• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақ күресінің желбіреген жалауы

    Серік Төкеев ағамызды бізден артық білетін адамдар көп қой. Оны өзімен өмір бойы үзеңгілес болып, сырласып жүрген әріптестері жақсы біледі. Ал біздің Серік ағамен таныстығымызға 13 жылдай ғана уақыт болыпты. Содан бері екеуміз ағалы-інілі болып сыйласып келеміз.

    Секеңмен таныстығым 2004 жылы басталған. Бұл – Афина Олимпиадасы өтетін жыл болатын. Сол жылы «Егемен Қазақстан» газетінде істеп жүргенімде спортшылардың төрт жылда бір айналып келетін дүрмекті додаға дайындығы туралы материал әзірлеу керек болған соң, Штаттағы ұлттық командалар және спорт резерві дирекциясына барған едім. Ол кезде дирекция Пушкин көшесінің бойында орналасқан еді. Мекемеге келсем, өзі екі қабатты ғимаратта аядай бөлмелер көп екен. Соның бірінде Серік Адамболсынұлы да отыратын. Мені Секең жылы қарсы алып, екеуміз біраз уақыт спорт туралы әңгімелестік. Кейін оның сұхбаты газетке шықты.

    Міне, содан бері ағамызбен жиі кездесіп, оның мақалалары мен интервьюлерін еліміздің бас басылымының беттерінде шығарып тұрдық. Ол кісі Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатын басқарып тұрғанда да арамыз алыстаған жоқ. Керісінше, одан сайын арамыз жақындап, сыйласып кеттік. Өйткені, Серік Төкеев сияқты үлкен жүректі, өз ісінің білікті мамандары қай кезде болса да қай жерде жүрсе де құрметке лайық. Жалпы, Секең туралы көп айтуға болады. Соның бірі – оның азаматтығы мен адамдық қасиеті. Мұны мен ғана емес, басқа да көптеген адамдар айта алады. Өзі өмірде бір кісілік, мың кісілік деген адамдар болады. Серік аға соның екіншісіне жатады. Бұл кісінің өз ісін ұршықша иіріп әкететін іскерлігі, парасаттылығы, тектілігі, адамды алаламайтын, біреуге ренжісе, өкпелесе, кең жүрегімен бәрін кешіре білетін қасиеттері көпке үлгі болса деймін. Ал Секеңнің өзі құрып, оннан астам жылдай басқарған Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының төл күресімізді дамытудағы жұмысын ауыз толтырып айта аламыз.

    Қазір қазақ күресін жер-жүзінің бәрі біледі. Кезінде ұлттық спортымыздың біраз уақыт тасада қалып, сахна төріне шыға алмай қалғанын білесіздер. Бұл күресіміз Секең федерация құрып, жұмысын бастағаннан кейін екінші тынысын ашып, бүгінде төрткүл дүниенің төрт бұрышына туын тігіп жатыр. Осы кезге дейін қаншама әлем, Еуропа, Азия, Африка, Америка чемпионаттары өтсе, соның бәрі Серік ағамыз бен оның жанында жүрген азаматтардың арқасы.

    Секе, мен көп сөйлемейін, басқа адамдардың да тілектеріне орын қалдырайын. Менің сізге деген құрметімді өзіңіз жақсы білесіз. Бір ғана айтарым, басыңыз аман болсын! Отбасыңызбен бақытты өмір сүріңіз! Өйткені, сіз сияқты тау тұлғалы, текті азаматтар тұрғанда қазақ спорты, қазақ елі ешкімге ешқашан есе жібермейді. Алпыс жасты тал түс дейді екен. Ендеше, осы асқаралы алпыс жасыңызға тағы да осыншама жас қосып, маң-маң басып, қуаныштарыңызға марқайып жүре беріңіз!

    Ең ізгі тілекпен, інілік ілтипатпен Қазақстан спорт баспасөзі қауымдастығы Астана қалалық филиалының төрағасы, www.sportpress.kz ақпараттық-сараптамалық спорт сайтының бас редакторы Дастан КЕНЖАЛИН

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *