• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Атырауда апайтөс палуандар күресі аяқталды

    Атырау облысы, Исатай ауданының орталығы Аққыстау ауылында дзюдо жəне қазақ күрестерінен Исатай ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Бақтығали Ғұбайдуллинді еске алуға арналған турнирдің түйе палуандар сайысы мəреге жетті.

    Бұл сайысқа 17 палуан қатысып, бақтарын сынады. Олардың арасында Руслан Əбдіразақов, Ержан Шынкеев секілді мықтылар болды. Өкінішке орай, Ержан алғашқы белдесуінде оралдық Темірлан Көлбаевтан ұтылса, Руслан екінші белдесуінде грузин Григорий Кавтарадзеге есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалды.
    Финалға жолдама үшін белдесуде оралдық Олжас Сүлейменов грузин палуанын қапы қалдырды.
    Алайда финалда Олжасты алматылық Дəурен Нұралинов ұтып, турнирдің түйе палуаны атанды. Үшінші орын үшін болған белдесуде Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының тумасы Темірлан Көлбаев Грузиядан келген адуынды палуан Кавтарадзедені ұтып, қола жүлдеге қол жеткізді.
    Жалпы, грузин палуанын ерекше атап өтуге болады. Қазақ күресін өте шебер меңгерген екен. Бас жүлдеге лайықты өнер көрсетті.
    Ғұбайдуллиндер отбасы атынан автокөлік кілтін жеңімпаз палуанға аудан әкімі Марат Мурзиев пен Бақтығали ағамыздың ұлы Абат Ғұбайдуллин табыс етті.
    Екінші орын алған палуанға 300 000, ал үшінші орынға 200 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық берілді.
    Төртінші орынға ие болған грузин палуанын да ұйымдастырушылар сый-сияпатсыз қалдырмады.
    Сонымен қатар ақтөбелік Жолмырза Əлімжан «Турнирдің ең жас палуаны» атанса, атыраулық Азамат Қалиев «Болашағынан үміт күттірер палуан» жəне қызылқоғалық Руслан Ізғалиев «Жеңіске деген жігері үшін» номинациясының иегерлері атанып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
    Қорыта айтар болсақ Аққыстауда өткен турнир өте жоғары деңгейде өтіп, ауыл тұрғындарына тамаша спорт мерекесін сыйлады. Бақтығали ағамыздың ұлы Абат ағамыздың айтуынша, турнир алдағы уақытта жалғасын табатын болды.
    Жеңісті күндер көп болсын ағайын!

    Мұсағали ТАСҚАЛИЕВ,

    Аққыстау ауылы

    Исатай ауданы

    Атырау облысы.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *