың бағын қақпаңыздар», деп төрешінің келісімін алыпты. Сөйтіп, бар-жоғы 70 кг салмақтағы ағамыз 150 – 180 кг салмақтардағы атан жілікті балуандарды баудай түсіріп, қазақ күресінің қырқа шалу, жамбасқа салып лақтыру секілді айла-тәсілдерін ұтымды қолдана отырып, абсалюттік чемпион жүлдесін жеңіп алған екен.

    Хамит ағамыз сол естен кептейтін аламан жекпе-жек жайлы: «Менің сондағы одан кейінгі жеңістерімнің көпшілігі осы қазақтың  киелі домбырасының арқасы деп білемін. Қандай жарысқа барсам да домбырамды тастамай, бірге алып жеңіспен  ораламын», деп күліп қояды. Расыменде қазақтың қара домбырасы қазақтың бар болмысын шертіп тұрғандай емес пе.

    Хамит Ысқақұлы күні бүгінге дейін самбодан ардагерлер арасындағы әлем жарыстарына қатысып келді. Бірде Прага қаласында ардагерлер арасында әлем чемпионаты жалауын көтереді. Сол жарыс басталар алдында  қазақтың «Қара жорға», «Еркем-ай» секілді көңіл көтеретін ән-жырларды құйқылжыта шырқап жөнелгенде салтанатты ашылуға дайындалып тұрған қазақ балуандары бастап, шетелдіктер қоштап билеп кеткен екен. Сөйтіп, қызық бір оқиға болса керек.

    Ол елімізде қазақ күресінің дамуына зор үлес қосқан ардақты балуан. Қазақ күресінен де республикалық көптеген жарыстардың  түйе балуаны атанған. Бүгінде балуан ағамыз жасы жетпістен асса да спортты тастамай, самбодан  ардагерлер арасында өтіп тұратын әлем біріншілігінде жүлдегер атанып, Қазақстанның атын шығарып жүр. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген осы болар.  Сонымен қатар ОҚО Жетісай қаласында тұратын, қазақ күресінен ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Бақытжан Жаңбырбаев ағамыздың бойында да күрестен  өзге өнердің тұнып тұрған дарынды жандардың қатарына қосамыз. Бақытжан аға асабалық өнермен қатар сазгерлік, әншілік талантқа  бай адам.

    Бүгінгі таңдағы үлкен спортта жүрген жастарымыздың да жан-жақтылығы таңқалдырмай қоймайды. Қазақ күресінен еліміздің бірнеше дүркін чемпионы атанған ауыр салмақтағы атан жілікті балуан ағамыз Хамит Ысқақов қоңыр домбырасын қолға алып әндеткенде тыңдаушысын елітпей қоймайды. Ал, қазақ күресінен екі дүркін  әлем және Азия чемпионы алматылық Бауыржан Тәліп футбол ойнағанды ұнатады. Футболдан өзінің туған өңірінде ұйымдастырылып тұратын жарыстарда тартысты ойын көрсетіп, командасын жеңіске жетелеп жүреді. Кім білсін, аты белгілі балуан болмағанда, футболдан ұлттық құрама команданың намысын жыртар ма еді.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    Бақытжан Жаңбырбаев

    Бауыржан Тәліп

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *