• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Рүстем МҰҚАТОВ: «Мен жастарға қолдау көрсетуге дайынмын!»

    Соңғы кездері қазақ спортының дамуы үшін қолдан келген көмектерін аямайтын спорт жанашырларының қатары көбейіп келеді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де сондай үлкен жүректі азаматтардың бірі, есімі алты Алашқа танымал кәсіпкер, спорт пен өнер және ұлт жанашыры – Рүстем Мұқатов. Бір емес, бірнеше компанияның иесі және құрылтайшысы Рүстем Әбдікәрімұлының жұмыс кестесі өте тығыз екен. Үнемі шетел мен еліміздің әр өңірінде іссапарада жүретін азаматпен кездесуіміз де оңай болған жоқ. Дегенмен, жақында сәті түсіп кездесіп, аз-кем сұхбаттасып үлгірдік. Сол ашық-жарқын әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

    –Рүстем Әбдікәрімұлы, алдымен өзіңізді оқырман қауымға қысқаша таныстырсаңыз.

    –Менің туып-өскен жерім Алматы қаласы. Осы жерде өсіп-өніп, ел үшін қызмет атқарып жүрген жайым бар. Жұмыс бабымен еліміздің барлық өңірінде және шетелдерде болып тұрамын.  Қайда жүрсем де мен ешқашан, елге, жерге, руға бөлініп көрген емеспін. Өзімді қазақпын, Қазақ елінің азаматымын деп есептеймін.

    Біздің компания көпсалалы. Бізде 600-ден астам адам жұмыс істейді. Біз құрылыспен де, НОУ-ХАУ, HI-TECH және ID технолгиялармен, жалпы біраз нәрселермен айналысамыз. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдауға арналған қорға үнемі көмектесіп тұрамыз.

    Демеушілікпен  айналысуыңызға не себеп?

    –Спорт саласына көңіл бөліп, қолдау көрсетудегі басты мақсатым – жастарға көмектесу. Өйткені, олар елдің болашағы. Біздер секілді бизнес саласының өкілдері үкіметімізге көмектесіп, жас ұрпақ тәрбиесімен айналысуға, олардың спортпен және басқа да қалаған істерімен шұғылдануына қолдау көрсетуіміз қажет. Аллаға шүкір, соңғы кездері жастар арасында спортпен айналысып, саламатты өмір салтын ұстанушылар саны артып келеді. Біреулер спортпен, біреулері бимен, енді біреулері шығармашылықпен айналысады. Оларға қарап отырып, бір жағынан қызығасын да. Өйткені, бүгінгі күн олардың өздерінің сүйікті істерімен айналысуына барлық жағдай мен мүмкіндік бар. Ал біздің кезімізде олай болған жоқ. Қазіргі жастар кезінде біз жетпеген биіктерге жетсе, елін-жерін сүйетін азамат болып шықса деген ой мені осы салаға қолдау көрсетуге алып келді.

    Сіздер бірнеше спорт кешендерін салған екенсіздер. Сол жөнінде айтып берсеңіз?

    –Енді біз ана жерде салдық, мына жерде салдық десек мақтанғандық болып кететін шығар деп ойлаймын. Қолымыздан келгенше ел игілігі үшін спорт нысандарын салып жатырмыз. Бүгінгі таңда батыс өңірде спорт алаңдарын, грек-рим күресі залдарын салып отырмыз. Алла қаласа, алдағы уақытта елордамызда, Алматыда салғалы жатырмыз. Ол спорт кешендерін салып, сосын талантты бапкерлерді, оның ішінде жастарды тәрбиелеп, оқыту жоспарда бар. Олар өз кезегінде жастарды спортқа баулып, жас ұрпақты саламатты өмір салтын ұстануға жақсы насихат болады.

    Сіз негізі спорттың қай түріне көбірек қолдау көрсетесіз? Құпия болмаса сол жағын білуге бола ма?

    –Мен негізінде грек-рим күресіне көбірек қолдау көрсетемін. Оның бір себебі, әкем кезінде балуан болыпты. Бірақ, ол кісі еркін күреспен айналысқан көрінеді. Осыдан кейін шағын футболға да қолдау көрсетемін. Арасында өзіміздің де доп теуіп, үстел теннисін ойнап қоятынымыз бар. Спортпен көбірек шұғылдануға уақытымыз бола бермейді. Сонда да сәл мүмкіндік туа қалған жағдайда спорт залдан табылып тұруға тырысамын.

    –Үнемі спортқа қолдау көрсетіп отырғандықтан, спортшылар арасында достарыңыз да көп шығар? Олардың ішінен кімдерді ерекше атап өтер едіңіз?

    –Аллаға шүкір, көптеген спортшы жігіттермен араласамын. Бірақ, олардың арасынан мынаумен араласамын деп ешқайсысын бөліп-жарғым келмейді. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейді ғой біздің қазақта, сол себепті ешкімнің атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Шүкір достарым баршылық.

    –Спортшы боламын деген жастарға қандай тілегіңіз бар?

    – Спорт жолын таңдаған жастарға айтарым, ешқашан ерінбеңіздер! Әрбір жеңіс пен табыс маңдай термен келеді. Таңдаған жолдарыңыздан қайтпаңыздар! Алдына нақты мақсат қойған адам – сол мақсатына міндетті түрде жетеді. Жеңісті күндеріміз көп болсын! Алдымызда келе жатқан Токио Олимпиадасында көк туымыз көкке көтеріліп, Әнұранымыз шырқалады деген ойдамыз. Сол қуанышты, жеңісті күнде кездесейік! Алға  Қазақстан!

    –Әңгімеңізге рахмет! Сізге де ел үшін атқарып жүрген әрбір ісіңізге табыс тілейміз!

     

    Әңгімелескен,

    Мұсағали ТАСҚАЛИЕВ

     АЛМАТЫ – АҚТӨБЕ

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *