Әлемдік дода отыз сегіз елдің басын қосты

Жақында Беларусьтің астанасы Минск қаласында қазақ күресінен өткен жетінші әлем чемпионатына 38 елдің палуаны қатысты. Жарыста қара нәсілді спортшылардың үстіне төл күресіміздің күртешесін киіп, «Баста», «Тоқта» деген төрешілердің қазақ тілінде берген бұйрықтарына бағынып, күресіп жатқан сәтін көргенде кеудеңді мақтаныш сезімі билейді екен. Әлем чемпионатына қатысқан мемлекеттердің көпшілігінде қазақ күресі федерациясы жұмыс істейді. Кейбірінде енді ашылғалы жатыр. Бұл дегеніміз – қазақтың күресі әлемге тарап жатыр деген сөз. Биыл Ашғабадта жабық кешенде өткен Азия ойындары бағдарламасына күресіміз еніп, бір марқайдық. Келесі жылы жазғы Азия ойындарына қазақ күресі еніп қалуы ғажап емес. Биыл Пан Америка ойындарынан орын алып жатыр. 2018 жылы Бүкіләлемдік ойындардан бой көрсетеді. Африкада жыл сайын қазақ күресінен чемпионат өтіп тұрады. Айта берсек, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының атқарып жатқан ісі өте көп.
Осы игі істің басы-қасында жүрген Ислам Әбішев пен Серік Төкеев ағаларымызға, оларға қолдау көрсетіп жүрген төрешілер Нұрлыбек Ермағамбетов, Рафаэль Хабиров пен басқа да азаматтарға Алланың нұры жаусын дегіміз келеді. Сіздер барша қазақтың үмітін арқалап жүрген батыр да, ержүрек жандарсыздар! Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында төл күресіміз түрленіп келе жатыр. Біздің сөзімізге сенбейтін немесе сенгісі келмейтіндер Минскіге келген елдер тізімін тағы бір шолып шықса, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының дұрыс бағытпен келе жатқанына көздері анық жетеді. Алға Қазақ елі! Шарықта қазақ күресі!

Төменде оқырманның назарына Беларусьтің астанасы Минск қаласында қазақ күресінен өткен  әлем чемпионатына қатысқан елдерді ұсынып отырмыз.

1.Әзербайжан
2. Армения
3. Ботсвана
4. Бразилия
5. Болгария
6. Қытай
7. Эстония
8. Германия
9. Грекия
10. Үндістан
11. Индонезия
12. Ирак
13. Израиль
14. Иордания
15. Қазақстан
16. Қырғызстан
17. Латвия
18. Литва
19. Ливан
20. Молдова
21. Моңғолия
22. Нидерланды
23. Филиппин
24. Польша
25. Замбия
26. Зимбабве
27. Ресей
28. Сербия
29. Словакия
30. Шри-Ланка
31. Оңтүстік Африка
32. Таиланд
33. Тәжікстан
34. Түркия
35. Түрікменстан
36. Украина
37. Өзбекстан
38. Беларусь

Мұсағали ТАСҚАЛИЕВ

Пікір жазу

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*