• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Сенсация: Марокко жартылай финалға шықты

    Футболдан Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалына шыққан тағы бір команда анықталды. Ол — Марокко құрамасы.

    Ширек финалда Марокконың жасағы Португалия құрамасын 1: 0 есебімен жеңіп, африкалық командалардың арасында алғаш рет ½ финалға жолдама алды. Ойындағы жалғыз голды 42-минутта Юссеф Эн-Несири салды. Ол кезекті қарсы шабуыл кезінде допты баспен ұрып қақпаның торына дәл түсірді. Оның тура соққан добын қақпашы Диого Кошта қайтара алмады.

    Командалар мына құрамда алаңға шықты:

    Марокко: Буну – Аттият, Эль Ямик, Саисс (Дари, 58), Хакими – Амалла (Кеддира, 65), Амрабат, Унахи – Буфаль (Абухляль, 81), Эн-Несири (Банун, 65), Зиеш (Жабран, 81)

    Португалия: Кошта – Геррейру (Канселу, 51), Пепе, Диаш, Далот (Орта, 79) – Отавио (Витинья, 69), Невеш (Роналду, 52), Б. Силва – Фелиш, Рамуш (Леау, 69), Фернандеш.

    Марокколықтар осы жеңісі арқылы Африка құрлығынан әлем чемпионатының жартылай финалына бұрын-соңды шыққан ең алғашқы құрама болып отыр.

    Кездесуде португал форварды Криштиану Роналду құрама сапындағы өзінің 196-матчын өткізді. Осы арқылы тарихи рекордты жаңартуға жақындады. Қазір ол бұл көрсеткіш жөнінен Кувейт құрамасының ойыншысы Бадер әл-Мутавамен теңесті.

    Марокко құрамасы бұған дейін, 1/8 финалдық матчта Испания құрамасымен 0:0 есебімен тең ойнап, матчтан кейінгі пенальтилер сериясында 3:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Ал Португалия сол жолы Швейцария құрамасын 6:1 етіп еңсіретіп жеңген болатын.

    Тағы бір айта кететін жайт, Марокко және Португалия құрамалары бұған дейін әлем чемпионаттарында екі рет кездескен. Оның біріншісі 1986 жылы өтіп, африкалықтар іріктеу тобында қарсыластарын 3:1 есебімен ұтып кеткен. Ал 2018 жылы орын алған екінші ұшырасуда еуропалықтар топтық сайыста бәсекелестерін 1:0 етіп тізе бүктірген.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *