• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Түркістанда тұңғыш рет «Turan Barysy» турнирі өтеді

    29 қазанда Түркістан қаласында «Olympic center» спорт сарайында алғаш рет қазақтың ұлттық күресінен «Turan Barysy» Азия кубогы өтеді. Жарысқа еліміздің балуандарымен бірге Түркі мемлекеттері ұйымына мүше Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан мен Мажарстанның өкілдері қатысады.

    Қазақ күресі балуандары 18 жастан асқан жеті адамнан тұратын командалар атынан сынға түседі. Спортшылар жеті салмақ (55 кг, 60 кг, 66 кг, 74 кг, 82 кг, 90 кг-қа дейін және 90 килодан аса салмақта) дәрежесінде белдеседі.

    Турнир еліміздегі ұлттық спорт түрін дамыту және қолдау мақсатында өткізіледі.

    «Qazaq kuresi» қауымдастығының бас директоры Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, турнир төл күресімізді әлемдік аренада одан әрі дамытуға септігін тигізеді.

    29 қазанда алғаш рет «Turan Barysy» турнирі болады. Түркістан қаласы кездейсоқ таңдалмады. Ол қатысушы елдердің мүддесін біріктіретін түркі әлемінің астанасы саналады, – деді Ербол Мырзабосынов.

    Бүгінде елімізде 120 мыңнан астам бала мен жасөспірім спорттың осы түрімен шұғылданады. Ұлттық спортты насихаттау мақсатында шетелде 30-дан астам қазақ күресі федерациясы жұмыс істейді.

    Тек Қазақстанның өзінде әртүрлі деңгейде 800 астам жарыс өткізіледі. Сонымен бірге халықаралық деңгейде Азия кубогы, Азия және әлем чемпионаттары секілді халықаралық турнирлер өтеді, —  деп атап өтті «Qazaq kuresi» қауымдастығының бас директоры.

    «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қорының атқарушы директоры Серікбол Оразалиннің айтуынша, жарысқа мықты балуандар қатысады.

    Qazaqstan Barysy» қоры 10 жыл бойы ұлттық спорт түрін қолдау және дамытумен айналысып келеді. «Қазақстан барысы», «Әлем барысы», «Еуразия барысы» секілді турнирлер өткіземіз. Мұндай іс-шаралар отандастарымыз бен шетелдік аудиторияның Қазақстанның мәдениеті мен салт-дәстүріне, ұлттық күреске деген назарын аударады деп сеніммен айта аламыз. Жалпы жүлде қоры 20 млн теңге, — деді Серікбол Оразалин.

    Турнир Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қоры, «Qazaq kuresi» қауымдастығы, «Туризм мен спортты қолдау және дамыту қоры» КҚ ұйымдастырылып жатыр.

    Жанкүйерлер турнирді Qazsport және TRT Avaz телеарналарынан тікелей эфирден тамашалай алады.

    Ақсұлу АРЗЫҚҰЛОВА,

    Қосымша ақпарат бойынша +7702 888 31 38

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *