• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақ болғаным үшін Олимпиадаға апармады – Ақжүрек Таңатаров

    Еркін күрестен Олимпиаданың қола жүлдегері, әлем чемпионатының қола медалисі, Азия чемпионы Ақжүрек Таңатаров «Берен Live» Youtube арнасына сұхбат беріп, өзі жарыстарға қатысқан кездегі еліміздің спорт саласындағы былықтарды жайып салды.

    Сұхбатта ол бір емес, бірнеше рет Ресейден келген легионер ұлты саха Леонид Спиридоновтың кесірінен халықаралық жарыстар мен турнирлерге, Азия, әлем чемпионаттарына бара алмай қалғанын, құраманың бас жаттықтырушысы болған Анатолий Белоглазовтың қазақ балуандарына қырын қарағанын айтып берді. Сонымен бірге ол жаттықтырушылар мен күрес федерациясы басшыларының қызыл ақшаға қызығып, командаға қазақ балуандарының орнына легионерлерді көптеп тартып, солардың шашбауын көтергенін, еркін күресте ұлттық құраманың 90 пайызы келімсектерден құралғанын айтты.

    «Мені бір ашындыратыны, қазақпыз деген көкелеріңнің өзі якут үшін сөйледі ғой (ұлты саха Леонид Спиридоновты айтты, –  ред.). Қазақта «Ағасы бардың жағасы бар», деген сөз бар емес пе?! Сол жағаң басқа біреудің жағасы болып жүрді. Сөйтіп, 2008-де спортты қойып, тастап кеткенмін. Мені дөкейдің баласы жеді. Леонид Спиридоновты айтып отырмын. Оның өгей әкесі Ресейде алмас зауытының бастығы болған екен. Өте бай адам деп естігенмін. Сол себептен біздің жаттықтырушылар оның шашбауын көтеріп, бүкіл жарыстарға әкетіп отыратын. Міне, соған, соны жарыстарға апарып жүрген жаттықтырушыларға сөзі өтетін қазақ баласы болмады ғой.  Ол үйде отырып, ойына келгенін істейтін. Азияға, әлем чемпионатына бара жатсаң Қазақстанға хабарласады да мен барамын дей салады. Қазақстан чемпионатына қатыспайды, Қазақстанға келмейді де. Біздің адамдар соның айналысында жүріп ақша жасап алды. Соның өгей әкесінің атын пайдаланып, бизнеске айналдырып алды. Ал егер оны өзіміздің қаракөз балуанымен күрестірсеңіз сол жерде еліміздің әнұраны мен көк байрағын үшін жан алысып, жан берісіп күреседі. Қазақ балуаны жеңілсе де жан аямай белдесуге шығатын еді. Ал Спиридоновта ондай болған жоқ. Ол Қазақстан құрамасын алақанында ұстап, жарыстарға ермек үшін баратын. Соның кесірінен мен талай дүрмекті додаларға бара алмай, талай рет сағым сынып, талай рет күрестен кететін болғанмын», –  деді ол.

    Одан әрі ол Таймураз Тигиевке қатысты әңгіме қозғап, оның талай рет белдесулерін қарсыласына сатып жібергенін жеткізді.

    «Кезінде Тигиевке қатысты дау-дамай шыққан. Оны біреулер біледі, біреулер білмейді. Ол финалдағы белдесуін сатып жіберген деген әңгіме болған. Тигиев те Қазақстанның азаматы емес қой. Белдесуін сатады да жүре береді. Оған ақша болса болды. Оған біздің туымыздың, әнұранымыздың келіп-кетер ештеңесі жоқ. Олар туымыз жерде жатса басып кететініне күмәнім жоқ. Ал қазақ болса соны көтеріп, іліп қояды ғой», –  деп айтты Ақжүрек.

    Сонымен бірге Таңатаров жаттықтырушылардың легионерлер үшін басқа да салмақтарда қазақ балуандарына жарыстарға қатысуға еш мүмкіндік бермегенін айтты.

    «Сәбит Кеңдібаев, Мадияр Құрамысов, Берік Деңгелбаев ағамыз бар. Оларды жақсы білетін шығарсыздар. Міне, Спиридонов 2004 – 2012 жылдарға дейін осы 66 кило салмақтағы ағаларымыздың жолына бөгет болды. Одан кейін 74 килода Шапиев жас балуандарға мүмкіндік бермеді. 86 кило салмақта Ермек Байдуашевті түртпектей берді. Оның орнына Семен Семеновты, Азнаур Аджиевті шығарып отырды. Үшеуі бір жарысқа барса Ермектің жасы екеуінен кіші болса да оны «жасын үлкен», «шалсың», «күресе алмайсың» деп қатыстырмайды. 96 килода Нұржан Катаевты алсақ, оның орнына да жарысқа Тигиевті алып барады. Тигиевтің жасы келсе де оның Олимпиададан жүлде ала алмайтынын білсе де соны апарады. 2008 жылы 86 килода Геннадий Лалиевты апарып жүрді. Сол кезде оның салмағы 90 кг болатын. Ол үйінде жатқан кезде кілемге шығарып, Ермекпен де Нұржанмен де күрестіріп, жеңісті әперіп, Олимпиадаға алып кеткен. Лалиевты бірінші айналымнан кейін күресе алмайтынын біліп, соған федерациядағы адамдар мен жаттықтырушылардың көздері жетіп тұрса да жоғары жақтағылар оның медалді жеңіп алуы мүмкін деп ойлап, Олимпиадаға апарған. Қараңыз: солай ойлағаны үшін Олимпиадаға апарған болып тұр. Сол кезде Олимпиадаға қазақтың жас балуанын жібергенде бірінші айналымда жеңілсе де келесі додаға дайын болатын еді ғой. Бәрін тастап, жасы 40-қа келген адамды Олимпиадаға алып кетті. 96 кг, 130 кг-де солай болды», –  деді ол.

    Командаға Кавказ спортшыларының көптеп келуіне кім мүдделі болды деген сұраққа Ақжүрек Таңатаров былай деп жауап берді:

    «Бізде көп жаттықтырушылар балуанды бала кезінен жаттықтырғысы келмейді. Дайын асқа тік қасық болып отыра салғысы келеді. Дайын асты жеген оңай ғой. Орыста: «На халяву уксус сладкий», деп айтады. Сол сияқты үйде отырып, еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын алғыңыз келсе екі әдісті жаттап алып, ақшасын беріп, куәлікке тренер болып жаздыртып алып, Спиридонов секілділерді әкеліп, жарысқа қоссаңыз осының өзі жетіп жатыр. Ал балуанды жастайынан спортқа тәрбиелеу оңай нәрсе емес. Міне, содан «жаттықтырушылар» легионерлерді шақыра береді.

    Сондай кезде әлем чемпионатына бара алмай қалдым. Енді тағы да күресті қойдым, тастадым дедім. Спиридонов мені өмірінде жеңіп көрмеген. Мен оны үш рет ұттым. Ол майлы жерлердің бәріне барып жүрді. Азия чемпионатына, әлем чемпионатына баратын.

    Алтай Таңабаев ағамыз бас жаттықтырушы болғанда мен үшін шын айтайын, бүкіл өмірін бәске тікті десе болады. Өйткені, ол нағыз патриот. Мен туралы «Как турист поедет так и приедет» деп бір газет жазған еді. Ол соған намыстанды. Менде намыстандым. Олимпиаданың алдында Алтай ағамыз мен үшін тәуекелге барды. Жамбыл облысының әкім Қанат Бозымбаев та маған жанашырлық танытты. Менде ол кісіге медаль әкелемін деп уәде бердім. Сөйтіп, сөзімде тұрдым», –  деді Ақжүрек Таңатаров.

    Осыдан кейін сұхбаттасушы, белгілі журналист Ғалым Сүлеймен спорт маманынан кезінде еркін күрестен бас жаттықтырушы болған Анатолий Белоглазов туралы сұрады. Оның елімізге нендей еңбек сіңіргенін айтып беруін өтінді. Бұған Таңатаров былай деп жауап берді:

    «2016 жылы еліміздің еркін күресі Анатолий Белоглазовтың қолында болды. Оның жаттықтырушысы ретінде сыйлайтын ештеңесі жоқ. Оны Олимпиада чемпионы ретінде сыйлауға болады. Ал бірақ жаттықтырушы, адами қасиеттеріне қарап сыйлай алмаймын. Оны мен ғана емес, бүкіл бауандар сыйламайды. Ол –  бүкіл Қазақстанның күресін құртқан адамның бірі. Ол Беларусьте, АҚШ-та, Кореяда жаттықтырушы болған. Сол кезде Ресейде онымен бірге оқу-жаттығуға барған 100 балуанның 90 пайызының жүрегі отырған. Оның әйелі мен қызы АҚШ-та тұрған. Солардың жолақысын Қазақстан төлеген. Өзі 20 мың АҚШ долларын алып отырған. Пәтерақысын, тамағын, киім-кешектерін, күзетін бәрін мемлекет төлеген. Айына 30 мың доллар жай ғана шығатын. Ал Белоглазовтың дайындаған бір чемпионы жоқ. Соның кесірінен еркін күресі дамымай жатыр. Қаншама баламыз күресті тастап кетті. Ол балаларды бір-біріне айдап салып, шағыстырып, арақатынастарын құртып кеткен адам. Мемлекет Белоглазовқа жылына 360 мың доллардай шығын келтіріп отырды. Ал сол 360 мың долларға бір команданы қамтамасыз етуге болатын еді. Естуімше, Белоглазовты біздің елге әкелген Ерлан Қожасбай мен Ислам Байрамуков. Белоглазов мені 2016 жылы өткен Рио-де-Жанейро Олимпиадасына апармады. Бүкіл Қазақстанның күресін құртқан ең бірінші адам – Белоглазов!

    Қазір қазақтың қаракөз балалары үшін сөйлемесек, ертең бәрімізді сырттан келген келімсектер жем қылып, жеп-жеп қайтып кетіп қалады. Сондықтан Қазақстан құрамасын отандастарымыз жаттықтыру керек. Әңгіменің ашығы, ай сайын 20 мың доллар айлық алған адам ең болмағанда екі Олимпиада чемпионын шығару керек еді. Қазір осы жағдайды басшылардың бәрі біледі. Бірақ біреуі де ештеңе айта алмайды. Өйткені, басқа тигеннен кейін айтатын ештеңелері жоқ», –  деді Олимпиаданың қола жүлдегері.

    Сұхбаттың соңында Ақжүрек Таңатаров қазақ болғаны үшін Бейжіңдегі Олимпиадаға бара алмағанын, жоғары жақта билікте отырған адамдардың кесірінен 2009 жылы Данияда өткен әлем чемпионатына, тағы басқа да халықаралық жарыстар мен турнирлерге қатыса алмағанын, оның орнына Спиридонов сияқты қалтасы қалың легионердің барғанын, ал қазір жағдайдың шамалы болса да ақырындап дұрыс жолға қойылып келе жатқанын атап өтті.

    Бұған дейін Ақжүрек Таңатаров Күрес федерациясын сынға алған болатын.

     

    3 пікір

    1. Никита

      Спасибо большое за подробную информацию. Дистанционное обучение https://premier-centr.com/profperepodgotovka/bezopasnost/okhrana-truda — переподготовка по охране труда в ОЦ Премьер в Воронеже

    2. Надежда

      Благодарю вас за информацию. Обучение для социального работника https://premier-centr.com/profobuchenie/soczialnyj-rabotnik — переподготовка на социального работника в Образовательном Центре Премьер

    3. Никита

      Это полезная информация. Обучение для кондитера дистанционное обучение кондитер https://premier-centr.com/profobuchenie/konditer свидетельство о профессиональном обучении

    Жауап жазу Надежда Қайтып алу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *