• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Жүгірудің  денсаулыққа шипасы зор

    Әрбір спорт түрін алып қарасақ та, біссіміләсі дене құрылысын қыздырудан басталары белгілі. Турасын айтқанда, жүгірудің денсаулыққа берер  пайдасы зор екендігін жақсы білеміз. Мысалы, аты әйгілі палуан Дәулет Тұрлықанов жаттығуда аянбай тер төгу арқылы белгілі бір нәтижеге қол жеткізетінін айтады. Сондай-ақ, атақты палуан жүгірудің кәсіби спортшы үшін маңызы зор екендігін айтп келе, өзі де жаттығу алдында ұзақ қашықтыққа  жүгіргенді жақсы көретіндігін кеңес ретінде сөз етеді. Расымен де көптеген палуандарырымыз сол жүгіруге мән бермегендіктің әсерінен бозкілемде ырсылдап, торсылдап демдері таусылып уақытынан бұрын шаршап қалып жатады. Сондықтан да жүгірудің жалпы спортшы болсын қарапайым салауатты өмір жолында жүрген адамдар үшін маңызы ерекше. Ал қарапайым  қала тұрғындарының салауатты өмір салты қалай ұстанып жатыр деген сұраққа, әзірге сол саланың құлағын ұстап жүрген жекелей федерациялар мен қала басшылықтарының жұмысынан байқауға болады.  Биылғы жылы Алматы қаласында жеңіл атлетика федерациясы құрылып, оның басшысы болып білікті де білгір маман Мұхит Әзербаев тағайындалғаны туралы барлық ақпарат құралдары жазған болатын.

    Қазіргі таңда шаһарда айтулы спорт түрінен көптеген игілікті шаралар ұйымдастырылып, қала жұртшылығын салауатты өмірге тартуда орасан жұмыс жасалынып келеді. Барды бар, жоқты жоқ деп айтқан орынды. Сондықтан да осы федерацияның басшысы болып келген Мұхит Бақытжанұлы Әзірбаевтың жас та болса, бас болып серпінді істерімен көптің ризашылығына бөленіп жүргені қуантады. Әрине, оңтүстік шаһарымызда жеңіл атлетикадан Ғұсман Қосаовты еске алуға арналған дәстүрлі  халықаралық аламан жарыс өткізіліп тұрады.  Бұл жарыстың жеңіл атлетика спортының дамуы үші қосары мол. Жеңіл атлетика аяулы қаламыз Алматыда  жаман деңгейде болған емес, дегенмен де арнайы спорт ғимарттарының тапшылығынан қаншама талантты  желаяқтарымыз сүйікті спортын тастап кетіп тасада қалып жататыны өтірік емес. Болашақта осы мәселені көтеру жолында жаңа бағдарламаларын ұсынып, қала тұрғындарының жүгірумен айналысатын орталықтардың құрылысын жаңғырту бағытында Алматы жеңіл атлетика федеарциясының басшысы Мұхит Әзірбаев терең мән беріп, қолға алмақшы екен. «Метеор» деген ұранмен ұйымдастырылғалы отырған жүгіру жобасына мұрындық болып отырғанның бірі де — Мұхит Әзірбаев. Ендеше алдынан жарылқасын дейміз.

    Айталық, осы аптаның аяғында Алматыда жеңіл атлетикадан көлемді бұқаралық дүбірлі шара ұйымдастырылғалы отыр. Бұл шара қала жұртшылығы мен қатар кәсіпқой спортшылардың арасында өтпек. «Метеор» деген ұранмен ұйымдастырылғалы отырған айтулы спорттық шараға  Алматы қаласы әкімшілігі, қалалық жеңіл атлетика федерациясы мен «Экстремалдық атлетика» біріккен орталықтары ұйытқы болған екен.

    Жарыстың ерекшеліктеріне тоқталсақ. Қарашаның 4-5 аралығында өтетін жарыс алдында қатысушылардың кәсіби шеберлігін арттыру жолында «Алматы аренада» жүгіруге ниетті  желаяқтарға ашық жаттығу өткен болатын. Ол жаттығуды жоғары деңгейдегі бірінші санаттағы жаттықтырушы   ҚР спорт шебері, жеңіл атлетикадан Халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпазы әрі жүлдегері Данил Ерещенко жүргізіп, жүгіру техикасын меңгерудегі біршама пайдалы кеңестерімен бөлісті. Шеберлік сабағына қатысқан 30-дан астам адам, 2 сағат бойы жүгіру кезінде эстафеталық таяқты қолдан қолға берудегі ұтымды сәттер мен қысқа және ұзақ қашықтықта жүгіру кезінде демді үнемдеудің түрлі техикасын  маманнан үйреніп, жарысқа  дайындықтарын шыңдады.  Кәсіби спортшылар әуесқойлар арасында өткелі отырған бұл жарысқа 14 жастан жоғары жекелей және командалық эстафета жарысы бойынша сынға түседі. Айталық, спортшылар мен әуесқойлар бұл жарыста  400м, 800 м, 1500 м, және 3000 м қашықтыққа жүгіруге қатысып, 400 м 4 адамнан немесе «Швед эстафетасы» деп атау алған сында аралас команданың құрамында жүгіру мүмкіндігіне ие болады. Хош, сонымен апта аяғында алматылықтарды тағы бір аламан жарыс күтіп тұр. Қатысып бағын сынамақ болған барлық желаяқтарға бір жағынан марапат, абырой атақ болса,  бір жағынан денсаулықтарын сауықтыруға зор мүмкіндік туғалы отыр.

    Ақын ОРДАБАЙҰЛЫ,

    АЛМАТЫ.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *