• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Алматыда жыл үздіктері марапатталды

    19 желтоқсан күні Алматы қаласында Қазақтың Спорт және туризм академиясы мен «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының ұйымдастыруымен «Жыл үздігі-2020» жеңімпаздарын марапаттау рәсімі мен «Ұлт батырлары» кітабының тұсаукесері болып өтті.

    Осымен төртінші жыл қатарынан өтіп жатқан іс-шара жер-жүзін жайлаған пандемия кезінде ұйымдастырылғандықтан барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып өткізілді.

    Былтыр дәл осы жерде өткен іс-шарада қазақ спортшылары туралы «Ұлы дала батырлары» кітабының тұсауын қазақтың мақтаныштары Жақсылық Үшкемпіров, Әмин Тұяқов пен Ермахан Ыбырайымов кескен болатын. Өкінішке қарай, бүгін арамызда Жақсылық ағамыз жоқ. Сұм ажал біртуар азаматты ортамыздан алып кетті. Осыған орай іс-шара қазақ спортының символы атанған саңлақты бір минут еске алумен басталды.

    Осыдан кейін ҚазСТА-ның бірінші проректоры Мұхтар Есқалиев өзінің құттықтау сөзімен кешті ашып, іс-шара әрі қарай есімі елге белгілі қаламгер Пернебай Дүйсенбин мен «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиев бірігіп жазған «Ұлт батырлары» кітабының тұсаукесеріне жалғасты.

    Биыл даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толады. Осы айтулы датаға орай тұсакесер рәсімі еліміздегі патриоттық бағыттағы әнші-сазгер Орынгүл Исмағұлованың «Бауыржан батыр» әнімен басталды. Карантиндік жағдайға байланысты әннің авторы өзі бұл кешке келе алмаса да сахнадағы ЛЭД экраннан ән орындалып, Бауыржан батыр туралы туынды тыңдарман жүрегінен орын тапты. Сөйтіп, кітаппен бірге әннің де тұсауы кесілді.

    Қазақтан шыққан Кеңес одағының батырлары туралы кітаптың тұсауын жеңіл атлетикадан КСРО-ның 8 дүркін чемпионы, Еуропа кубогының иегері, КСРО халықтары Спартакиадасының жеңімпазы Әмин Тұяқов пен Мұхтар Есқалиев кесіп, аталған кітаптың демеушісі болған Қылыш Өтетілеуұлының ұрпақтары жинақ авторларына қазақтың дәстүрімен ат мінгізді.

    Қазақ Спорт және туризм академиясы атынан кештің құрметті қонақтары мен академияның бір топ оқытушыларына ҚазСТА-ның 75 жылдығына орай марапат жасалып, қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының бірі Өктем Алтаев «Қазағым» әнін орындап берді.

    Осыдан кейін құрметті қонақтардың қатысуымен пандемия кезі болса да қазақ спортының дамуына үлестерін қосқан ел ағалары, спорт саласының басшылары, спорт жанашырлары, спортшылар, бапкерлер мен дене шынықтыру пәні мұғалімдерін марапаттау рәсімі болды.

    Марапатқа ие болғандар арасында Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев «Спортқа жанашыр үздік облыс әкімі-2020» номинациясымен марапатталса, БҚО спортының басшысы Қаймен Есендияров «Үздік облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы-2020» жеңімпазы атанды. Түркістан қалалық спортты дамыту бөлімінің басшысы Қуатбек Айдарбеков «Үздік қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі-2020» марапатына ие болса, Қ.Ахметов атындағы Олимпиада резерві республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжі (Директоры — Сейілхан Қарақов) «Жылдың үздік мектеп-интернат колледжі – 2020» атанды. «Үздік аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі – 2020» аталымын Қызылорда облысы, Жалағаш аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі (Басшысы Еркебұлан Жамалатов) жеңіп алды.

    Соңғы жылдары еліміз бойынша көптеген бизнес өкілдері өздерінің туған жерлеріне спорт кешендерін салып, қазақ спортының дамуына үлкен үлестерін қосып жүр. Олардың ел үшін жақсылық жасауына пандемия да кесірін тигізе алмады. Осындай жомарт жандардың бір тобы бүгін «Жылдың үздік спорт жанашыры-2020» марапатына ие болды. Олар: Рафхат Әжігерейұлы, Төлеген Сағынтайұлы, Алпамыс Әмірғалиұлы, Қарлығаш Жаншақызы пен Аркадий Рубцов.

    Ұлттық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін Махамбет Пайдин (БҚО, Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылы) «Үздік ұлттық спорт жанашыры – 2020» номинациясымен марапатталса, Жақында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында өткен «Сонар-2020» республикалық турнирінде Атырау облысынан қатысқан Арман Абдулкәрімұлы Қазақстан және әлем чемпионаттарының жүлдегері «Нарын» атты бүркіті бас жүлдені иеленгені үшін «Үздік құсбегі-2020» атағына ие болды. Сонымен қатар Ерлан Тұрсынәліұлы (БҚО, Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылы) мен Серік Қазыбеков (Алматы облысы) «Үздік атбегі – 2020» атанса, Бақыт Садуақас (БҚО, Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылы) «Үздік шабандоз – 2020», Арнұр Саматұлы (Алматы облысы) «Үздік жас шабандоз – 2020» атанып, марапатталды.

    Қазақ боксын дамытуға қосқан үлесі үшін «SULEIMEN Promotions» промоутер компаниясы (Президенті –Ибрагим Акдрашев, Атырау облысы) «Үздік промоутер клубы-2020» жеңімпазы атанса, Жекпе-жек спорт түрлерін дамытуға қосқан үлесі үшін «Алаш-Прайд» промоушені жауынгерлік клубы (Президенті – Данияр Қасқарауов) «Жылдың үздік спорт клубы – 2020» атағын жеңіп алды. «Наркескен» спорт клубы (Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы. Директоры – Бахытбек Төлеков) «Үздік ауылдық спорт клуб – 2020» жүлдесіне ие болды.

    Бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін «ҚР Президенттік сынақ және президенттік көпсайыс федерациялар одағы» (Вице-президенті – Саят Нәдірбек) «Жылдың үздік федерациясы – 2020» номинациясымен марапатталды. Параспортты дамытуға қосқан үлесі үшін Алматы облыстық мүгедектерге арналған мамандандырылған спорт мектебі (Директоры – Ерлан Бақтыбаев) «Үздік мүгедектерге арналған спорт мектебі – 2020» атанса, ауыл спортын дамытуға қосқан үлесі үшін Жылыой аудандық БЖСМ Атырау облысы, Құлсары қаласы (Директоры – Мұрат Жарылғасов) «Үздік аудандық спорт мектебі – 2020» атағына алды. Кәсіпқой ат спорты түрлерінен «ALTYN TULPAR» ақпараттық-сараптамалық командасы (Басшысы – Шерхан Иқласов) «Үздік спорттық блогер – 2020» аталымында жеңімпаз атанды.

    Сондай-ақ, биыл өткен жарыстарда үздік шыққан бір топ спортшылар мен олардың бапкерлері де «Үздік спортшы» және «Үздік бапкер» атағына ие болды. Олар: Бекзат Нұрдәулетов (бокс, бапкері – Марат Жақиев, Маңғыстау), Дәулет Ниязбеков (еркін күрес, бапкері – Абутәліп Аманов, Қызылорда), Сәбит Даниял (бокс, бапкері – Саттар Сұлтанғалиев, Орал), Бекболат Рахат (ауыр атлетика, бапкері – Нұржан Смаханов, Қызылорда), Мирас Баршалықов (грек-рим күресі, бапкері – Данияр Тұрлыханов), Диас Қанайбеков (джиу-джитсу, бапкері – Нұрсұлтан Орынбасаров, Алматы) және джиу-джитсу спортынан жас жеткіншектерді тәрбиелеп, көптеген чемпиондарды шығарған білікті бапкер Азат Мұсабаев үздіктер қатырынан көрінді.

    Биыл жаз айында жаман індеттің өршіп тұрған кезінде көптеген спортшылар ел үшін аянбай еңбек етіп, халықтың мойнына түскен ауыртпалықтың сәлде болса жеңілдеуіне өз үлестерін қосқан еді. Осындай азаматтардың да бір тобын ұйымдастырушылар марапатқа лайықты деп тапты. Олардың арасында Нұрлыбек Даралиев (Атырау облысы) пен Рүстем Ықыбаев (ШҚО) бар. Бұл екі азамат «Халық жанашыры – 2020» марапатына ие болды.

    Сонымен қатар Қазақ күресін дамытуға және бауырлас қазақ пен қырғыз халқы арасындағы достықты нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Нұрқан Осмоналиев (Қырғыз Республикасы, Ош облысы, Озгон ауданы) «Шетелдегі үздік қазақ күрес бапкері – 2020» номинациясында жеңімпаз атанды. Өкінішке орай Нұрқан ағамыз кешке келе алмады.

    Қазақ спортының символы Жақсылық Үшкемпіров және самбодан бірнеше дүркін әлем чемпиондары Асхат Шахаров пен Ерболат Байбатыровтар туралы деректі фильмдер дайындағаны үшін Телмұхамет Күдеров («QAZSPORT» арнасының журналисі) «Жылдың үздік спорт журналисі – 2020» атанса, Жәнібек Атырауов (Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы) «Үздік спорт әдіскері – 2020» аталымында қара үзіп шықты.

    Атақты спортшылардың барлығы спорт әліппесін мектеп қабырғасынан бастайтыны белгілі. Олардың спорттағы жолына ең бірінші бағыт беретін ол әрине, дене шынықтыру пәні мұғалімдері екені даусыз. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру және салауатты өмір салтын насихаттауда үлкен жетістіктерге жетіп жүрген бір топ ұстаз «Үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі-2020» жеңімпаздары атанды. Олар: Раушан Тоқай (Алматы қаласы), Бекбол Абдрахманов (Қарағанды қаласы), Нұрлан Дүйсебаев (Қызылорда қаласы), Ғалым Молдағожанов (Алматы қаласы), Тұрлыбек Айтжанов «Ақтөбе облысы), Дәулет Бақытбергенов (Қызылорда облысы) және Тиышбай Тұртаев (Орал қаласы).

    «Ұлт батырлары» кітабының тұсаукесері мен жыл үздіктерін марапаттау салтанатына жазушы Пернебай Дүйсенбин ағамыздың шәкірттері «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепберген қатысып, өзінің жүрекжарды тілегін жеткізсе, қазақ дәстүрлі ән өнерінің майталманы Ардақ Истаева әсем әннен шашу шашып, ұстаздарына ерекше құрмет көрсетті. Ұлт жанашыры Ерболат Алиядинұлы құрметті қонақтардың бір тобын «Ұлы дала батыры» медалімен марапаттады.

    Еліміздегі карантидік жағдайға байланысты марапатқа ие болған үздіктердің біразы кешке қатыса алмағанмен, олардың жүлделерін өздеріне жеткізіп беретін болдық.

    Кеш соңында қазақ эстрадасының тағы бір жарқын өкілі Есет Сәдуақасов Мұсағали Тасқалиевтің сөзіне жазылған Оразалы Мақсұтовтың «Ағайынға тілек» әнінің тұсауын кесіп, тамылжыта орындап берді. Осы әнде айтылғандай қуанышты күндерде бірге болып, таңдарымыз арайланып ата берсін ағайын! Тезірек жаман індеттен құтылып, бұрынғы жайма-шуақ күндерімізге қайтып оралайық! Қазақ спорты жасасын! Жеңістің 75 жылдығы құтты болсын! Отан үшін от кешкен аталарымыздың жатқан жерлері жарық болсын! Ендігі жерде ешқашан соғыс деген болмасын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

     

    Жандос АЯНБЕКҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

     

    Бір пікір

    1. Горизонтальные памятники

      Актер 1928 жылы 22 с?уірде ?азіргі Атырау облысы Махамбет ауданында д?ниеге келген. 14 жасынан бастап Гурьев м?най барлауында ж?мыс істейді, кейіннен Алматыда?ы киномеханиктер курсында о?иды. 1950 жылы Алматы киномектебін бітіріп, Ташкенттегі театр ?нері институты актерлік факультетіні? 3-ші курсына ?абылданып, оны 1952 жылы бітіріп шы?ады.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *