• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Астанада Халық батырына құрмет көрсетіледі

    Биыл Ұлт-азаттық көтерілісінің Бас сардары, Халық батыры Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл. Осыған орай  Астана қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы 3 сәуірде сағат 18.00-де  «ДАЛА ДАУЫЛПАЗЫ» атты академиялық концерт ұсынады.

    Концертте симфониялық оркестр мен этно-фольклорлық ансамбль бірлесіп, алғаш рет синтезделген формада өнер көрсетеді. Бұл — Қазақстанда алғаш рет жасалып отырған экспериментті концерт.

    Халық батыры Амангелді Имановқа танымал композиторлар музыка арнады. Опералар, симфониялар жазылды. Классик композиторлар М.Төлебаев пен Е.Брусиловскийдің «Амангелді» операсы, қытай композиторы Си Синхайдың «Амангелді» симфониясы соның айғағы.  Сондай-ақ, Әблахат Есбаев, Латиф Хамиди, Борис Ерзакович, Дмитрий Мацуцин, атақты күйші Сүгір сынды композиторлардың шығармалары Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. Ал арияларды қазақ опера өнерінің негізін қалаушылар Манарбек Ержанов, Муслим, Ришад Абдуллиндер, Ермек Серкебаев, Суат Абусейтов, Рашит Мұсабаев, Кәукен Кенжетаев мен басқа да өнерпаздар орындаған. Осы аталған шығармалар қайта өңделіп, концертте жаңа дауыста әуелейтін болады. Сондай-ақ, елімізге танымал композиторлар Марат Бердіғұлов, Серік Әбдинұров, Айтбай Мұздаханов, Шолпан Қорғанбек, Айсұлу Тани, Ертай Бакировтің де шығармаларын тыңдайсыздар.

    Қай заманда болмасын, азаматтың рухын көтеретін, жігерлендіретін жорық жырлары, әскери-патриоттық әндер өскелең ұрпаққа ауадай қажет. Осы тұста айтып өтейін, қазақ музыка өнерінде Амангелді батырға арналғандай көп шығарма жазылмаған шығар. Әлі де жазылып келеді. Біз филармония музыканттары ұзақ жылдар бойы мұрағатта жатып қалған ноталық және аудио жазбаларды қалпына келтіру бойынша үлкен жұмыс жүргіздік. Бұл қиындығы мол, табандылықты, шыдамдылық пен ұқыптылықты қажет ететін үлкен іс. Жұмыс ноталық редакция, жаңа аранжировка, жаңа аспаптық өңдеу, симфониялық оркестр мен фольклорлық ансамбльдің жаңа дыбыстық синтезінің үндесуі бағытында жүргізілді. Біздің міндетіміз – бұл классик композиторларымыздың және жас композиторлардың  Амангелді Имановтың көркемдік бейнесін ашуға арналған шығармаларын елімізде ғана емес, шетелдерде де насихаттау. Мен де бұл концерке ерлік пен өрлікті, ұлтына да сүйспеншілікті баяндайтын шығарма жазып, сол еңбегімді Амангелді Иманов атамыздың рухына арнап отырмын, -деді «Қорқыт» этно ансамблінің көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбек».

    Концертке Астана қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі, «Қорқыт» этно ансамблі, Үрлемелі оркестр, «Наз» мемлекеттік би театры, жеке орындаушылар: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Анар Мұздаханова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Алтынбек Әбілда, Халықаралық байқаулардың лауреаттары: Талғат Аллабиринов, Алтынбек Арыстанбек, Нұрсәт Алмас, Жандос Иманбай, Айдос Оңғарбай, Нұржан Мейірхан қатысады.

     

    Астана қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының баспасөз қызметі

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *