• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Ақиық ақынның атындағы мектептің таланттары

    Қазақтың ақиық ақыны, поэзияның  Алатаудай алыбы  Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай еске алуға арналған шаралар  еліміздің әр өңірінде болып өтті.

    Қазақ даласы әйгілі ақынның өлеңдерін  осы бір күні майдалап  соққан желмен, төбеден салған құстың үнімен жырлап тұрғандай болады. Мұқағали Мақатаевтың жырларында туған жер, заман тынысы, сайын дала, табиғат, сұлулық, әсемдік, тазалық, елдік, ерлік  өлеңмен өріліп тамаша жарасым тапқан. Ұлы ақынның жүрегінен жарып шыққан өлеңдерін мәнерлеп оқығанда жаныңды тебірентпей қоймайды. Өйткені, мұзбалақ ақын кезінде Қазақ радиосында диктор болып та қызмет еткен екен. Сондықтанда  болар ұлы ақынның өлеңдерін мәнерлеп  оқу сайыстарын өткізудің мәні тереңде жатқаны.

    Ақиық ақынның өз өлеңдерінде қазақтың қара сөзіне жан бітіріп, өлеңмен жырлағанда жаныңды тебірентпей қоймайды. Адамды өзіне баурап алатын құпия-сыр өлеңдерінде тұнып тұр. Мұқағали өлеңдерінің әр шумақтарында өмірдің бар шындығы есіп тұрғандай. Сол себепті біз ұлы ақынның шығармашылығына ғашықпыз. Мұқаңның өлеңдері жылдар өтсе де біздің өмірімізбен біте қайнасып, бірге жасасып келе жатқан туындылар. Сондықтан өміршең, өзекті.

    Ақиық ақынның туған күініне орай еліміздің әр аймағында жыр сайыстары ұйымдасыртырылып, ақынды еске алу шаралары жалғасын үзбей келеді. Өлеңмен өмірді кестелеген ақтаңгер ақынның атында мектептер ғана емес, жоғары оқу орындарында да еске алу шаралары өтті.

    Жуырда Алматы облысы Іле ауданы Өтеген батыр кентіндегі № 13 мектепте «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» атты Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндер және ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқудан ІІ Халықарлық өнер байқауы болып өткізілді. Жас та болса бас болған Мұқағали Мақатаевтың  атындағы № 13  мектеп директоры Аяулым Жақашбайқызы Керімқұлова мұзбалақ ақынның шығармашылығына арналған жыр сайысын  ұйымдастыруда барынша қолдау көрсетіп, ұйытқы болған екен. Айтулы білім ордасында көрнекті ақынның атындағы жыр сайысында сахна төріне шыққан оқушылар үшін оңай болмасы анық еді.  Өйткені, бұл оқу орнында екінің бірі Мұқағалидің шығармашылығымен жақсы таныс. Ақынның  өлеңдерін бұл мектепте жатқа айта білетін талантты  оқушылар көптеп табылады. Дүрмекті байқауда ақынның шығармашылығы бойларын баураған  жасөспірімдер жеңіс үшін барын салды. Әсіресе, ұлағатты ұстаз Жанар Әлімғазықызы Абитқанова дәріс беретін 4 «В» сыныбының оқушылары, сынып жетекшілерінің асқан ынтамен шебер дайындығының арқасында   «Көркем сөз» тақырыбы бойынша мәнерлеп оқудан айырықша таланттарын паш етіп, қазылар алқасының қошаметіне бөленді. Негізі айтулы мектепте дарынды спортшылар да жетерлік. Мектеп қабырғасында көркем гимнастикадан үйірме ашылған. Бұл үйірмеде  6 –10 жас аралығында көптеген талантты жасөспірім қыздар  спорт шебері Малика Болатқанқызы да шеберліктерін шыңдап жаттығады. Көркем гимнастикадан Афина Олимпидасында 4 орын, Бейжің Олимпидасында 5 орынға ие болған, Азияның абсолюттік чемпионы атанған қазақтың  әйгілі қызы Әлия Жүсіпова секілді Олимпиада асуына көтерілу жасөспірім әрбір қаракөз қызымыздың арманы. Армандарына жетсін деген тілеудеміз. Өйткені, осы олимпиадалық спорт түрінде елімізде әлі Әлиядай даңқты спортшы шықпай келеді. Соның өкшесін басу мектеп қабырғасынан басталады деп ойлаймыз. Ал, қазақ қыздарының арасында осы бір спорт түріне қызығушылықты арттыру, жастарға жол ашу бүгінгі күнде өте маңызды.  «Спорт пен өнер егіз» деп алсақ, өнермен қоса спортты да бірге ала жүрген жас ұрпақтың болашағы жарқын, байтағы кең. Хош, сонымен Мұқағали Мақатаевтың жырларына арналған жыр додалары онкүнмен шектеліп қалмаса анық. Ақиық ақынның әрбір өлеңі күнделікті өмірімізде аладымыздан жарық етіп шығып отыратын өлмес шығармалар. Мектептерде Мұқағали пәнін енгізіп жатса, қазақ поэзиясы ұтпаса ұтылмайды. Өйткені, жастарымыздың бойына Отанын сүюді, елін, жерін құрметтеуді Мұқағали жырларын оқи отырып қуаттанамыз,  аламыз.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    Іле ауданы,

    Алматы облысы

    Бір пікір

    1. Қалмақбаев Ғани Муталіпұлы

      Керемет әсерлі жазылған екен Ақын Ордабай ұлы өте керемет таланты журналист. Қанша мақаласын оқып жүрмін өте көркем жүрекке ойсалады және адамды тартады. Қызықты және әсерлі түсініікті адамға ойсалады.Ақын мырза қаламыңыз ұштала берсін сізге Алла қуат берсін!

    Жауап жазу Қалмақбаев Ғани Муталіпұлы Қайтып алу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *