• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Отандастарымызды жеңіспен қуантамыз – Ярослава Шведова

    Теннистен Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова мен команда мүшесі Юлия Путинцева БАҚ өкілдеріне Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңі аясында Польшамен өтетін матч қарсаңында сұхбат берді.

    Ярослава Шведованың айтуынша, 14-15 сәуірде Астанада болатын Қазақстан – Польша матчының маңызы зор.

    Біз өз елімізде жарысқа қатысып жатқанымызға қуаныштымыз. Польшамен ойында барымызды салып, жеңіске жетуге тырысамыз. Отандастарымызды жеңіспен қуантамыз. Әрине, ел намысын қорғау үлкен жауапкершілікті жүктейді. Алдын ала жеңеміз деп болжам жасау мүмкін емес. Қарсылас команданың құрамы қандай болатынына қарамастан, матчқа тастүйін дайынбыз. Екі жыл қатарынан Астанада ойнап жатқанымызға қуаныштымыз. Біз биыл өткен жылғы нәтижені қайталағымыз келеді. Қыздардың көңіл-күйі көтеріңкі, кортқа үйреніп, ойындарға дайындалып жатыр. Жас теннисшілер ойнайды ма? деген сұраққа келсек, ең әуелі тәжірибелі теннисшілерді ойынға қосамыз. Егер үш ойында мәселе шешілсе, онда олардың бабына қараймыз. Бізде бәрі де жекелей және жұптық сында кортқа шығуға дайындалып жатыр, — деді Шведова.

    Кездесуде Путинцева топырақ төсенішіндегі маусымның басталғанын айтты.

    Төсенішті таңдаған кезде бізге қайсысы көбірек қолайлы, соған сүйендік. Негізі қандай төсеніш, қандай корт болса да, біз әр жарысқа тезірек бейімделуге тырысамыз. Дайындық ойдағыдай. Кеше және бүгін екі сағаттай ойнадым. Жаттығу кешке де жалғасады. Өз ойынын табу үшін біреуге бір, екіншісіне екі немесе үш сағат жеткілікті болуы мүмкін. Әркімнің қарым-қабілеті әртүрлі. Ең бастысы, жеңіс үшін барымызды саламыз, — деді ол.

    Польша командасының капитаны Давид Цельт Қазақстан командасының шеберлігін бағалап, құрамада Ига Швентек пен Магда Фрехтің жоқтығын айтты.

    Біз Қазақстанға алғаш рет келіп отырмыз. Осы ойында алға қойған мақсатымыз бар. Әрине, біздің теннисшілер Қазақстан спортшыларымен иық теңестіре бәсекелескісі келеді. Дегенмен бұл командалық ойын болғандықтан жеңіске жетуге болады. Қарсыластарымыз осал емес. Өте тәжірибелі команда. Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Анна Данилина сияқты ойыншылармен терезесі тең ойнау – біз үшін үлкен құрмет.

    Біз Қазақстан құрамасын жақсы білеміз. Елена Рыбакинаның бабы тамаша, шеберлігі артып келеді. Маған оның ойыны өте ұнайды. Юлия Путинцева – күш-жігері мықты теннисші, әсіресе, топырақ төсенішінде. Анна Данилина жұптық сында өткен жылы Австралия чемпионатының финалына дейін жетті. Дегенмен бұл командалық жарыс болғандықтан, бәрі де болуы ықтимал. Құрамда Ига мен Магданың жарақатына байланысты болмауы бізге анау айтқандай проблема емес. Біз бұл жұптың фавориті емеспіз. Сондықтан қысым көрсетілмейді. Осы басымдықты пайдаланып қалуға тырысамыз, — деді Цельт.

    Астанада өтетін Қазақстан – Польша матчының жеребесі 13 сәуір, бейсенбі күні тартылады.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    ФОТО: Қазақстан теннис федерациясы

    АСТАНА

     

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *