• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Қазақ күресі: төрешілер туралықтан таймайды

    Беларусь елінің бас қаласы Минскіде қазақ күресінен  VII әлем чемпионаты түңлігін түрді. Әлемнің 38  елінен палуандар жиналған дода бес салмақ дәрежесінде өтеді.  Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының  ұйытқы болуымен өтіп жатқан әлем чемпионаты барысында төрешілерге арналған семинар ұйымдастырылды.

    Аталған федерацияның бас хатшысы Нұрлыбек Ермағамбетов шетелден келген командалардағы төрешілерге әлем чемпионаты кезінде қалай төрелік жасау керектігін түсіндірді. Экраннан арнайы дайындалған бейнежазба арқылы белдесуде төрешілердің қазылық етуде қандай іс-қимыл жасау керектігін айтты.

    Шетелдік төрешілер де өздерінің көкейінде жүрген сауалдарын жолдап тұшымды жауап алды.

    Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы төрешілер алқасының төрағасы Махмұт-Бақыт Жаңбырбаев семинарда сөз алып, шетелдік төрешілердің қазақ күресінен қазылық етуге кәдімгідей төселіп қалғанын жеткізді. «Біріккен күрес әлемінің» (UUW ) бағдарламасына енгізілген бұл әлем чемпионаты барысында қазылық ететін төрешілер ақиқаттан аттамайды деп санаймын. Қазақ күресінен  әлем чемпионаттары бұған дейін алты рет өткізілді. Төрешілерге ешқашан өкпе-реніш айтылған емес. Бұл жолы да қазылар әділ төрелік етеді деп санаймын. Өткен айда ғана Түркіменстанда жабық кешендегі Азия ойындары болды. Қазақ күресі тұңғыш рет жабық кешендегі Азия ойындарының бағдарламасына қосылды. Міне осы дода кезінде шетелдік төрешілер қазақ күресі сайысында өте жақсы қазылық етті. Ешқандай да жаңылысу, ұпай беруде қателесу болған жоқ. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы төл күресімізді әлем елдеріне насихаттап федерациялар ашып, сол елдерде күресті  дамыту үшін төрешілерді де даярлауды мықтап қолға алды. Еліміздің тәжірибесі толысқан төрешілері шетелдерге барып арнайы семинар өткізіп, тәжірибелерімен бөлісіп жүр.  Соның нәтижесін күні кеше Ашхабад кілемінде көрдік. Минскідегі әлем чемпионатында да төрешілер біліктілігін паш етеді», деді Махмұт-Бақыт Жаңбырбаев.

    Қуаныш БАЖАҚ,

    Минск қаласы (Беларусь)

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *