• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Аланна Берікқызы мен Әмина Қайырбекова шахматтан әлем чемпионы атанды

    Грекияның Родос қаласында мектеп оқушылары арасында шахматтан әлем чемпионаты аяқталды. Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, 14-22 сәуір аралығында өткен шахмат додасына 7-17 жас аралығындағы 500-ден аса оқушы қатысты.

    Бұл жарыста Қазақстан құрамасы жүлде саны жағынан бірінші орын (2 алтын, 2 күміс, 5 қола) алды. G09, яғни 9 жасқа дейінгі ойыншылар арасында классикалық шахматтан Аланна Берікқызы мен Әмина Қайырбекова чемпион атанды. Аланна Берікқызы швейцариялық жүйе бойынша 9 партияның сегізінде жеңіске жетті. Ол шешуші матчта негізгі қарсыласы – моңғолиялық Целмуун Идерден (8 ұпай) басым түсті. Жалпы, бұл жас санатында 41 ойыншы сынға түсті. Осы тұста Аланна бір жарым жылда 4-разрядтан әлем чемпионы атығына дейін жетіп отыр. Осы нәтижесінің арқасында қазір Аланна Берікқызы G09 бойынша FIDE рейтингінде бірінші орынға көтерілді.

    Әмина Қайырбекова 17 жасқа дейінгі санатта 8 кездесуді ұтып, түркиялық Зейнеп Чифтинді (7,5 ұпай) артта қалдырды. Үздік үштікті қарсыластарын 6 рет ұтып, бір рет тең түскен тағы бір түркиялық Элифназ Акат (6,5 ұпай) түйіндеді.

    Топ жарған Аланна Берікқызына бас жүлдені белгілі шахматшы Жан-Мишель Рапэр, ал Әмина Қайырбековаға Родос қаласы губернаторының орынбасары Каллистос Диакогеоргиу табыс етті.

    Күміс жүлдені Нұрәлі Нуршин (U07 жас санаты, 7,5 ұпай) мен Айсұлтан Бисалиев (U09 жас санаты, 7) иеленді.

    Қола жүлдені Ризат Ұлан (U07 жас санаты, 7 балл), Әлімжан Жауынбай (U09 жас санаты, 7 ұпай), Данис Қуандықұлы (U11 жас санаты, 6,5), Эдгар Мамедов (U13 жас санаты, 7) пен  Далия Диасқызы (G11 жас санаты, 6,5) алды.

    Жүлде саны жағынан екінші орынға Түркия құрамасы (3 алтын, 2 күміс, 2 қола) жайғасса, үшінші орынды Моңғолия командасы (2 алтын, 3 күміс, 1 қола) иеленді.

     

    Дастан КЕНЖАЛИН,

    АСТАНА

    Жауап жазу Аноним Қайтып алу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *