Бородюк: «Румынияға қарсы жаңа тактикамен ойнаймыз»

Қазанның 5-інен 6-сына қараған түні Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында сырт алаңда Румыния командасымен кездеседі. Бүгін осыған орай ұлттық құрамамыздың бас жаттықтырушысы Александр Бородюк пен шабуылшы Сергей Хижниченконың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Сергей Хижниченко:


— Біз үшін маңызды матч. Ұлттық құрама үшін жанымызды саламыз. Жанкүйерлерімізді қуантқымыз келеді. Румынияда жаңа бапкер, құрамаларына жаңа ойыншылар қосылды. Бірақ бұл біз алаңдайтын нәрсе емес. Жақсы нәтиже керек екені түсінікті. Румыния жақсы команда, өз алаңында жақсы ойнайды. Біз де аянып қалмаймыз, жақсы ойнауға тырысатын боламыз.

Александр Бородюк:
— Екі команданың да өздерінше дәлелдейтін нәрселері бар. Румынияда жаңа бапкер. Бұл оның алғашқы ойыны. Сол себепті ол үшін Қазақстанмен ойын  маңызды. Қызық ойын болады деп ойлаймын.

КСРО кезінде Румынияға қарсы ойнадым. Сол ойындар есімде жақсы қалыпты. Ол кезде мықты құрама болатын. Қазір де бұл елде жақсы ойыншылар көп. Сондықтан екі жақ та өздерін барынша көрсететін болады.

Біздің бірнеше ойыншымыз жарақаттарына байланысты ойнай алмайды. Бірақ футболда ауыспайтын ойыншылар болмайды. Бір жағынан басқаларға өздерін көрсетуге жақсы мүмкіндік  болады. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланса жақсы. Өздерін көрсетіп, негізгі құрамның ойыншыларына айналуға тырысулары керек. Тек өздері үшін емес өз елдері үшін ойнаулары керек.

Чемпионаттағы турдан кейін ұлттық құрамада дайындыққа, ойын философиясын сіңіруге 5-6 күн керек. Сол жағынан кемшілігіміз бар. Бірақ барынша дайындалдық.

Румыния құрамасында жаңа жаттықтырушы, оның не жоспарлап отырғанын білмейміз. Оларда да өзгерістер болатын сияқты. Қауіпті ойыншылары көп, әр позицияда мықты ойыншылары бар.

Ертең өзгеше тактикамен ойнаймыз. Тактикалық схемамыз әзір, тосынсый жасауға дайынбыз.

Аршат ОРАЗ

Фото: Ілияс ОМАРОВ,

Будапешт (Румыния)

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*