• Қазақ
  •   
  • Qazaq
  •   
  • قازاق
  •   
  • Рус
  •   

    Әлем чемпионатындағы сегізінші күнгі нәтиже: 2 жеңіс, 1 жеңіліс

    Ташкентте өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының сегізінші күні Қазақстанның екі былғары қолғап шебері жеңіп, бір боксшысы жеңіліске ұшырады. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

    Бүгін 54 келіге дейінгі саңлақтар – 1/16 финалдық, ал 48, 60, 86 және 92 келіге дейінгі салмақтардағы атлеттер 1/8 финалдық жекпе-жектерін өткізді.

    Бізден 54 келіге дейінгі салмақтағы Махмұд Сабырхан күндізгі сессияда рингке бірінші болып шығып, венгр Иштван Закамен күш сынасты. Үш раундтың қорытындысы бойынша біздің оғлан айқын басымдықпен жеңіске жетті. Сөйтіп, Махмұд Ташкент рингіндегі алғашқы айқасын жеңіспен аяқтады.

    Кешкі сессияда 48 келіге дейінгі салмақтағы Санжар Тәшкенбай өзбек Шодиержон Меликузиевпен кездесіп, оны 4:1 есебімен тізе бүктірді. Негізі, қазақстандық боксшы бәсекелесінен едәуір басым болды. Тіпті екінші раундта алаң иесін нокдаунға да жіберді. Сондықтан таблодағы есеп алаңдағы ахуалмен сәйкес келмейді. Өзбек боксшына көрер көзге жалған ұпай беріп отырған ресейлік төреші болып шықты.

    Бұдан кейін 86 келіге дейінгі салмақтағы Сағындық Тоғамбай да өзбек боксшысымен қолғап түйістірді. Өкінішке қарай, бұл шайқаста біздің ұлан жеңіліске ұшырады. Былай келгенде, Шохжахон Абдуллаев одан аса бір басым бола қойған жоқ. Бірақ бірінші раундта тепе-тең ойынның сипатында қапталдағы төрешілер жеңісті түгел өзбек жігітіне беріп жіберді. Содан кейін мұның орнын толтырып, есе қайтару қиын болды. Алайда, ашығы керек, Сағындық жеңіске айтарлықтай құштарлық та таныта қоймады. Осы пассивтік те қорытындыда жеңіліске себепші болса керек.

    Сонымен, Қазақстан құрамасы сапынан Сәкен Бибосынов (51 кг), Талғат Сырымбетов (60 кг), Санатәлі Төлтаев (63, кг), Айбек Оралбай (92 кг) және Сағындық Тоғамбай (86 кг) атты жігіттер жарыс жолынан шығып қалды.

    Ертең, 9 мамыр, чемпионаттың тоғызыншы күнінде шаршы алаңға 51, 54, 67, 71, 75, 80 келіге дейінгі салмақтардағы боксшылар көтеріліп, 1/8 финалдық текетірестерге қатысады.

    Осы күні бізден күндізгі сессияда 71 келіге дейінгі салмақтағы команда капитаны Асланбек Шымбергенов израильдік Мирослав Карулермен, 80 келіге дейінгі салмақтағы Нұрбек Оралбай түрік Каан Айкутсынмен, кешкі сессияда 54 келіге дейінгі салмақтағы Махмуд Сабырхан үндістандық Сачин Сачинмен, 67 келіге дейінгі салмақтағы Дулат Бекбауов келесі бір үндістандық Акаш Акашпен, 75 келіге дейінгі салмақтағы Нұрқанат Райыс бразилиялық Уандерей Перейрамен ширек финалға шығу жолында шайқасады.

    Ал бүгін 1/8 финалда жеңіске жеткен Санжар Тәшкенбай 10 мамырда болатын ширек финалда жапон Казума Аратакемен жұдырық сілтеседі.

    Чемпионатта 10 мамырда – 1/4 финалдық жекпе-жектерге кезек келеді, 11 мамырда бокшылар тынығады, 12 мамырда жартылай финалдық айқастар өтеді, ал финал 13-14 мамыр күндері ойналады.

    Чемпионаттан трансляция Астана уақыты бойынша 14.55-18.00 және 18.55-22.00 сағаттар аралығында «Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

    Пікір жазу

    Your email address will not be published. Required fields are marked *

    *