• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақ күресінен әлем чемпионаты аяқталды

    Минск қаласында қазақ күресінен жетінші əлем чемпионаты аяқталып, тағы бір дүбірлі дода тарих қойнауына кетті.

    Қазақ күресінен əлем чемпионатын екі айдың ішінде ұйымдастырып өткізген Беларусь Республикасының Спорт министрлігі мен Беларусь қазақ күресі федерациясына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Минскдегі ең үлкен «Олимпийский» спорт кешенін беріп, əлемнің түкпір-түкпірінен келген палуандарға барлық жағдайын жасапты. Жарыс өтетін жер мен қонақ үй бір жерге орналасқан. Палуандардың үш мезгіл тамағы дайын. Бір сөзбен айтқанда ұйымдастыру жағы керемет. Бұл əрине ең бірінші дүниежүзілік қазақ күресі федерациясын басқарып отырған Ислам Əбішев пен Серік Төкеев ағаларымыздың еңбегі екені даусыз. Əлем біріншілігінде жеңімпаз атанған палуандар 2 000, екінші орынға 1 000 жəне үшінші орынға ие болғандар 500 доллардан сыйақыға ие болса, түйе палуандар бəсекесінің жеңімпаздары тиісінше 4,3 жəне 2 000 доллардан алды. Бұл əрине палуандар үшін керемет мүмкіндік екені сөзсіз.

    Дүниежүзілік қазақ күрес федерациясының бұл жердегі мақсаты ұлттық күресімізге деген өзгелердің қызығушылығын арттыру деп білеміз. Жылдан-жылға шет елдіктердің қазақ күресіне деген ынтасы артып, осындай додаларда біздің палуандарға мықты қарсылық көрсетуі сөзімізге дəлел бола алады.

    Бұл чемпионат тарихта тұңғыш рет əйелдер арасында өтуімен де ерекше болды. Бұйырса алдағы уақытта əйелдер арасында қазақ күресі мықтап дамитын болады.

    Чемпионаттың ашылу салтанатына Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының құрметті президенті, аты аңызға айналған палуан Александр Медведь пен федерацияның тағы бір құрметті президенті, спорт жанашыры Қажымұқан Мəсімовтердің қатысуы доданың беделін арттыра түсті десек артық айтқандық емес шығар. Сонымен қатар, Беларусь еліндегі Қазақстан елшісінің кеңесшісі Өмірзақ Бейспеков те қатысып, елшілік атынан сый-сияпат ұсынғаның да айта кеткен жөн.

    Сонымен 7-ші əлем чемпионатының жеңімпаздары болған палуандар : Жақсылық Мұсырманов (60 кило, Қазақстан), Али Тұрсынов (70 кило, Ресей), Хамроз Ражабов (80 кг, Тəжікстан), Ерлан Омаров (90 кг, Қазақстан), Талғат Əмренов(+90 кг, Қазақстан) жəне абсолтті салмақта Александр Вахабиак (Беларусь).
    Сонымен қатар əйелдер арасында тарихта тұңғыш əлем чемпионы атанғандар: Алтынай Хаби (70 кг, Қазақстан) жəне Отгон Мунхцецег (+70 кг, Моңғолия). Біздің Қалжан Тайжан жарақатына байланысты екінші орын алып қалды.

    Осылайша, əлем чемпионаты аяқталып, Минскмен қош айтыстық. Енді қараша айында Бразилияда қазақ күресінен Пан Америка ойындары өтеді.

    Мұсағали ТАСҚАЛИЕВ,

    Минск (Беларусь)

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *