• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Күрестен Әлем кубогына қатысатын балуандар анықталды

    10-11 желтоқсан күндері АҚШ-тың Айова штатындағы Коралвилл қаласында еркін және әйелдер күресінен Әлем кубогы жарысы өтеді.

    Биыл Xtream Arena-да ұйымдастырылатын белдесулерде ерлер мен әйелдер еркін күрестен алғаш рет бір спорт кешенінде жиналып, шын мықтыны анықтайды.

    Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мұхиттың арғы бетіндегі додада Қазақстан құрамасынан екі өкіл бақ сынайтынын мәлімдеді. Олар — қыздар арасындағы 72 келіге дейінгі салмақтағы әлем рейтингінің көшбасшысы Жәмила Бақбергенова мен ерлер арасындағы биылғы Азия чемпионы Азамат Дәулетбеков (86 келі).

    Балуандар әлем құрамасы сапында күреседі. Әр елдің таңдаулы бозкілем шеберлерінен жасақталған команда В тобында АҚШ және Қытай құрамаларымен жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Ал А тобында Жапония, Украина мен Моңғолияның бұрымды балуандары өзара күш сынасады.

    Қытай құрамасы 72 келіге дейінгі салмақта бір ғана балуан – Цянь Дегенчаганды (UWW рейтингінде ол 12-орында тұр) жарысқа қатыстырады. Жарыс қожайыны АҚШ қыркүйекте Бел­градта әлем чемпионы атанған Амит Элор мен Скайлар Эллисон Гротені таңдапты.Сербия астанасында Жәмила финалда дәл осы Амит Элорға есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болған еді.

    Жәмила биыл Халықаралық күрес федерациясы (UWW) бекіткен барлық салмақтағы әлемдік рейтингті (72 келіге дейінгі салмақта) бірінші орынмен аяқтағаны баршаға мәлім. Оның еншісінде 52 000 ұпай бар. UWW ережесі бойынша, жылды бірінші орынмен қорытындылағаны үшін оған Халықаралық күрес федерациясы 5 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы береді. Жәмила биыл бірқатар толайым табысқа жетті. Мәселен, ол әлем чемпионатында күміс жүлдегер болса, Азия біріншілігінде алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ Болат Тұрлыханов атындағы Гран-при жарысында да дара шықты. Ал Ислам ойындарында қола жүлдені қанағат тұтты.

    Ал отандасымыздың басты қарсыласы – Амит бір жылда жастар, 23 жасқа дейінгілер және ересектер арасында әлем чемпионатында топ жарған бірінші америкалық балуан.

    Әлем кубогында отандасымызға кімдер қарсылас атанбақ? Моңғолия осы салмақтағы бет­кеұстары Даваанасан Энх Амар мен Сарнай Баярбаатардың жолына үмітпен қарайды. Украина да өз көшбасшысы Анастасия Алпееваға сенім артады. Ол қазір рейтингте 13-сатыда тұр. 21 жастағы балуан биыл Испанияда 23 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдені иеленген.

    Әлем кубогын жыл сайын Халықаралық күрес федерациясы (United World Wrestling) ұйымдастырады. Мұнда әлем чемпионатында жалпы есепте үздік шыққан 5 құрама мен әлем құрамасы (өзге құрамалардағы үздік балуандардан жасақталған) күш сынасады.

    Қазақстандық күрес жанкүйерлері Коралвилл қаласындағы тартысты белдесулерді Халықаралық күрес федерациясының (United World Wrestling) ресми сайтының тікелей эфирінен көре алады.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *