• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Странджа кубогы: Қазақстан боксшыларының екеуі жеңіп, екеуі жеңілді (ВИДЕО)

    Болгарияның астанасы – София қаласында халықаралық Странджа кубогы үшін турнирінің 1/8 финалдық жекпе-жектері болды.

    Соңғы кездері көкжиектен ығысып қалған Германияның Галле қаласындағы халықаралық жарыстың орнына «кіші әлем чемпионаты» атанып жүрген «Странджа» турнирі жылдан-жылға өзінің беделін арттырып келеді.

    Турнирдің үшінші күні қазақстандықтар сапынан рингке төрт боксшы көтеріліп, олардың екеуі жеңіске жетсе, екеуі жеңілістің ащы дәмін татуға мәжбүр болды.

    Енді бәрін ретімен айтайық. Шаршы алаңға Қазақстан командасынан бірінші болып шыққан 60 келіге дейінгі салмақтағы Ерасыл Таңқай күтпеген жерден филиппиндік Пол Джулайфер Басконнан ұпайлар бөлісі негізінде ұтылып қалды. Бұдан кейін өзбек Мужибулло Турсуновпен принципті бәсеке өткізген Ертуған Зейнуллинов төрешілердің бір ауызды шешімімен жеңіліс тапты.

    Одан кейін соңғы екі боксшымыз қуантты. Әуелі 75 келіге дейінгі салмақтағы Нұрқанат Райыс  (суретте) австралиялық Доминик Молинаромен кездесті. Айқас түгелімен біздің боксшының басымдығымен болды Төрешілер де мұны дұрыс бағалады. Есеп – 5:0. Сөйтіп, Азия чемпионатының күміс жүлдегері командадан бірінші болып ширек финалға қадам басты.

    Ал 92 келіге дейінгі ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев нидерландтық Стэн Бертенспен жекпе-жегіне басынан тыңғылықты дайындықпен келгенін байқатты. Ол уақыт ұзаған сайын өзінің басымдығын еселей түсіп, қарсыласын тығырыққа тірей берді. Ақырында екінші раундта рингтің бесінші бұрышын іздей бастаған бәсекелесін терең нокаутқа жіберді.

    Бүгін ширек финалдық шайқастар басталады. Бұл күні 48, 54, 60, 67, 71, 86 келілерге дейінгі және 92 келіден ауыр салмақтардағы былғары қолғап шеберлері жартылай финалға шығу үшін қолғап түйістіреді.

    Турнирде Бекзат Алдамжаров (54 кг) пен Ерасыл Таңқай (60 кг) жарыс жолынан шығып қалған. Ал 71 келіге дейінгі салмақтағы Асланбек Шымбергенов турнирдің басталуына 5 күн қалғанда, ескі жарақаты сыр беруіне байланысты жолға шыға алмаған.

    Осылардан басқа салмақтардағы төрт боксшымыз шаршы алаңға шығады. Олардың да үшеуі Өзбекстаннан келген қарсыластарымен күш сынасқалы тұр. Атап айтқанда, Ернұр Қайрат (48 кг) грузин Лука Кублашвилимен беттессе, Темірхан Тезек (67 кг)  Бекзод Хамидовпен, Бекзат Таңатаров (86 кг) Шохжахон Абдуллаевпен, ал Қамшыбек Қоңқабаев (+92 кг) Баходир Жалоловпен ұстасады.

    Ширек финалдың қалған салмақтардағы (51, 57, 63,5, 75, 80, 92) жекпе-жектері 24 ақпанда аяқталады. Жартылай финалдық айқастар 25 ақпанда өтсе, финалдық бәсекелер 26 ақпан күні болады.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *