• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Өмірі өнегелі жан

     Ауыр атлетикадан қазақ жастары арасынан тұңғыш рет КСРО спорт шебері, Орта Азияның және Қазақстанның темір-жолшылар арасында КСРО чемпионы атанған арысымыз, ардагер спортшы, еліміздегі ауыр атлетика спортының кіндік атасы, батагөй ақсақалы Ізбасар Оразбақтың салауатты өмір салты туралы бір үзік сыр.

    Ауыр атлетиканың елдегі тарихы туралы сөз еткенде міндетті түрде  Ізбасар Оразбақұлы ағамызды еске аларымыз анық.  Ол 1941жылы 1 мамырда  Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында туған. Қазақтың Сұраншы, Саурық, Қарасай батырлары мен дүлділ жыршы, көміс көмей әнші, ақиық ақын Жамбылдай тау  тұлғаны дүниеге әкелген бұл қасиетті мекеннен, көптеген елге танымал азаматтар көп шыққан. Солардың бірі, бірегейі Ізбасар Оразбақұлы еді.

    Ауыл мектебінде жүргенде-ақ, ауыр темірлерді көтеруге әуес ағамыз, орта мектепті аяқтап, Алматыдағы Қазақ  мемлекеттік Денешынықтыру және спорт иниститутына 1963 жылы оқуға түседі. Институтты бітіргеннен кейін еңбек жолын ерікті спорт қоғамдарында нұсқаушы, жаттықтырушы және төраға болып қызмет етеді. Негізінде, ол кісі қазақ жастары арасынан тұңғыш рет КСРО спорт шебері, Орта Азияның және Қазақстанның темір-жолшылар арасында КСРО чемпионы атанған ауыр атлет арысымыз.

    Ізбасар Оразбақұлының есімі қазақ спорт тарихында ауыл атлетикадан қазақ жастары арасынан алғаш болып үлкен жетістіктерге жеткен, ардагер спортшы болып қалды. Сонымен бірге Ізбасар Оразбақұлы —  Барселона, (Испания), Атланта (АҚШ), Сидней (Австралия), Афина (Грекия) Олимпиадаларына аттанған қазақ спортшыларына қолдау жасап барған жанкүйер, бес құрлықты аралап қайтқан жиһангер.

    «Жігітке жеті өнерде аз», демекші, ауыр атлетиканың ардагері, спорттың көптеген түрлерінен үздік нәтиже көрсете білген жан-жақты жан. Бір мысал, 1990 жылы жеңіл атлетикадан Марокконың Мехнас қаласында өткен ардагерлер арасындағы біріншілікте әлем чемпионы атанады. Сол бір дүбірлі өткен байрақты жарыста 100 метрлік жүгіруде алдына жан салмаған желаяқ, ядро лақтырудан да қарсыластарын артта қалдырып кеткен екен. Көп жылдар бойы Алматыдағы Халықтық-ұлттық спорт түрлері және Бұқаралық сауықтыру-денешынықтыру клубының директоры болып жұмыс атқарған кезінде салауатты өмір салтын дәріптеп ел алғысына бөленеді.

    Сонымен қатар Ізбасар Оразбақұлы — Алматы шаһарында Бұқаралық спорт пен  салауатты өмір салтын қалыптастыруда орасан үлесін қосқан жан. Сондай-ақ, сауықтыру-шынықтыру арқылы денсаулықты жақсарту жаттығуларының кіндік атасы  әрі негізін қалаушы. Ардақты ағамыз зейнетке шыққанша  қатарынан 20 жылдай Медеуде жарыс өткізіп келді. Ол кісінің «Баспалдақ» атты жарысына талай рет барып, куәсі болған едім. Сонда Алматы қаласының еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін барып жарыста бақтарын сынап жататын. Ол кісінің денсаулықты жақсарту жағындағы еңбегі де ерен деп айтқан дұрыс болар. Халықтың денсаулығының жақсара түсуіне өзі мұрындық болған спорт шаралары арқылы еңбегінің жемісін көрген ардақты ағамыз ҚР еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, КСРО денешынықтыру үздігі, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы, жоғары дәрежедегі ұлттық төреші мен «Астана» медалінің иегері деген атақтарға ие болған.

    «Бір адам қазған құдықтан мың адам су ішеді», деген екен бабаларымыз. Денсаулықты жақсартудың жолы спорт арқылы деген ұғымды арқау етіп, ізгіліктің дәнін еге білген Ізбазар Оразбақұлының  жүріп өткен өмір жолы жастарға тұнып тұрған үлгі өнеге еді. Алланың ісіне еш шара жоқ. Қара жерден хабар келсе бәріміздің баратын жеріміз сол мәңгілік мекен. Ізбасар ағамыздың бақилық дүниеге сапар шеккеніне де міне, жылдан асып барады. Жақсының өзі өлгенімен артына қалдырған ізгілік жолындағы  ізі өлмек емес.  Міне, кеше ғана Алматы шаһарының халқы ардақты ағамызды еске алып үлкен бір шара ұйымдастыруды бастады. Бұл үлкен бір ұрпаққа пайдалы шаралардың алдындағы өткізіліп отырған сауапты іс болды.

    Ізбасар Оразбақұлы кезінде ұлттық спортымыздың ішіндегі асық ату өнеріне де көп мән беріп, қаншама жарыстарды ұйымдастырған еді. Енді сол ағамыздың салып кеткен сара жолын жалғастырушы жас шәкірттері асық атудан қала мектептерінде дене шынықтыру пәнінің ұстаздары арасында асық атудан дүбірлі бір турнирді ұйымдастырған екен.

    Бұл турнирге қатысушылар  ұлттық спортымыздың асық ату мен бес асық өнері бойынша сынға түсті. Ол негізі командалық жарыс болғандықтан әр ауданна 3 ойыншы қатыса алды.  Бұл шараға ұйытқы болып бас төрешілік жасаған Асан Қанапиянов кезінде Ізбасар ағамыздың қасында жүріп шарапатына бөленген ұлттық спорттың жанашыры.Ұлттық алтын құндылығымздың бірі асық атудың былайша айтқанда майын ішкен, білгір азамат жарыстың сондай әділетті әрі жанжалсыз өтуіне зор септігін тигізді десе болады.

    Сонымен, айтулы жарысқа қаладағы 5 ауданнан 64 спортшы қатысты. Олардың ішінде 32 ұл асық атудан бағын сынаса, бес асықтан 32 ару ұлттық спортымыздың осы түрінен  қаншалықты шебер меңгере алатындықтарын аянбай көрсетуге тырысты.  Қала мектептерінде дене шынықтыру пәнінің оқытушылары келіп шеберлігін сынады. Аламан турнир өте тартысты әрі қызықты өтті. Алаң шетінде ойыншыларға жанкүйер болып қазақ спортының ардагері, еркін күрестен әлем, Азия чемпиондары болған Мәдина мен Жәмилә сынды егіздердің әкесі, Науқанұр Бақбергенов ағамыз да қызықтап тұрды. Әрине, Науқан ағамыздың бұл жарысқа келуінің де өз себебі бар еді. Ол кісі де кезінде қаладағы бұқаралық спортты дамытуға зор үлесін қосқан арда азаматтың бір іболған. Сонымен қатар Ізбазсар Оразбақұлының ауылдас жерлесі, болып аға-інідей сыйласқан жан болған соң мұндай сауапты жарысқа ауылдан ат желдіріп жеткен екен.

    Асық ату — үлкен өнерді талап ететін ұлттық спорт түрі. Құлжа сақаны қолына ұстап  5-6 метрдей жердегі жерге тізілген асықтарға дәл тигізу  екінің бірінің қолынан келе бермес өнер. Өйткені, ептілігі мен дәлділігі келген асықшы ғана көздегенді дәл атып алаңнан шығара алады.

    Сонымен алтын асықтарын шиіре тартқан  ұстаздардың арасынан бірінші орынды Жетісу ауданының асықшылары жеңіп алды. Жетісу командасы жеңімпаздарының  арасында Жалғас Ерланұлы, Нұркелді Тұрғанбеков және ЕрланҚантөреевтердің ерекше жетістіктерін айтпай кетуге болмас. Ал, екінші  орынды Әуезов, үшінші орынды Алмалы аудандарының  асықшылар командалары жеңіп алды. Ал, бес асық өнері бойынша бірінші орынды Әуезов ауданы иеленді. Осы бес асық сайысында  Шынар Сейдехматова, Гүзарам Аманова мен Динара Жақсылықова ерекше өнерлерімен көзгі түсіп, үздік шықты.  Ал, екінші орынды Жетісу командасы иленсе, жүлделі үшінші орынмен Наурызбай ауданының асықшылары марапатталды.

    Сонымен, таңазаннан басталған жарыс күн бата аяқталып, жүлдегерлер мен жеңімпаз командалар ұйымдастырушылардың әзірлеген марпатына ие болды. «Өлі разы болмай тірі байымайды», деген бабамыз. Бұл жарыс ұлттық спортымыздың дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардақты тұлға Ізбасар Оразбақұлын еске алуға арналған сауапты бір шара еді. Алдағы уақытта ұлттық спорттың қанат жая түсуіне үлес қосар дүниеге келген бұл турнир  республикалық деңгейге көтерліп жатса нұр үстіне нұр болмақ еді.

     

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ

    ФОТО: Қуантқан САПАРОВ

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *