• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ізгілік іздесеңіз, оқыңыз

    Алматыдағы К. Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің шаңырағында тамаша бір спорттық шара болып өтті. Игілікті іс спорт журналисі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері Ақын Ордабайұлының «Ізгілікпен өрілген өмір» атты кітабының тұсаукесеріне орай ұйымдастырылды. Автор бұл еңбегіне  журналистика саласында 30 жылдан бері  сараптап саралап жазған еңбегін топтастырған. 

    Кітапты қолға алған оқырман қазақ спортының атын  әлемдік  аренада асқақтатып, беделін көтерген  әр түрлі спорт түрінің майталмандары мен еліміздегі спорттың дамуына айырықша үлес қосқан азаматтардың өмір жолдарынан кеңінен ақпар ала алады. Сонымен бірге, автор бұл кітабында тек қана спорт спласымен шектелмей өткір мақалалар, портреттік очерктер, проза, поэзия, қойын дәптеріне жазылған жолжазбалар мен қанатты сөздер, дін тақырыбында да толғай жазған шығармаларына кеңінен орын берген. Сондай-ақ, айтулы кітап қазақ спорт журналисткасына қосып берері мол сүбелі тың шығармалармен пәрменді. Оқуға жеңіл, тілі  жатық, айтар ойы орамды.

    «Ізгілікпен өрілген өмір» кітабының  тұсаукесерін үлкен спорттық мерекеге ұластыра білген Ақын Ордабайұлы шағын футболдан БАҚ өкілдері мен ардагер спортшылар, әуесқой ойыншылар арасында жарыс ұйымдастырды. Шағын футболдан өткен сынға 4 команда күш сынасып Алматы қаласының журналистер құрамасы бас чемпион атанды.  Қаламды қару еткен журналистер финалда Алматы  қаласы  Төтенше жағдайлар  қызметі департаментінің қызметкерлері құрамасына қарсы ойнады.  Финалдық матчта екі команда да  жеңіс үшін ештеңеден аянған жоқ. Осы шараның ұйытқысы, кітаптың авторы Ақын Ордабайұлы бастап шыққан журналистер құрамасы 8-5 есебімен төтеншеліктерді түтіп жіберді.  Ардагерлер арасында тамаша тартысты ойын көрсеткен Сайфутдин, Дархан, Қаден,  Батыр, Ертай, Қанат, Ержан сынды азаматтар ердің жасы елуден  асса да  ала допты ұршықтай үйіретін өнерімен  тәнті етті.

    Турнирдің қола медалі үшін тартыста Алматы қалалық «Қазпочта» мекемесінің қызметкерлері «Қарғалы» футбол командасын 4:1 есебімен ұтты.

    Кітаптың салтанатты тұсау кесер  құрметі аты әйгілі қазақтың желаяғы, КСРО-ның бірнеше дүркін рекордын жаңартып, Әлем кубогының  иегері атанған  ардагер спортшы Әмин Тұяқовқа берілді. Сексеннің сеңгіріне жеткен атақты ақсақал алдымен кітаптың болашақта жас ұрпақ үшін берер ғибраты орасан  екенін айырықша атап өтті. Салтанатты шараның құрметті меймандары  арасынан жазушы, «Өнер» баспасының директоры Әшірбек Көпішев, К. Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледждің директоры Сейілхан Қарақовтың орынбасары Данара Қабденқызы Байдосова,  «Қазақстан Қыран» федерациясының төрайымы Бағдат Мүптекеқызы, Ақын Ордабайұлының ұстазы, белгілі комментатор Рабат Жәнібеков, ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамының төрағасы Болат Құрымбаев, ҚазТрансгаз компаниясы  басшысының орынбасары Мұқан Садуақасов және Қордай аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы  Дидар Молдағалиев  сөз алып кітапқа қатысты ақжолтай ақжарма тілектерін жеткізді.

    Қандай шаруаны қолға алсаң да бір ұшы қаражатқа байланып тұратын қазіргі заманда қалыңдығы кереқарыс кітапты жарыққа шығаруға аз күш жұмсалмайды, қаражат табу да оңай емес.

    Ақын Ордабайұлының 30 жылдан бері жазған еңбектері оқырман қауымға кітап болып жетуіне  демеушілік  көрсеткен Алматы облысы Денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы, Олипиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, қазақ күресін әлемге танытқан, Олимпиаданың қола жүлдегері Мәулен Мамыров, Дүниежүзілік қазақ күресі федерацисының құрметті президенті Серік Түкиев және Алматы қаласы Қазпочта мекемесінің директоры Сайфутдин Шамсутдинов сынды атымтай-жомарт азаматтар қаржылай қолдау көрсетті.

    Кітаптың тұсаукесер рәсімінде  ПҚ «Желтоқсан ақиқаты» респбликалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болат Құрымбаев мырза  Ақын Ордабайұлы 1986 жылы  желтоқсан көтерілісіне  белесене қатысып, Қазақ елінің тәуелсіздігі үшін жанын беруге даяр екенін көрсетіп, алаңға шығуы  оның ұлтжанды азамат екенін паш етеді деп бірлестік атынан арнайы  медаль табыс етті. Сонымен бірге «Ер намысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерболат Алиядинов те ордень тақса, Қордай ауданы әкімдігі Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дидар Молдағалиев пен Алматы қаласы Құтқару  қызметінің  атынан құрмет грамтоларымен кітап авторын марапаттады.

    Жарыс жеңімаздарын марапаттау рәсімінде турнирдің төрешілері Ақын Ордабайұлының бал кезден бергі ұстазы, профессор Асылхан Әбішев пен Ақынның туыстас бауыры,аты әйгілі ақын, композитор Кенен Әзірбаевтың туған немересі Мұрат Кененовтер жеңімпаздар мен жүлдегерлерді  бағалы сыйлықтармен мараппаттады.

    «Не ексең соны орасың» – демекші, бар ғұмырын ізгіктің жолына арнаған Ақын Ордабайұлының «Ізгілікпен өрілген өмір» атты сиясы жаңа кепкен, су жаңа туындысы оқырманның жүрегінен жол тауып, жылылық сыйлары сөзсіз.

    Қуан РАХМЕТ,

    АЛМАТЫ

     

    «Қордайымның жігіттер»

    Қордай деген құт қонған аймағым бұл.

    Бәрі сонда десеңдер қайда дүлділ.

    Кенекем ән мен жырдың кені болған,

    Тербеген Сұлутөрдің жайлауын жыр.

    Нығмет Сауранбаев академик

    Тіл ғылымын зерттеген қаймағым бұл.

    Сансызбай Сарғасқаев әдебиетте

    Балаларға арнаған ойларын кіл.

    Кәсіби бокстағы Мәзімбаев,

    Жеңген сайын желбіреді байрағым бір.

    Кененнің ізін басқан Саят Медеу,

    Ән салса деп тұрасың сайра бұлбұл.

    Мақсат Базарбаевтің қоңыр даусын,

    Естігенде көңіл бір жайланып жүр.

    Кенекеңен бата алған Ақын ағам,

    Қазақ деп ұйқы беріп, қайғы алып жүр.

    Спорт журналистикасын өрге сүйреп,

    Сол жолда алдаспандай қайралып жүр.

    Сырлы да құнды жазған әр кітабы,

    Мөлдіреп ағып жатқан қайнарың бұл.

    Қордайдың даласынан шыққан ұлдар,

    Алаштың дүбірінен бәйге алып жүр.

    Асудың табанында туған ұлдар,

    Ғасырдың адамына айналып жүр!

     

    Айтыскер ақын Асхат ҚЫЛЫШБЕК

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *